– Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің тарихы Қазақстанның басқа аймақтарындағы мемлекеттік архивтерге қарағанда беріден бастау алатыны мәлім, өйткені оны құру елорданы көшіру жөніндегі іс-шаралармен тікелей байланысты.
Ақмола қалалық мұрағаты негізінде қала әкімінің 1995 жылғы 23 қарашадағы шешімімен Астана қаласының мемлекеттік архиві құрылды. Алғашқы кезеңде Көкшетау қаласындағы Ақмола облысы мен Астана архивтері арасындағы архив қорларын, ұйым құжаттарын бөлу бойынша үлкен жұмыс атқарылды.
– Мұндағы тарихи дерек көздері қай кезеңдерді қамтиды?
– Бүгінгі таңда архивімізде бірегей құжаттық мол қазына қоры жинақталған, бұларсыз Қазақстан тарихын елестету мүмкін емес. Қысқаша айтқанда, Қазан төңкерісі, Кеңес Одағының құрылуы, ұжымдастыру, ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңдеріндегі тыл өмірі, көші-қон, депортация, тың жерлерді игеру, қалалардың дамуы, ауыл шаруашылығы, ғылым мен мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау саласы туралы 1917 жылдан бастап бүгінге дейінгі ақмолалықтардың саяси, экономикалық және мәдени өмірінен сыр шертетін құжаттар сақтаулы.
– Нұр-Сұлтан архивінің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз?
– Бүгінде архивтің толық тізімі жасалып, оған 203 мемлекеттік және 120 мемлекеттік емес заңды тұлғалар қамтылды. Бұдан басқа, архивті жеке текті құжаттармен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Майдангер ардагерлердің, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, жазушылар мен ғалымдардың, сондай-ақ елорданың дамуына елеулі үлес қосқан басқа да белгілі тұлғалардың, барлығы 84 азаматтың құнды құжаттарымен архив қоры толыға түсті.
Архив мәртебесін арттыру мақсатында өткен жылы заңнамаға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Негізгі заңға тәуелді құжаттар – мемлекеттік, ведомстволық архивтердің жұмыс ережелері, құжаттау жөніндегі ережелер Үкіметтің қаулысымен бекітілді, сол арқылы аталған ережелерді барлық ұйымдардың орындауы мен қолдануына міндеттілік жүктелді.
Сонымен қатар заңнамалық деңгейде ақылы қызмет көрсететін біраз мәселенің шешімі табылды, Бюджет кодексіне сәйкес халыққа қызмет көрсету мүмкіндігін иеленді. Мұны қазір қалалық архив Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен мәслихаты-ның тиісті құрылымдарымен бірге тиянақтау үстінде.
– Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ата-бабаларымыздың өмірі туралы құжаттық деректерге сараптамалық қоғамдастық үшін де, кең жұртшылық үшін де қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін алға қойған болатын. Бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Архивтің міндеті құжаттық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етумен шектелмейді, әрине. Тарихи нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін мұнда көбіне негізінен тарихшы-ғалымдар, студенттер, магистранттар, сондай-ақ қандай да бір заңды фактілерді растауды қажет ететін азаматтар жүгініп жатады.
Өкініштісі, туған өлкенің тарихын танып-білгісі келетін қалалықтар әлі де жоқтың қасы. Сонымен қатар архивтердің кейде азаматтарға қызықты ақпаратты жедел тауып бере алмай жататынын баса айтып өткім келеді. Бұл – негізінен біліктілігі жоғары архивші-мамандардың аздығынан, архивтердің материалдық-техникалық жабдықталуының төмендігінен, цифрланған архив құжаттарының жоқтығынан туындап отырған жайт. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2019-2021 жылдарға арналған Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінің даму тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті.
Бекітілген құжат аясында бүгінде Нұр-Сұлтан архивін жаңғырту ісі басталды. Қалалық әкімдік архив қоймалары мен оқу залдарын орналастыру үшін қосымша үй-жайлар бөлді. Астананың «Цифрлық архивін» құру үшін қазіргі заманғы жабдықтар сатып алу және тиісті жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
«Архивтік анықтама беру» мемлекеттік қызметі әзірше тек қағаз түрінде жүзеге асырылады. Ақпарат көздерінің негізгі бөлігі қағаз негіздегі құжаттар болып табылады. Алайда, мемлекеттік қызметті толықтай автоматт-андырудың да ауылы алыс емес сияқты. Болашақта жаңғыртылған архивтер сұранысты автоматты режімде орындайтынына үміттіміз.
– Келешекте тағы қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда?
– Білікті мамандар даярлау мақсатында қалалық мұрағат Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, «Тарих және архивтану» мамандығын ашу үшін жұмыс жүргізе бастады. Осы мамандықты енгізу архив саласына қажет жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл еліміз архивтерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту үшін жас ғалымдарды тартуға мүмкіндік береді.
Өткен жыл республика үшін де, елорда үшін де маңызды оқиғаларға толы болды. 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.
Елбасының жастар саясаты саласындағы міндеттерін жүзеге асыру аясында Нұр-Сұлтан мұрағаты елорда жастарының қатысуымен іс-шаралар ұйымдастыру үшін интерактивті алаң құруды жоспарлап отыр. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының мұрағаты елорда тұрғындары мен қонақтары арасында ғимаратты пайдаланудың үздік тұжырымдамасы бойынша байқау жариялайды. Нәтижесінде біз алдағы уақытта тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, алаң дайындауды жоспарлаудамыз.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан архиві түрлі маңызды жобаларды өткізудің алаңына айналмақ. Мұнда өтетін дәстүрлі іс-шаралармен қатар (көрмелер, конференциялар, дөңгелек үстелдер және т.б.), биыл интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджер мүмкіндіктерін пайдалана отырып, онлайн форматта іс-шараларды іске қосады. Елорда тұрғындары мен қонақтары қатысуымен танымал жерлерде іс-шаралар өткізілетін болады. Мысалы, 2018 жылғы 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында өткізілген «Президент және Астана» фотокөрмесін тек 4 күн ішінде шамамен 35 000 адам тамашалады. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы», «Қазақстан Республикасының Президенті» ҰТРК, «Полимедия» ЖШС, «Keruen» ЖШС, «Business Event & Rent» сияқты бірнеше ұйымдармен бірлесіп фотокөрме ұйымдастырылды. Онда 1998-2018 жылдар аралығында астананың қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының рөліне арналған сирек кездесетін фотоматериалдар ұсынылды.
Тұжырымдаманы іске асыру, архив жұмысына жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ ауқымды ақпараттық жұмыс архив ісін әлемдік алдыңғы қатарлы үрдістер деңгейінде дамытуды қамтамасыз етуге, халыққа сапалы қызмет көрсетуге, архив материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді деп үміттенемін.
Өткенді бағаламай, бүгіннің шынайы болмысын, болашақтың мақсатын айқындау мүмкін емес екен. Архивтің халық үшін маңызды болатын себебі сонда. Өйткені ол – тарихи оқиғаларды тану мен ұғудың көзі. Архив – материалдық және рухани мәдениеттің жетістіктерін жинақтайтын, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін мүмкіндік. Сондықтан осынау қажетті игі істің өркендеуіне бәріміз бірдей мүдделі болуға тиіспіз.
«Egemen Qazaqstan»