Аймақтар • 02 Сәуір, 2019

Құлантау һәм қырық қыз әулие

1198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Құлантау һәм қырық қыз әулие
Аңыздың да астары – тұнған ақиқат. Есте жоқ ескі замандардан бері жасап келе жатқан рухани дүниенің бәрі де қазақ ұлтының қазынасын еселеп, рухын шалқытып келеді. Әрбір амал – тарихи сәт. Бүгінгі Жуалы ауданы Шақпақата ауылының солтүстік-баты­сында Құлан тауының шат­қалында тастың арасынан өтетін оншақты метрлік қуыс бар. Оны жергілікті жұрт «Қырық қыз әулие мекені» деп атайды. Яғни, қаһарлы қыс мезгілінен аман шыққан халық көктемнің жаңа туған көкөзек шағында осы жерге зиярат жасап, игі тілектер тілейді. Жаратушыдан жыл сайын төрт көзінің түгел, төрт құбыласының сай болуын сұрайды. Атадан балаға мирас болған әңгімелерге жүгінсек, кейбір кісілер осында зиярат жасай келгенде, көзіне атқа мінген қырық қыздың бейнесі елестейді екен. Бұл да бәлкім, жаңа туған көктемнің келбеті мен жаңарған рухтың көрінісі болса керек.


Жалпы, Құлантау мекені үлкен Қаратаудың Шақпақ белі арқылы Алатаудың Жабағылы сілемімен жал­ғасып жатқан Боралдай тауы­ның солтүстік бөлігіне жатады. Құлантаудың бөк­терінен жанға шипа көп­теген бұлақтармен қатар, Құлан өзені бастау алады. Құ­лантаудың батыс бөктерінен, Әулиесайдан Ұзынбұлақ аталатын бұлақ ағып шығады. Күні бүгінге дейін ел аузында «Ұзынбұлақ – Үйсін қонысы, малға майдан Қаратаудың сонысы» деген өлең жолдары сақталған. Халық қырық қыз әулие мекеніне ерте көктемде барып зиярат етсе, Құлантауды да ел ежелден ерте қоныс еткен. Көктем шығып, күн жылына салысымен жергілікті халық негізінен осы жерді ен жайлаған.


Ерте көктемде елдің Құ­лан­тауға шығуы да тегін емес. Бұл аймақтың қысы қа­тал болғанымен, көктемі көркем. Әрі табиғаттың тал бесігі секілді, мұндағы көркем кеңістік пен кестелі суретті де сөзбен айтып жеткізу қиын. Осынау көріністі бала күнінен көріп өскен Бауыржан Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында Құлантауды «Алтын күн Құлан тауына иек артып, төңірекпен қош­­­тасқысы келмей, қызара қи­налып тұрғандай сезіледі. Батыс жақ нақтанып, күлгін шапаққа шомылып тұрған кез Шақпақ, Жабағылы, Боралдай жондарына сол шапақ бұлақ аққандай сезіледі», деп су­реттейді. Әр аңыздың түбінде бір ақиқат, әр болжамның түбінде бір шындық бар. Әйгілі тарихшы Лев Гумилев Құлантаудың етегіндегі көпбұлақты қоңыр салқын жазықта Орта Азияға жасаған жорықтарында Шы­ң­ғыс хан нөкерлерімен сауық құрып, демалғанын жа­­зады. Тіпті, ел аузында осы Құлан басында Жошы хан құрылтайға бара жатып, Қа­ратаудың Ордақонған жерінде Үйсін, Сіргелінің бір топ билерімен кездескені туралы да аңыз бар. Ал таудың не себепті Құлан аталғаны жайлы нақты дерек жоқ. Тек көнекөз қариялардың айтуынша, бұл жер Құлан батырдың атымен аталған деседі. 


Әр жердің өзіндік тарихы мен тағдыры қалыптасқан. Сол сияқты әр кезеңдерде қа­лыптасқан таным мен түсі­ніктің де әсері мол. Ұлы даланың қалыптастырған қағи­дасы, көктем жылдың басы, барлық жақсылық пен жаңа­шылдықтың бастауы. Ендеше, жаңа мезгіл келгенде тарихпен тамырласу, аңызбен астасу да бір амал.


Хамит ЕСАМАН, 

«Egemen Qazaqstan» 

Жамбыл облысы