Саясат • 02 Сәуір, 2019

2019 жылы ветеринариялық іс-шараларды қаржыландыру көлемі 45,2 млрд теңгені құрады - С.Омаров

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылға арналған ветеринариялық іс-шараларды қаржыландыру көлемі 45,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отырысында мәлімдеді.

2019 жылы ветеринариялық іс-шараларды қаржыландыру көлемі 45,2 млрд теңгені құрады - С.Омаров

Министрлік ақпаратына сүйенсек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 млрд теңгеге артық. Көрсетілген қаражат есебінен 2019 жылы жануарлар мен құстардың аса қауіпті 17 ауруына қарсы вакцинациялау бойынша 137,2 млн манипуляция жүргізу жоспарланған, бұл листериоз бойынша саламаттылыққа қол жеткізуге байланысты 2 млн манипуляцияға азайтылған. Сонымен қатар 13,9 млн бас ауыл шаруашылығы жануарларының төлін бірдейлендіру, жануарлардың 28 аса қауіпті ауруы бойынша 72,4 млн зерттеу (өткен жылға ұқсас) жүргізу, зертханалық зерттеулер үшін 34,8 млн қан сынамасын алу жоспарланған.

ХЭБ ұсынымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралады. Сонымен, ветеринариялық іс-шаралар бруцеллезге зерттеу кезінде оң нәтиже берген жануарға ғана емес, бүкіл табынға жүргізіледі.

«Жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларынан 20 шақырым радиустағы халық шаруашылығының тәуекел аймағын анықтау бөлігінде өзгерістер енгізілді, енді жабайы құстардың қоныс аудару жолында және су қоймаларының жанында орналасқан шаруашылықтармен қатар құс фабрикаларындағы құстардың да ата-енелік табынына осы ауруға қарсы вакцина егілетін болады.
Сібір жарасы бойынша жыл сайын 100% қамти отырып, сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіледі, халықаралық зертханаларда олардың сапасын тексере отырып, қолданылатын вакциналардың сапасын бақылау күшейтілді. 2017-2018 жылдары кадастрмен белгіленген сібір жарасының 2180 көміндісі қоршалды және тану белгілерімен белгіленді.

Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды» деді С. Омаров.  

Биыл ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп танып, аусыл бойынша шектеулер алып тасталды, ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді, ет комбинаттарында инспекция жүргізілді, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Қытайға экспорт жасайтын кәсіпорындар Тізілімге енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашқан. Халықаралық эпизоотиялық бюрода вакцина салынбайтын аймақтағы (ҚР 9 облысы) және вакцина салынатын 5 аймақтағы Қазақстанның аусыл бойынша саламаттылығы, жылқының африкалық обасы бойынша саламаттылығы қайта расталған.