Руханият • 02 Сәуір, 2019

Абырой биігі

668 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қанапия Мырзағожин­нің есін енді біле бас­таған балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс кел­ді. Ол аздай жасы он­ға толғанда сүзектен әкесі мен шешесі бірдей қайтып тұл жетім атанды. Дегенмен, ол бір «өкімет өлтірмейді» деп халықтың мемлекетке арқа сүйеп дағдылана бастаған уақыты болатын. Ақыры солай болды да. Әке мен шешеден айырылған соң әкесінің туған ағасының кемпірінің қолында тәрбиеленген Қақаң интернатта жатып оқып, 1952 жылы Семиозер (қазіргі Әулиекөл) орта мектебін бітіріп шықты.

Абырой биігі
Бұл қазақ жастарының жаппай жоғары білім алуға ұм­тылып жатқан шағы болатын. Қақаң да мектептен кейін білім іздеген өз замандастары сияқты Орал педагогикалық инс­титуты­на оқуға түсіп, мұ­ға­лім мамандығын алып шықты. Қолына диплом тиген соң туған еліне оралып, жеті жылдық мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Айтқандай, Қақаң Оралдан дип­лом ғана әкелген жоқ, бүгінде өмірлік қосағы болып отырған Күләш жеңгемізді де ала келді. Жиыр­ма жылдан астам уақыт ұстаз болған уақыттың ішінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры сияқты жауапты жұмыстарды абыроймен атқарды. Бәлкім, зейнет демалысына шыққанға дейін өзінің қалаған мамандығы бойынша қызмет атқарып жүре берер ме еді, кім біледі... Бірақ, бәрі аяқ астынан өзгерді. 


Бір күні бұған аудандық партия комитетінен телефон шалып, аудан басшысының өзі­мен сөйлескісі келетінін, сон­дықтан аупарткомға келіп кетуі керек екендігін айтты. Келді. Сөйтсе, басшылық Қақаңды аудан­дық газет редакторының орынбасары лауазымына лайық деп тауыпты. Осындай ойлары бар екенін жеткізгенде жазуға қашаннан икемі бар, қолы қалт еткенде түрлі тақырыптарға қалам тартып та жүрген Қақаң онша қарсы бола қойған жоқ, тек пәтер мәселесі қалай ше­шіледі екен деген ғана сауал қойды. Басшылар болса ол жағынан қам жемеуін, пәтердің болатынын айтты. Бұл 1978 жылдың жазы болатын.


Осы орайда бір жайтқа ерекше тоқтала кеткен жөн. Кешегі кеңестік дәуірде Қостанай облысында қазақ тілінде жарық көретін бір де бір аудандық газет болған жоқ. Жалғыз Се­миозер ауданында ғана «Жеңіс туы», «Знамя победы» деп аталатын газет екі тілде шығып тұрды. Қақаңа, яғни Қанапия Мыр­зағожинге осы газет редак­торының орынбасары болу мін­деті жүктелген болатын. Жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, газет екі тілде басылатын болғандықтан оған материалдарды да екі тілде дайындау қажет. Кейде ана тіліміздегі кейбір күрделі сөздердің өзін жазуда қателікке жол беріп жа­татынымызды ескерсек, екі тілде материал дайындау оңай шаруа емес. Оның үстіне Се­миозер халқының саны 70 мыңға жуықтайтын облыстағы ең ірі аудан болып табылады. Оңтүстік өңірлер үшін бұл ауыз толтырып айтуға тұрар­лық та болмауы мүмкін, ал аудан­дар­дағы тұрғындар саны 30-40 мыңның о жақ, бұ жағында ғана болатын солтүстік облыс­тар үшін бұл үлкен көрсеткіш. Осындай халқы бар ауданда газет тиражының да қомақты болатыны өзінен өзі түсінікті. Ол уақыттарда жұмыс өте қызу жүретін. Айталық, қыстың аяғындағы мал төлдетуден кейін, көктем шыға тұқым себу науқаны басталса, ол аяқталысымен жұрт шөп шабу жұмыстарына кіріседі. Қой қырқу сияқты жұмыстар өз алдына бір бөлек. Шөп шабылып, қора басына маяланып болған соң мал қыстату науқаны қар­қын алады. Міне, осы жұмыс­тардың бәрі аудандық газетте уақытында көрініс табуы тиіс. Ол уақыттың талабы сондай. Оқырманға қажет пе, қажет емес пе, сен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды газет бе­тінде үнемі көрсетіп оты­руың керек. Әрине, ауылда туып-өскен Қақаң үшін ауданда жү­ріп жататын жұмыстарды жазу онша қиынға түскен жоқ. Соның арқасында аз уақыттың ішінде үлкен беделге ие болды, газет жұмысы да жандана түсті. Бағына қарай сол кездегі газет редакторы Са­лық Молдахметов Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген өте тәжірибелі басшы болатын. Жаңа қызметке төселіп кетуінде ол кісінің де үлесі аз болған жоқ. 


Қ.Мырзақожиннің өзі жиырма жыл­ға уақыт қызмет істеген газет­тен кетуі де қызық. 90-жыл­дардың басында 60 жасқа тол­ғанын атап өтпек болып аудан басшыларын, жора-жолдастарын шақырып той жасайды. Тойда әрине, газеттің сол кездегі редакторы да болады. Аудан басшысынан кейін сөзді қонақтардың жастарына қарап беріп отырғандықтан, редакторға сөз кезегі кешірек тиіп қалса керек. Осыны кек тұт­қан редактор маған ауда­н басшысынан кейін сөз бе­руің керек еді деп ренішін де айтып салады. Не керек, той үстінде Қақаңды мақтап сөй­леген басшысы, ертеңіне зейнет жасына жетуіңізге байланысты сізді қызметтен босату туралы шешім қабылдадым деп қарап тұр дейді. Мінезі бірбеткей Қақаң да үлкен басын кішірейтпей, «жарайды, сенің қалағаның-ақ болсын» деп шығып жүре беріпті. Бірақ көп ұзамай облыстық газетке басшы болып кеткен бұрынғы редакторы ауыс-түйістен соң қайтып келіп, Қақаңды қыз­метке қайта шақырады... 


Қазақстанның құрметті жур­налисі, Әулиекөл ауданы­ның құрметті азаматы атанған Қанапия Мырзағожин бүгінде құдай қосқан қосағы, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Күләш Кәрімқызымен бірге Қанат есімді баласының қолында Астана қаласында тұрады. Қақаң Egemen Qazaqstannyń ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманы ғана емес, сонымен бірге тұрақты авторларының да бірі. Ол кісінің адамгершілік, өнегелілік тақырыптарын қоз­ғаған мақалалары газет бе­тінде үнемі жарияланып тұ­рады. «Көзбен көргенім, көңіл­ге түйгенім» және «Кісілік кел­беті» деп аталатын екі кітабын шы­ғарған Қақаң өнегелі әке. Дәулеті де, Қайраты да, Жұ­пары да, Қанаты да жоғары оқу орындарын бітірген. Бәрі де өз мамандықтары бойын­ша қызмет атқарып жүр. Ма­ғыналы өмір сүріп, абырой биігінен көрінген деп қазақ сірә, осындай кісілерді айтса керек.


Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»