«Болашақ» бағдарламасының төңірегінде талайдың көкейінде түрлі сауалдар бар. Солардың алғашқысы өткен мен бүгінді салыстырудан, кешегі күнге көз тастап, болашақты болжаудан басталады. Бұрынғымен салыстырғанда «Болашақ»-тың грант саны әлдеқайда азайды. Мәселен, 2005-2006 жылдары 2 574 адамға грант тағайындалса, биыл 555 стипендия жоспарланған. Десе де, бұл екінші жағынан үміткерлер санының кемуімен байланысты шығар деген ой келеді. Себебі қазір өз бетімен оқуға аттанатындардың қатары көп. «Болашақ» бағдарламасына жауапты Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешов: «Басқа мүмкіндіктер болған сайын оларда таңдау да көбейеді. Алайда «Болашақ» бағдарламасына үміткерлер саны да, азаматтардың оқуға ықыласы да кеміген жоқ. Бұрын да 1 орынға 4-5 адам таласқан, қазір де солай», дейді.
Орталық өкілінің мәліметінше, осыған дейін барлығы 431 адам стипендиясын алмаған. Оның ішінде қолы жетпеген 287-сі оқу үлгерімінің төмендігінен, 67-сі елде еңбек өтілдерін өтемегендер немесе мамандығына сай жұмыс істемегендер. Ал 77-сі өз еркімен стипендиядан бас тартқан. Олардың бәрі ақшаны бюджетке қайтарды делік, алайда стипендияны алып, университетте оқи алмай, тек тіл үйренумен шектеліп, елге қайтып келгендер де бар. Ондай жағдайда мемлекеттің ақшасы қайтарыла ма? «Білім шетелге барғаннан емес, тек қана еңбекпен келеді», деген Ж.Мелдешовтің айтуынша, оқи алмағандардың саны 1 пайызға да жетпейді. Олармен арнайы сауалдама жүргізілгенде, көпшілігі шетелде де қазақтарды іздеп тауып, солармен араласып, шет тілін жетілдіре алмағаны белгілі болған. 400-ден аса адам оқи алмай қайтып келген. 9 млрд-ға жуық қаржының 4 млрд-сы мемлекетке қайтарылды. Қалғаны қайтарылып келеді.
«Болашақтың» бір түлегі Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауылда жұмыс істейді. Ендігі екі жылда еңбек өтілін өтеп бітеді. Ірі, мейлі шағын қалалардың жанындағы ауылдардың жағдайын шалғайдағы елді мекендермен салыстыруға келмейді. Онда сапалы тұрмақ, мүлде маман жетіспейтін жайттар жетерлік. Осындайда «пысықтарды» ақиқатында ақсап тұрған алыстағы ауылдарды көтеруге жіберсе жөн еді дейсің. Осы жөнінде орталық басшысы: «Бұл іспен айналысатын арнайы департамент қай өңірге қандай маман керегін зерттейді, сол арқылы жіберіп отырады. Қала іргесіндегі ауылда жұмыс өтілін өтеп жатқан адамға келсек, заңға қарсы шыға алмаймыз. Ол – құжат бойынша ауыл, оның ауданы, облысы бар. Сондықтан оған өзгеріс енгізу қолымыздан келмейді», деді.
Елдегі еңбек нарығында сұраныста жоқ мамандықтарды оқып келіп, өз саласында жұмыс таппай сандалып жүрген түлектер тағы бар. Амалсыздан басқа жұмысқа бас сұғады. Кейде саналы түрде табылып тұрған жұмыстан бас тартады. Неге? Табысы жақсы. Ал бұл мәселенің мәнісін Ж.Мелдешов: «Сұраныста жоқ мамандықтарды оқитындар, содан келіп жұмыс таппайтындар бар. Бұл – проблема, жасырмаймыз. Ондайда алған мамандығына жақын салада болуын қадағалаймыз. Бір «Болашақ» түлегіне 3-4 жұмыс беруші тұр. Демек, олар қандай жағдайда да сұранысқа ие», деп түсіндірді.
«Болашақпен» шетелден диплом ғана емес, тәжірибе алып келуге де мүмкіндік бар. Бірақ бір қызығы тағылымдамадан өтуге барып, өз бетінше жұмыс істеп қайтатындар жиі кездеседі екен. Оған бір себеп – тағылымдаманың соңында емтихан не тест секілді ешбір сынақ болмайды, яғни еркінсің. Осы орайда тағылымдаманың орнына Phd санын арттырған әлдеқайда тиімді секілді ой келеді. «Тағылымдамаға бюджеттен бөлінетін стипендия санын азайттық. Бұл бағыт бойынша аттанғандар саны тек 10 пайызды құрайды. Бұрынғыдай практикалық емес, ғылыми бағыттағы тағылымдамадан өтуге ғана жіберіледі. Тағылымдама талаптары қатаңдатылды», дейді Ж.Мелдешов.
Биыл Венгрия қазақстандық талапкерлерге 200 грант бөліп отыр. Бұл туралы өз ойымен бөліскен Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани өткен жылдың ақпан айында Будапештте алғаш рет өткен Қазақстан мен Мажарстан ректорларының форумында 20-дан астам шарттар мен меморандумға қол қойылғанын айтты. Алғашқы университет іргетасы 1367 жылдары қаланғаны мен Нобель сыйлығын иеленген 14 венгр лауреатты алға тартқан А.Барани мырза: «Биылғы стипендиялық бағдарламаға 1000-нан астам өтініш берілді. Сұранысқа сай грант санын 200-ден 250-ге арттыру жоспарда бар», дейді.
«Болашақ» бағдарламасының түлектері жиған білімін қаншалықты пайдаланып жүр? Осы сұраққа жауап берген Н.К. деген азамат игерген ілімін елде толық қолдана алмай жүргенін жеткізді. Оның ойынша, қоғам халықаралық деңгейде білім алып келген жастардан үлкен өзгеріс, құбылыс, дамыту, реформа күтеді. Алайда күткен нәтиже бола бермейді. Оның себебін Адам ресурстарын басқару мамандығы бойынша магистратураны бітіріп келген кейіпкеріміз: «Біз тәжірибені емес, теорияны алып келеміз. Лайықты нәтиже болуы үшін орталық «Гугл», «Майкрософт», «Шеврон», «Мерседес» секілді шетелдік компанияларда тәжірибеден өтуді қамтамасыз етуі қажет», дейді. Бітірушінің айтуынша, білімді барлық жерден алуға болады, ал тәжірибе – бәрінен қымбат. «Теория алғаныммен, практика алуға жоба мүмкіндік бермеді. Шетелдік компаниялар бітірген кезде көп шақырды. Ал елдегі еңбек өтілімді өтеп болған соң баруға, тәжірибеде көргенімді кейін елге алып келуге болады. Бірақ Қазақстандағы тәжірибемен шетелде сапаң бірден түседі», дейді ол.
Саясат Нұрбектің авторлығымен шыққан 2014 жылғы зерттеу жинағында инженерлік-техникалық салада 35,10 пайыз, әлеуметтік-гуманитарлық салада 18,73 пайыз, медицинада 4, 35 пайыз студент білім алғаны көрсетілген. Ал орталықтың жасаған соңғы зерттеулеріне сүйенсек, түлектердің 53 пайызы әлеуметтік-гуманитарлық салада, 38 пайызы инженерлік-техникалық салада, 7 пайызы медицинада, 2 пайызы шығармашылық бойынша оқып келген. Яғни, гуманитарлық бағытқа көп көңіл бөлінген. Соған сай бітірушілердің 40 пайызы экономикалық секторда еңбек ететіні айтылады. 20 пайызы білім мен ғылымда, 7 пайызы медицина саласында жұмыс істейді. Түлектердің төрттен бір бөлігі – ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің топ-менеджерлері. Жүздеген «Болашақ» түлектері ғылыми-зерттеулер жүргізіп, инженерлік, мәдениет, денсаулық, білім беру саласында тағы 100-ге жуық әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған. 2000-ға тарта мүшесі бар «Болашақ» түлектерінің қауымдастығы осы деректерді дәйектей түседі. Аталған ұйымның атқарушы директоры Лаура Демесін бітірушілердің бюджеттен бөлінген шығынды өтеуге атсалысып жатқанын айтады. «Біз 6-7 жыл ішінде мемлекеттен еш қаражат алмай, демеушілер тарту арқылы Голливудтің 27 киносын қазақ тіліне аудардық. Бұл бір ғана жоба, түлектер барлық саланы дамытуға үлес қосып, игі істер атқарып келеді», дейді ол.
Ward Howell халықаралық зерттеу ұйымы Қазақстан нарығындағы компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін анықтау мақсатында 2015 жылы зерттеу жүргізген. Сонда «Болашақ» түлектерінің 80 пайызға жуығы экономикалық немесе бизнес саласында емес, мемлекеттік қызметте жүргені айтылған. Бір стипендианттың оқып келуіне бюджеттен, мысалы, Англияның магистратурасын бітіруге 50 268 АҚШ доллары, теңгеге шаққанда шамамен 18-26 млн бөлінетінін есепке алсақ, кеткен шығынды қайтаруға қай сала көбірек мүмкіндік береді?
Түлектердің келгеннен кейінгі еңбек нарығындағы жағдайы алғашқы, ең көп дегенде, 5 жылда ғана есепке алынады. Осы есеп бойынша олардың қай салада, қандай қызметте жұмыс істеп жатқаны анықталады. Алайда бітірушілердің шетелден жинаған қорын, білімін қоғамға, елге қалай, қандай дәрежеде беріп немесе өзгеріс енгізе алып жатқанына зерттеу жүргізілмейді. Бұл «Болашақ» бізге не берді?» деп басталатын бағдарлама айнасындағы түрлі сұрақтарға берілетін тұшымды жауапқа тосқауыл болып тұрғандай.
Баласын бар малын сатып оқытатын бүгінгі қазақта «Білімге салынған инвестиция еселеп қайтады» деген түсінік бар. Елдік саясат та осы бір қарапайым ұғымнан бастау алған. 20 жыл бұрын бітірген түлек реформа енгізе алатын пәрмені бар қызметке енді ғана келгенін ескерсек, еселеп қайтудың ауылы әлі алыс-ақ.