Әлем • 01 Сәуір, 2019

Украина президентін анықтай алмады

718 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

31 наурыз күні Украинада кезекті президент сайлауы өтті. Ел басшысы атануға бірден 39 кандидат таласты. Сайлаушылардың 63,48% келіп, өз дауысын берген. Алайда сайлаудың бірінші кезеңінде 50 пайыз дауыс жиып, топ жарған кандидат жоқ. Ал келесі кезеңге екі үміткер өтті.

Украина президентін анықтай алмады

Алғашқы нәтиже. Украинадан жеткен соңғы жаңалықтарға сенсек, Орталық сайлау комиссиясы бюлетендердің 15%-ын өңдеп үлгерген. Оның нәтижесі мынадай: актер Владимир Зеленскийге халықтың 30,01 пайызы дауыс берген, екінші орында 16,76 пайыз қолдау тапқан қазіргі президент Петр Порошенко, үшінші – экс-премьер-министр Юлия Тимошенко, оған 13,48% азамат қолдау білдірген. Кейінгі орындарда Юрий Бойко (11,32%) және  Анатолий Гриценко (6,89%). 

Сайлаудың бірінші кезеңінің нәтижесі осындай болары кеше кешке белгілі болды. Себебі Украинаның "Демократиялық бастамалар", КМИС және Разумков орталығы секілді беделді социологиялық топтары бірігіп, Ұлттық экзит-пол өткізіп, нәтижесін жариялаған еді. Ол сауалнама (экзит пол) бойынша да В.Зеленский (30,4%) топ бастаған, П.Порошенко (17,8%) кейінгі орынға жайғасса, үштіктің соңында Ю.Тимошенко (14,2%) қалған. 

Экзит пол нәтижесі шыққан соң П.Порошенко оған қатысты өз ойын айтты. «Біз тек қана президентті ғана емес, Бас қолбасшыны да сайлап жатқанымызды еске саламын. Ертең Донбасс мәселесінде келіссөз жүргізуге Максим Галкин не Евгений Петросян емес, Путин келеді»,- деп елін ескертуге тырысты. Басқаша айтқанда, комик Зеленскийдің күрделі саяси істерді шешуге өресі, тәжірибесі жетпейді дегенді жеткізгісі келгендей. В.Зеленский де қарап қалмады: «Екінші кезеңге кіммен шығатынымыз маңызды емес. Ешкіммен ешқандай келісім жоқ, ешкіммен қосылмайтынымызға сендіргім келеді. Біз жаспыз, еліміздің өткенінде болғанды енді келешегімізде көргіміз келмейді», деді ол. Яғни, Порошенконы місе тұтпайтынын, оның уақыты өткенін баса айтқысы келгендей болды. Оған қоса, кешке Ю.Тимошенко В.Зеленскиймен келесі кезеңде бірігеді деген сыбыс тарады. 

Сонымен, Украина электораты сайлаудың бірінші кезеңінде өз президентін анықтай алмады. Заңға сәйкес, келесі кезеңге ең көп дауыс жиған қос үміткер өтеді. Екінші кезеңде көп дауыс жиған кандидат президент атанады. Орталық сайлау комиссиясы бюлетендердің 100 пайызын есептеп барып, екі есімді атайды. Алайда қазірден-ақ ол В.Зеленский мен П.Порошенко болары анық. 

Жыл бойы жүрген дода. Жалпы сайлау додасы жоғарыда аталған үш кандидаттың арасында жүретіні күзде-ақ белгілі еді. Себебі президент сайлауы жақындаған сайын Украинадағы әлеуметтанушылар сауалнаманы тұрақты түрде жүргізіп отырды. Егер сол сауалнама нәтижесіне жүгінсек, украин халқының көңіл-күйі, қалауы жыл бойы өзгеріп отырды. Мәселен, жазда саяси рейтингте Петр Порошенко президент мәртебесіне қарамай, тек алтыншы еді. Ал Ю.Тимошенко күзде топ бастап келе жатқан. Дегенмен, соңғы уақыттағы оқиғалар электораттың көзқарасын өзгерткен секілді. Айтпақшы, бұл сайлауда ресейшіл кандидат Юрий Бойконың 4-ші орынға тұрақтағанын да айта кету керек. Ресей Қырымды тартып алып, Донбаста соғыс ашқанына қарамай, жақында ол Дмитрий Медведевпен кездесіп, екі жақты қарым-қатынасты талқылады. Мәскеу осы кездесуді ұйымдастыру арқылы өзіне бүйрегі бұратын кандидатқа саяси қолдау білдіргісі келгендей. 

Келесі кезең кандидаттары. Неге Зеленский? Актер, комик, продюсер Владимир Зеленскийдің көк экраннан билік олимпіне ақырын жылжып келе жатқанына куә болып отырмыз. Бірақ неге украин халқы саяси тәжірибесі, жеке командасы жоқ, кісі қызығарлық саяси бағдарлама ұсына алмаған комедиант актерді президент көргісі келеді. Оның бірнеше себебі бар секілді. Біріншіден, ол Украинаға «95 квартал» шоуы және «Халық қызметшісі» сериалы арқылы танымал. Бұдан басқа бірнеше фильмге де түсті. Былтыр Украинаның тек 6 пайыз азаматы ғана оны танымаймын деген. Бір сөзбен айтқанда, Зеленский өз елінде өте танымал медиа тұлға. Екіншіден, «Халық қызметшісі» атты сериал саяси жанрда түсірілген. Сериалдың рейтингісі өте жоғары. Өйткені Зеленский ойнайтын бас кейіпкер Василий Голобородько қатардағы ұстаздан аяқасты президент атанып, елдің армандаған мемлекет басшысына айналады.

Сериалда Украинаның ішкі проблемалары анық көрсетіледі. Яғни, бейсаналы түрде халық кейіпкер Голобородько мен Зеленскийді байланыстырып, ол өз кейіпкері сияқты президент болады деп үміттеніп отырған болар. Үшіншіден, сарапшылар Украина халқы сонау 2004 жылғы сары-қызғылт революциядан бері келе жатқан бұрынғы саясаткерлерден шаршады, олардың үміті ақталмады, сондықтан электорат тың есімді көргісі келеді дейді. 

Айтпақшы, актерды кейбір саяси элитаның өкілдері қолдап, арнайы жоба ретінде дайындады ма деген күдік те болды. Зеленскийдің артында белгілі олигарх, миллиардер Игорь Коломойский тұр деген болжам бар. Себебі Зеленскийдің сериал мен шоулары Коломойскийге қарасты «1+1» телеарнасында шығады. Ал былтыр Зеленскийдің президенттік сайлауға қатысу туралы ресми мәлімдемесін сол телеарна 31 желтоқсанда түнгі сағат 12-де президент Порошенконың жаңа жылдық құттықтауының орнына берді. Осы әрекеттен-ақ Коломойский жоспарын іске асыруға кірісті деп ой атқандар болды. 

Петр Порешенко. Петр Порешенко - қазіргі президент, миллиардер. Майдан жеңіске жеткен соң Украина халқы, Батыс саясаткерлері Порошенкодан үлкен реформалар күтті. Ия, оның айтарлықтай жетістігі бар. Бірақ өз халқының Порошенкодан қатты көңілі қалғанын көптеген сарапшылар айтып келеді. Мәселен, жемқорлық бұл елде әлі азаймады. Коммуникалдық тарифтер де қымбат. Олигархия – шешілмеген сұрақ. Украина Еуропадағы ең кедей елдер тізімінде.  Поршенконың Қырымды қайтармауы, Донбастағы соғысты тоқтата алмауы да оның абыройын түсірді. Жаңа жылдағы демалысын үнемі Мальдив аралдарына барып өткізуін елі аса жақтыра қоймаған шығар.

Бірақ ол жаздағы саяси рейтингте 6-шы келе жатқан соң халық  арасында қолдауын көбейту үшін бірнеше қадамдар жасады. Біріншіден, Орыс православ шіркеуінен Украин шіркеуін бөліп алды. Оған Константинопольдегі негізгі шіркеу рұқсат берді. Екіншіден, Азов теңізінде Украина теңізшілерін Ресей шекарашылары тұтқындаған кезде, Порошенко бірден елінде әскери жағдай жариялап, халқын Ресейге қарсы біріктіруге тырысты. Бірақ сырттай мұның барлығы имидждік пиар қадам, сайлауда жеңудің амалы деген бағаны өз еліндегі сарапшылар да, басқалар да айтып жатты. Яғни, Порошенко халықтың діні, тілі және армиясына негізделген патриоттығы арқылы сайлауда жеңіске жетуді көздеді. Енді сайлаудың келесі кезеңінде Зеленскийді жеңі үшін ол қазіргі электорат қолдауын екі есеге көбейтуіне тура келеді. 21 күнде ол мүмкін бе, жоқ па?

Сөз соңында. 21 сәуірде өтетін сайлаудың екінші кезеңіне қос кандидат Владимир Зеленский мен Петр Порошенконың өтетіні белгілі. Бірақ билікке кім келсе де, оның алдында шешілмеген сұрақтар аз емес. Халықтың Еуропаға ұмтылған үмітін ақтау, Қырымды қайтару, Донбастағы соғысты тоқтату, жемқорлықты азайту, экономиканы көтеру, олигархиямен күрес, жаңа реформалар, алынған мемлекеттік несиелерді қайтару, кедейлік пен жұмыссыздықты азайту және тағысын тағылар. Мұны кандидаттар да, Украина халқы да жақсы түсінеді. Оған қоса, 1 сәуір күні 1997 жылы қол қойылған Украина мен Ресей арасындағы Достық, ынтымақтастық және серіктестік туралы келісім өз күшін тоқтатты.