Кәсіпкерлер құқығы – Елбасы назарында
Бейсенбі, 26 қаңтар 2012 7:39
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2011 жылы ашылған «Президенттің бизнесті қорғауы» атты сайтына кәсіпкерлерден келіп түскен арыздар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тұрақты бақылауында болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Бизнес қоғамдастығының заңды құқықтары мен мүдделеріне қадағалау-бақылау және құқық қорғау органдары тарапынан нұқсан келтірген жағдайларды болдырмас үшін «Президенттің бизнесті қорғауы» атты сайтының арнайы тарауы жұмыс істеуде.
Бейсенбі, 26 қаңтар 2012 7:39
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2011 жылы ашылған «Президенттің бизнесті қорғауы» атты сайтына кәсіпкерлерден келіп түскен арыздар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тұрақты бақылауында болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Бизнес қоғамдастығының заңды құқықтары мен мүдделеріне қадағалау-бақылау және құқық қорғау органдары тарапынан нұқсан келтірген жағдайларды болдырмас үшін «Президенттің бизнесті қорғауы» атты сайтының арнайы тарауы жұмыс істеуде.
Өткен жылы сайтқа 2123 арыз келіп түсті. Оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтары бұзылғаны туралы 347 шағым тіркелді. Қалған 1776 шағым сайттың тақырыбына сай емес болғандықтан, өтініш иелеріне қолданыстағы заңдарға сәйкес құзыретті органдарға шағымдану мүмкіндіктері бар екені түсіндірілді, оның ішінде 183 арыз бақылауға алынды. Шағымдардың 78 пайызы бойынша орталық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне наразылық білдірілген болса, оның ішінде ең көбі Қаржы полициясы агенттігі мен Бас прокуратура – 60-тан (22%-дан), Қаржы министрлігі 55 (20%) қызметкерінің заңсыз әрекеттері туралы жазылған.
Жергілікті билік органдары қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлердің құқықтары шектелуіне наразылық білдірген шағымдар сайтқа келіп түскен барлық шағымдардың 22 пайызын құрайды. Оның ішінде басым бөлігі Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының – 8 (11%), Алматы – 8 (11%) және Астана (9) (12%) қалаларының әкімдіктері қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне арызданғандар.
Өтініштерді талдау нәтижесінде кәсіпкерлердің Елбасының атына шағымдануының басты себептері салық заңнамасының бұрмалануы, мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізу барысында орын алған заң бұзушылықтар, мемлекеттік меншікті жекешелендіру кезіндегі теріс іс-әрекеттер екендігі анықталды. Сонымен қатар, тергеуалды тексерістер жүргізу кезінде кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салу, қылмыстық істерді тергеу барысында процессуалдық заңнаманың сақталмау фактілері бойынша да шағымдар көп.
Кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер Президент Әкімшілігінің бөлімдерінде алдын ала мұқият қаралып, Президент Әкімшілігінің Басшысы берген тапсырмалар бойынша жаппай бақылауға алынды.
Жан-жақты тексеру жүргізіп, нақты шешім қабылдап, Президент Әкімшілігіне жауап беру үшін шағымдардың 195-і Бас прокуратураға, 47-сі Қаржы министрлігіне, 15-і Қаржы полициясына, 9-ы Алматы қаласы мен 8-ден Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне жіберілді.
Есептік мерзімде мемлекеттік органдар 385 шағымды қарап, сайт арқылы олардың авторларына жауап берілді. Оның ішінде 93 шағым қанағаттандырылды, 13 шағым негізсіз деп табылды, қалғандарына түсініктеме беріліп, олардың мәселелері заңмен белгіленген тәртіп бойынша шешілетіні хабарланды.
Мысалы, Елбасының атына арызданғаннан кейін «ОВПП Мерей» ЖШС-нің директоры Г.Хамзинге құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат беру мәселесі шешілді, Ақтөбе облысының кәсіпкері А.Баешовтің өтініші бойынша облыс орталығындағы «Шығыс», «Мега Шығыс» базарларының қызметіне салықтық тексеру жүргізіліп, бюджетке қосымша 16 234,9 мың теңге өндірілді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында тұратын кәсіпкер О.Жақсыбаевадан салықты негізсіз төлеу талап етілгені расталып, аудандық салық басқармасының бас маманы аталған фактілерге жол бермеу жөнінде жазбаша ескертілді. «Көкшетау Хлебстрой» ЖШС-нің директоры А.Одиноковтың, «Универсал-сервис» ЖШС-нің директоры Т.Бенештің, «Мұқанова» ЖК-ның директоры Г.Мұқанованың және басқалардың шағымдарында келтірілген тексеру барысының созбалаңға салынғаны, жүргізілген тергеу әрекеттерінің толық болмағаны және қылмыстық істің қысқартылғаны туралы қаулының уақтылы хабарланбағаны жөніндегі деректер расталды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің 61 шағымы бойынша заңсыздықтарға жол берген 31 құқық қорғау органдарының және 41 орталық және жергілікті билік органдарының қызметкерлері тәртіптік, ал 2 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкерлер құқығының бұзылуына жол бергені үшін Көкшетау қаласы прокурорының орынбасары Қ.Омаров, Алматы облысы Қарасай ауданы прокурорының көмекшісі М.Жартиев, Маңғыстау облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің аға инспекторы Ж.Тағаниязов қызметтерінен босатылды. Қарағанды облыстық Салық департаменті қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жөніндегі тек қана бір өтініш бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде көрсетілген фактілер расталып, заң бұзушылыққа жол берген 10 лауазымды адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру мен бақылауды әлсіреткені үшін құқық қорғау органдарының 26 басшысы мен қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.
Кәсіпкерлердің өтініштерінің қаралуына жедел ықпал ету мақсатында барлық аймақтарда Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша әкімдіктер, мемлекеттік, құқық қорғау органдары және Кәсіпкерлер одағы өкілдерінің ішінен жедел топтар құрылып, олар кәсіпкерлердің ісіне заңсыз араласу мәселелері бойынша 422 дабылды тексерді. Соның нәтижесінде 600 заң бұзушылық анықталды. Ал жүйелік негізде қабылданған шаралар 2010 жылмен салыстырғанда заңсыз тексерулердің санын 3 есеге төмендетуге жағдай жасады.
Жедел топтардың қызметі және «Президенттің бизнесті қорғауы» сайтының жұмысы туралы барлық облыстарда ақпараттық материалдар орналастырылған және таратылуда. Кәсіпкерлерден сайтқа келіп түсетін шағымдардың толық, сапалы және уақтылы қаралуы Президент Әкімшілігінің тұрақты бақылауында.