Қоғам • 03 Сәуір, 2019

Хасекеңнің бай мұрасы не болды?

791 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шеттегі қазақтар арасындағы зиялы өкіл­дердің бірі болған шоқайтанушы ға­лым, қайраткер, халықаралық «Алаш» сый­лығының иегері Хасен Орал­тай ағамыз «Азат­тық» радиосында отыз жылға жуық қыз­мет істеп, 1995 жылы зейнетке шыққан болатын. Содан бері талай жыл өтсе де байланысымыз үзілмей, ол кісіге елдегі жа­ңа­лықтарды айтып, түрлі кітап, журналдар жібе­ріп жүрдім. Кейде телефон шалып сөйлесетінбіз.

Хасекеңнің  бай мұрасы  не болды?
Ол кісінің  екі елдегі үйінде де болып, сан­­ мәрте сыр шертіскенбіз. Соңғы жолы ме­­ні Түркияға  қонақ етіп шақырып, жаз айын­­да  отбасымызбен бір айға жуық әйгілі Бо­друм шипажайына  жақын Өздередегі үйінде бол­дық. Талай әңгіменің тиегін ағыттық. Сол жо­лы Измир қаласына сапарлап барып, сонау 1954 жылы алғаш рет Түркияға келгенінде шағын мешіт түбінде нөсер жауынның астында бүрсең қағып тұрған бозбала сәтін еске алып, сол маңда паналаған жерін  көрсетіп еді. Қазақстаннан арнайы қонақ келді деп, Измир қаласына жақын Салихлыдағы ағайындарын шақырып, таныстырған болатын. Солардың бірі − Түркияның Қазақ ауылы деп атап кеткен елді мекенінде  киіз үйлер тігіп, ұлтымызды ұйыстырған Шеризат Доғыру деген азамат болды. Ол кісінің есімі Түркиядағы кәсіпкер атанып, сол өлкеде жылқы бағып, бие байлап, қымыз өндіріп, қазақтың атын талай елге танытып жүрген азамат ретінде белгілі еді. Өткен жылы ол кісі де өмірден өтті.
Хасен Оралтай ағамыздың Батыс Герма­ния­­ның Мюнхендегі және  Түркияның Измир қаласы маңындағы  Өздередегі үйлерінде Қазақ энциклопедиясынан бастап небір құнды кітаптар мен халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты бай мұраларға толы болатын. Олар – қазақ, түрік, неміс, ағылшын, орыс, көне шағатай  тіліндегі, төте жазумен және латын алфавитімен жазылған кітаптар еді. Сол бағалы дүниелерді ара-тұра қызы Нұркамал қарап жүретін. Ол да «Азаттық» радиосында қызмет істеген-ді. Хасекең өмір­ден өт­кен соң  жылдық асына арнайы барып қатысып, Измир маңындағы Өздереде үйін­де болдық.  Сондағы  вилласының  екінші қа­ба­тында мұрты бұзылмай сықасып тұрған  кітап­тарды көрдім. Содан кейін бірер жыл өткен соң қызы Нұркамал да науқастанып,  қайтыс болды. 
Ал Хасекеңнің  Мюнхендегі үйінде ұзақ жылдар жинаған  мол мұрасының біраз бөлігін өзінің құрдасы, академик ғалым Рым­ғали Нұрғалиға аманаттап тапсырып, осыдан біраз жыл бұрын Астанадағы Еуразия  университетіне жіберген еді. Хасекеңің аманатын өзінің құрдасы, сырлас, пікірлес досы елге әкеп, Астанадағы уни­вер­ситетке тапсырып, бір уһ дегені бар. Амал не, ол кісі де Хасекеңмен шамалас, өмір­ден озды.
Тағдырдың жазуымен, заман ағымымен шетелде жүріп, қиын-қыстауда шыңдалып, мың өліп, мың тіріліп, Шығыс Түркістаннан Түркияға, Түркиядан Еуропаға жетіп, алыс­та жүрсе де азаттық үшін күресіп, Әлихан, Мір­жақып, Мұстафа Шоқай сынды арыстардың идея­­ларын жалғастырып, солардың аңсаған ар­маны  –  Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жет­­кіз­генін көзімен көріп, соған сүбелі үлес қоса білген, еліне келіп, аунап-қунап жүре ал­ған, Ха­сен ағамыздың соңында сондай мол мұ­ра қалды.  
Амал қанша, Хасекең көзі тірісінде екі ұлы­ның кейінгі тағдырын ойлап, қатты толғанатын.  Осы­лар неміс болып кететін болды-ау, менің жаз­ғанымды, жиған-терген мұрамды бұлар оқымайды ғой. Өздері  Қазақстанға барғысы жоқ, тым болмаса қазақтың қызына үйленсе екен деп армандаушы еді. Бүгінде Хасекеңнің  Мюнхенде тұратын сол Жәнібек, Бөгембай  есімді балалары тіпті  қазақша білмейді, не­містеніп, түріктеніп кеткен.  Әйелі Хадише жең­гей болса, қартайған, өзі де аурушаң кісі. Енді сол Хасекеңнен қалған  бай мұралар қайда қалды, не болды деп жиі ойға қаламын.

       Саясат БЕЙІСБАЙ,
        журналист