Спорт • 03 Сәуір, 2019

Баскетбол: Алматыда Қазақстан кубогы өтуде

673 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде баскетболдан ерлер арасында Қазақстан кубогы жолындағы жарыс өтуде.

Баскетбол: Алматыда Қазақстан кубогы өтуде
Осы жарыс қарсаңында «Алматы» клубының директоры Олег Севергин: «Бұл – Ұлттық лиганың ең үздік командаларының басын қосып отырған ресми жарыс. Ел біріншілігіне қатысатын барлық клубтар осы додада да дара шығуды көздейді. Яғни, алаңға шыққан ойыншылардың ешқайсы осалдық танытпайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, осы жарыста тек қазақстандық ойыншылар ғана өнер көрсетуде. Легионерлердің қатысуына рұқсат жоқ. Сондықтан да Қазақстан кубогында барлық командалардың мүмкіндігі бірдей», – деп айтқан еді.

Алғашқы күні қос кездесуді тамашаладық. Әсіресе, «Тобыл» мен «Астана» арасындағы бәсеке өте шиеленісті өтті. Бірде Нұр-Сұлтанның командасы алға шықса, енді бірде қостанайлықтар қарқынын күшейтті. Ал матчтың аяқталуына екі минут қалғанда таразы басы теңескенімен, соңғы сәтте елордалық баскетболшылар қарсыласының уысынан жеңісті жұлып әкетті. Есеп – 83:82.


Келесі бәсекеде «Синегорье» мен «Алматы легионы» клубтары шеберлік байқасты. Бірінші кезеңнің басында алматылықтар алға шыққанымен, одан кейін көкшетаулықтардың мысы басым болды. Нәтижесінде осы ойын 73:50 есебімен қонақтар пайдасына шешілді.


Бүгін біз «Атырау барысы» мен  «Астана» және Алматы легионы мен  «Тобол» арасындағы бәсекелерді тамашалаймыз.