Руханият • 02 Сәуір, 2019

Би әлемінің білгірі

1297 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егер оқи білсе, бидің бейнелі тілі­мен-ақ көп дүниені ұғып, ұғындыруға болады. Мәселен, сөз әлі пайда болмай тұрған ерте дәуірде адамдардың бір-бірімен ым-ишара арқылы ұғысуы – бүгінгі біз үздіксіз зерттеп, тануға талпынып келе жатқан би өнерінің бастауында жатса керек.

Би әлемінің білгірі
Қазақ би тілі арқылы салт-сана, күллі тұрмысын бейнелеген. «Қара жорға», «Қамажай», «Аңшының биі», «Жорға аю» сынды билер қазақ қалыбының қалтқысыз бөлшегіндей. Осыны терең ұғынған хореограф Анвара Садықова саналы ғұмырын хореография тілін тануға арнап, ғылыми тұрғыда жемісті нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Оның жаңашыл композициялары би әлемінде «қазақтың неохореографиясы» деген атаумен жақсы таныс. Бұл стиль ұлттық хорео­графияның тарихи дәстүрді жете­лей отырып, жаңа дәуір тынысынан қалыспауын меңзейді. Тіпті, аталған терминді ғылыми айна­лым­ға алғаш енгізген еңбегі үшін «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатарынан көрінді. 


«Неоқазақ» хореографиясы де­генді естіп, көпшілік: «Сонда бұл «жаңа қазақ» биі ме?» деп шатасып, дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Нео» – бұл жаңаша түр. Бірнәрсені жаңадан ойлап табу, шығару емес, өз заманыңның тынысымен жеткізу. Яғни мен би өнерінде бұған дейін қалыптасқан үлгі мен дәстүрді жалғастыра отырып, оған заманауи жаңашыл леп, бағыт әкелуге талпынып көрдім. Әрі оның ғылыми термин ретінде айналысқа енуіне мұрындық болдым. Әйтпесе, ескі мен жаңаның тоғысы қай дәуірде де болған. Ал бұл синтез көрерменге қазақ халқының салт-дәстүр, жалпы тұтастай ұлттық болмысының терең мағынасын жеткізуге мүмкіндік бе­реді», дейді А.Садықова. 


Анвара – қазақтың ұлттық би өнерін классикалық әрі заманауи хорео­­графиямен үйлестіре дамытушы педагог, зерттеуші. 9 жасында ең алғаш би әліпбиімен танысқан болашақ өнер жұлдызы Балқаштағы «Ветерок» ансамблінің құрамына қабылданады. Кейін Алматыға оқуға жолдама алады. Оның кәсіби хореография сала­сындағы алғашқы баспалдағы осылайша Балқаш қаласындағы шағын ғана би ансамблінен басталған бола­тын. Мұны кейіпкеріміздің өзі былайша еске алады: «Анам менің биге қатысатынымды естігенде, қы­зығушылығыма айрықша мән беріп, көңіл бұра қойған жоқ. «1-2 күн барады да, қояды ғой» деп ойласа керек. Өйткені ол кезде мен гимназиядағы оқуыммен қатар скрипка сыныбында сабақ алып жүрдім. Сондықтан да анам менен биші емес, болашақ музыкантты көруі де ғажап емес еді. Бірақ сәл кейінірек ұстаздарым анамды шақырып, мені Алматыға оқуға жіберуді ұсынды. Мұғалімдердің айтқанына құлақ асып, сөйтіп анам екеуміз Арқадан Алатаудың баурайына жол тарттық. Балалық шағым мен алғаш биге барған кезім жайлы сөз болғанда осы «Ветерок» би ансамблі мен ондағы ұстаздарым Иван мен Людмила Струсинскийлердің еңбегін ерекше құрметпен еске аламын. Бұл кісілер менің ғана емес, мен секілді өнерге құштар талай жастың жолын ашып, кәсіби би өнеріне жолдама берген ұлағатты жандар».


Алматыдағы А.Селезнев атында­ғы хореография училищесін үздік тәмам­даған биші еңбек жолын 2000 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында балет әртісі болып бастайды. Алайда кейін денсаулығына байланысты сахнадан қол үзеді. Білімін жалғастырып, ғылым жолына түседі. Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясына оқуға қабылданып, сол жерде Людмила Жуйкованың жетек­ші­лі­гімен магистрлік диссертациясын сәтті қорғап шығады. Сөйтіп шәкірт тәрбиелеу ісіне түбегейлі бет бұрады. «Педагог-хореограф болу мен үшін бұған дейін ашылмаған аралдай болып келген мүлдем бейтаныс, жаңа жолдарды ашты», дейді бұл жөнінде кейіпкеріміздің өзі. 


– Ұстаздық – мен үшін ең аяулы кәсіп, ұлағатты мамандық. Өйткені әр баланың тағдыры, болашағы үшін жауаптысың. Кезінде өзім де Қуа­ныш Жақыпова, Людмила Ли, Светлана Наурызбаева, Сара Көшер­баева, Александр Медведев, Бақыт Сүлеева, Алила Әлишева, Ғайникамал Бейсенова, Тойған Iзiм сынды білікті мамандардың алдын көріп, тәлімін алсам, бүгінде сол кісілердің маған берген ұлағатын шәкірттерімнің бойына сіңіргім келеді. Әрине, ХХІ ға­сырда өмір сүріп жатқандықтан, әлемдік би өнерінің қайда талпыныс жасап жатқанын көріп, оны қаласақ та, қаламасақ та қабылдаймыз. Осын­дай жаһандық жаңғыру тенденция­лары жүріп жатқан дәуірде шә­кірттерімнің, еліміздегі жастардың ұлт­тық биге қызыққанын қалаймын. Саналарына сәуле құйсам деймін. Сондықтан да олармен қазіргі заман­ғы, жастарға түсінікті тілмен сөй­лескім келеді. Сабақ барысында қазақ неохореографиясының қыр-сырын түсіндіріп, әр қимылдың ма­ғынасын аша түскен сайын, студент­терім­нің де ұлттық өнерімізге деген қызығушылығы оянып: «Солай ма? Тарихта осындай жағдайлар болды ма? Біздің мағынасы терең, жан-жақты дәстүріміз бар екен ғой» деп іздене түседі. Олардың ұлттық дәс­түрімізге қызыққанын көріп, мен де өзімді бақытты сезінемін. Шә­кірттерімнің тамырын танып, қазақ­тың­ төл өнеріне қызығушылығы оянып жатқанына қуанамын», дейді А.Садықова. 


Бүгінде хореограф тәрбиелеген шәкірттер елімізден бөлек, шетел асып, Германия, Франция, Италия, Аустрия, Латвия, АҚШ, Оңтүстік Африка, Жапония, Қытай, Түркия, Таиланд, Швеция, Чехия, Швейцария, Ресей, Башқұртстан, Әзербайжан, Қырғызстан сынды мемлекеттерде өнер көрсетіп, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ. 


Сондай-ақ Анвара Садықова он жылдан бері мұражай ісін де ұстаздық қызметімен қатар атқарып жүр. Ол Қазақстан хореографиясының қалыптасуы мен даму тарихы негізінде материалдар, суреттер мен кино құжаттарды жинау, өңдеу, жүйелеу ісі бойынша үлкен шығармашылық және ғылыми ізденіс жұмыстарымен де үздіксіз айналысып келеді. «Басты арманым – қазақ ұлттық би өнерінің тағылымды тарихын жан-жақты зерттеп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Тарихы тереңнен тамыр тартатын қазақтың биін әлем таныса, бар ғажабы мен терең философия­сын ұғынса деймін. Өйткені қазақ биінің көркемдік де, сапалық та, мазмұндық та деңгейі би өнері да­мыған ешбір мемлекеттен кем емес», деп түйіндеді сөзін хореограф. 


Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»