Саясат • 04 Сәуір, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге алғашқы сапары табысты өтті

1527 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Владимир Путиннің шақыруымен кеше Ре­сей Федерациясына сапармен барды. Бұл – Қ.То­қаевтың Қазақстан Пре­зиденті лауазымына кіріскеннен кейінгі шетелге алғашқы сапары.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге алғашқы сапары табысты өтті
Елбасының рөлі ерекше аталды


Қазақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путинмен кез­десті. Ресми кездесу рәсімінен кейін мем­лекеттер басшылары шағын және кеңей­тілген құрамда келіссөздер жүр­гізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымына кірісуіне байланысты құттықтағаны және жылы ле­біз білдіргені үшін Владимир Путинге ри­за­шылық білдіріп, өзінің алғаш­қы шет­ел­дік сапарының Ресей Фе­дера­ция­сына жасалуының символдық мәнін атап өтті.


Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің қазіргі ықпалдастығы көп­шілік үшін қарым-қатынас жасаудың жарқын үлгісі болып саналатынын айтты.


– Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баев саясатының сабақтас­ты­ғын қам­тамасыз етіп, Қазақстан мен Ресей ара­сындағы екіжақты ын­ты­мақтас­тықты жан-жақты әрі белсенді дамы­ту ісін жалғастыра беретін боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі елдің эко­номикалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнер­кәсіп және ғарыш салалары мәсе­лелеріне арнайы тоқталды.


– Ресей Қазақстанның сыртқы сау­дасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сау­да айналымындағы оның меншікті үлесі 19 пайыз. Инвестициялық ын­тымақтастық дәйекті дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табыс­ты атқаруда, – деді Мемлекет басшысы.


Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт То­қаев­тың Мемлекет басшысы ретінде Ре­сейге алғашқы сапарының сим­вол­дық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы бай­ла­ныс­тардың жоғары деңгейде екенін айтты.


– Біздің қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұ­ған көп еңбек сіңірдіңіз, әрине Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Біздің жай әріп­тес қана емес, халықаралық ұйым­дар аясында да, екіжақты байланыстар бо­йын­ша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз.

Біздің қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәти­желерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халық­тарымыздың тыныс-тіршілігінен көрі­ніс тауып отыр. Сіздің бүгінгі са­парыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақ­тастық байланыстарымызды ны­ғайтуға септігін тигізетініне сенім­дімін, – деді Владимир Путин.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық сала­дағы мемлекетаралық өзара ықпал­дастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәр­тібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Байланыстар беки түседі


Журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан Президенті ретінде Ресей Федера­ция­сына жасаған алғашқы сапарының маңызына тоқталып, екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын атап өтті.


– Ресей Федерациясының Прези­денті Вла­димир Владимирович Пу­тин­ге Мәскеу­ге ресми сапармен келу­ге шақырғаны үшін, сондай-ақ біз­дің ресейлік достарымызға жылы қонақ­жай­лылығы мен қуанышты қабылдауы үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Сапар одақ­тастықты одан әрі дамытуға және Қазақ­стан мен Ресей халықтарының дос­тық байланыстарын нығайтуға өзара ұм­тылысты бейнелейді, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев қатысу­шы­ларға Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Мемлекет бас­шысының өкілеттігін доғару ше­шімі туралы айтып бер­ді және ол саяси да­налықтың, Қазақ­станның болашағы үшін жоғары жауапкер­шіліктің жарқын үл­гісі болып табыла­тынын ерекше атап өтті.


– Біздің еліміз үшін бұл тарихи қадам бүкіл әлемдік қауымдастықта үлкен құр­­метке ие болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл Қазақстан хал­қының кең танымы мен қолдауына ие. Ол Ел­басы мәртебесінде Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің Төрағасы және Nur Otan партиясының төрағасы лауазы­мында өзі­нің көп қырлы қызметін жал­ғас­ты­ра­тын болады, – деп атап өтті Қазақ­стан Президенті.


Мемлекет басшысы сондай-ақ оның Президент ретіндегі қызметі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының «алтын дәуі­р­інде» басталғанын атап өтіп, Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің жан-жақты диалогын нығайту және бұрын қол жеткізілген уағ­даластықтардың сабақтастығын қам­тамасыз ету жөніндегі стратегиялық ба­ғытты жалғастыруға нақты ниет біл­дірді.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстанда мұнай-химия, жеңіл өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы, автомобиль және темір жол, машина жасау саласында 100-ге жуық бірлескен жобаны іске асыратын ресейлік капиталдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етіп жатқанын айтты.

Қазақстан Президенті Ресей тарапы­мен келіссөздердің мәні болған екі ел ара­сындағы өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ынтымақтастық мәсе­лелеріне жеке тоқталды.


– Осы бағыттағы жұмысқа бүгін тараптар қол қойған Қазақстан-Ресей өн­дірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қи­мыл бағдарламасы жаңа серпін береді. Оны жүзеге асыру тракторлар, авто­бус­тар, автомобильдер мен басқа да көлік құ­ралдарының өндірісін арттыруға мүмкін­дік береді, сондай-ақ елімізде қосымша жұмыс орындарын ашады, – деді Мем­лекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев географиялық орналасу ерекшеліктерін айта келіп, екі елдің көліктік-транзиттік әлеуе­тін тиімді пайдаланылуға тиіс маңызды бәсе­келі артықшылық ретінде атап өтті.


Бұдан басқа, Мемлекет басшысы отын-энергетикалық сектордағы өзара іс-қимыл перспективаларына және екі елдің әскери-техникалық және ғарыш салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ Байқоңыр қаласын газдандыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Қазақстан мен Ресейдің туристік саладағы ынтымақтастығы туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев осы сала­дағы өсудің үлкен әлеуетіне және туристік, көліктік-логистикалық инфрақұры­лым­дарды дамыту, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік курорттарды танымал ету қажет­тігіне тоқталды.
Қазақстан Президенті сондай-ақ қаты­сушылардың назарын екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне аударды.

– Келіссөздер барысында Қазақстанда қол­данбалы ғылымның бірлескен оқу ор­нын ашу мәселесі талқыланды, қазақ­ста­н­дық әртістерді Санкт-Петербург Му­зыка үйін­де оқы­ту және Қазақстанның Ұлт­тық мұ­ра­­­жай­ында Эрмитаж күндерін өт­кізу мүм­кін­дігі қарастырылды, – деді Мем­лекет басшысы.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өткен келіссөздердің нәтижелеріне қанағат­та­­на­тынын және қол жеткізілген уағ­да­­лас­тықтар Қазақстан мен Ресейдің дос­тыққа, сенімге, тату көршілік пен одақ­тас­­­тыққа негізделген ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Ресей Президенті Владимир Путин өзі­нің алғашқы шетелдік сапарын Ресей Федерациясына жасағаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

– Келіссөздер қазіргі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бір­лескен жемісті жұмыс істеген жылдар ішінде қалыптасқан дәстүрлерге сәй­кес толық сындарлы және іскерлік жағ­дайда өткенін атап өткім келеді, – деді Вла­димир Путин.

Ресей Президенті қабылданған бір­­лес­кен мәлімдемеде жан-жақты қамти­тын Ресей-Қазақстан стратегиялық әріп­тес­тігін ны­ғайтуға екіжақты көңіл бөлін­генін, сон­дай-ақ оны одан әрі дамыту бойын­ша маңызды және жауапты мін­деттер қойыл­ғанын атап өтті.

Айта кетейік, сапар қорытындысы бо­йынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бірлескен мәлімдемесі.
2. Ресей-Қазақстан өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы.
3. Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау жөніндегі келісім.
4. Қазақстан Республикасының Цифр­лық даму, қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ре­сей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы Кәсіп­орын­дардың ғылыми-техникалық коопе­рациясы саласындағы екіжақты ынты­мақ­тастық жоспары.

Президенттердің бірлескен мәлімдемесі

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қ.Тоқаев пен Ресей Федера­ция­сының Президенті В.Путин бірлескен мәлімдеме жасады.
Ашық, достық және сындарлы жағ­дайда өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастардың негізгі мәселелерін, Еу­разиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ өзара мүдделі өзекті өңірлік және ха­лық­аралық проблемаларды мұқият тал­қылады.

Екі елдің саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ық­палдастығының тұрақты оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтіп, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы ара­сындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартта, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ға­сырға бағдарланған Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияда және де 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы ара­сындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық шартын­да негізі қаланған прин­циптер мен мін­дет­темелерге бұлж­ы­мас бейілділігін растай отырып, Қазақстан Республикасы Пре­­зиденті мен Ресей Феде­рациясының Пре­­зиденті төмендегiлер туралы мәлім­дейді:

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өзара сенім, стратегиялық серіктестік және жан-жақты ынтымақ­тас­тық негізінде теңқұқылы және егемен мемлекеттер ретінде одақтастық қатынастарды және интеграциялық өзара ықпалдастықты дамыта отырып, бұл ретте мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, теңқұқылық және ішкі істерге араласпау, күш немесе күш қаупін қолданбау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, шекара мызғымастығы, дауларды бейбіт жолмен шешу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау принциптерін басшылыққа алады.

Қазақстан-Ресей қатынастары біз­дің елдеріміз халықтарының терең та­рихи және рухани байланыстарына негізделген. Олар екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, тұрақты әлеуметтік-экономикалық да­му, инновациялық технологияларды кеңінен енгізу базасындағы ұлттық эконо­ми­калардың бәсекеге қабілеттілігін күшей­ту, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалану, адам әлеуетін мейлінше толық ашу міндеттерін шешуге жәрдемдеседі. Бұл Қа­зақстан мен Ресейге жаһандану жағдай­ында өз ұста­нымдарын барынша күшей­туге, Еура­зия кеңістігінде және бүкіл әлем­­де қауіпсіздік пен тұрақтылықты ны­ғай­туға жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуы үшін ны­са­налы және ашық саяси диалогтың маңыз­дылығын мойындай отырып, президенттер жоғары, биік және басқа да деңгейлердегі сенімгерлік және сындарлы байланыстарды одан әрі кеңейтуді жақтайды.

Екі елдің өңіраралық және транс­шек­а­­ралық ынтымақтастығының әлеуетін бағалай отырып, президенттер Қа­зақ­стан Республикасының әкімшілік-аумақ­тық құ­рылымдары мен Ресей Федера­ция­сының субъектілері ара­сын­дағы көп­қырлы экономикалық және гуманитарлық қаты­настарды кеңейтуді, мүдделі шаруашылық жүргізуші су­бъектілердің тікелей байланыстарын дамыту мен нығайту үшін қажетті жағ­дайлар жасауды жақтады.
Мемлекет басшыларының қаты­суы­мен өтетін Қазақстан мен Ресей ара­сындағы өңіраралық ынтымақтастық жө­ніндегі жыл сайынғы форумдар және олар­дың екі елдің іскер топтарымен кез­де­­сулері екіжақты өзара ықпал­дас­тықты жандандырудың пәрменді тетігі ретін­де танылды. Кезекті XVI форумды 2019 жылдың соңында өткізу туралы уағда­лас­тыққа қол жеткізілді.

Қазақстан-Ресей өзара ықпалдастығын нығайтуға биліктің заң шығарушы және атқарушы органдарының арасындағы жүйе бойынша тұрақты іскерлік байланыстар жәрдемдеседі.

Тараптар «Байқоңыр» кешені жө­ніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық ко­мис­сиясының шеңберіндегі, соның ішін­де «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кеше­­нін салудың бірлескен жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастығын жалғас­тырады.

Тараптар ЕАЭО әлеуетін тиімді пай­­да­лануға қол жеткізуге ұмтылысты сипат­­тайтын ынтымақтастықтың қарыш­ты дамуын атап өтеді, 2014 жылғы 29 мамыр­дағы Еуразиялық экономи­калық одақ ту­­­ра­лы шарттың негізгі ережелері мен қағи­­­дат­­тарын іске асыру маңыздылығын рас­­тайды.
Біздің елдеріміз, бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қоса алғанда, білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы тіке­лей байланыстарды дамытуды көтер­мелеуге, ғылыми және педагог кадрлар даярлау саласында қолайлы жағдайлар жасауға, оқытушылар мен студенттермен алмасуды қарқынды түрде арттыруға ниетті.

Әрбір Тарап өз аумағында тұратын басқа Тараптың халықтарының этностық, тілдік, мәдени және діни ерек­шеліктерін сақтау және дамыту үшін тығыз ынтымақтастықты нығайту, Тараптардың заңнамасына сәйкес олар­дың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуына жағдайлар жасау ниеттерін растады.

Қазақстан мен Ресей Тараптардың бірі мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға және режімдерге қатысу немесе қосылуға бір-біріне қолдау көрсете отырып, бейбітшілікті, халықаралық тұрақтылық пен өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісінде өзара іс-қимыл жасасады, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз мем­лекеттер достастығы, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да ұйымдар мен институттар алаңдарында үйлесімді жұмыс атқарады.

Нұр-Сұлтан мен Мәскеу терроризм мен экстремизмге, діни төзбеушіліктің, ксенофобияның, ұлтшылдықтың және нео­нацизмнің зорлық көріністеріне, транс­шекаралық ұйымдасқан қылмысқа, қару-жарақ, есірткі және олардың пре­кур­сорларының заңсыз айналымына, сон­дай-ақ басқа да жаңа сын-тегеу­рін­дер мен қауіп-қатерлерге қарсы кү­рес мәсе­лелерінде ортақ ұстаныммен шы­ғады.

Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін қош көрмейді.

Саяси бағытта президенттер «Ас­тана процесі» аясында халықаралық құқық­тың жалпыға бірдей танылған қағи­дат­тары мен нормалары сөзсіз сақта­луы жағдайында Сирия қақтығысын бей­біт реттеу жөніндегі күш-жі­гер­лерді жал­ғас­тыруға шешім қабылдады.

Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы желісі бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен дағда­рыс­тық жағдайларға ден қоюдың пәр­мен­ді жүйесін құруға бағытталған бір­лескен шаралар қабылдайды.

Қазақстан мен Ресей президенттері екі мемлекет арасындағы одақтастық жә­не стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету, олардың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделін арт­тыруға жәрдемдесу мақсатында қол жет­­кізген уағдаластықтарды тиімді іске асы­руды қамтамасыз ету ниетін растайды.

Мемлекеттер басшылары жемісті ке­ліс­сөздер мен сапар барысында қол қо­йылған екіжақты құжаттар Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы ара­сындағы дәстүрлі достық, теңқұқылы қаты­настардың, сондай-ақ екі ел халық­тары­ның арасындағы бауырластық және тату көршілік байланыстардың қарышты да­муына жәрдемдесетінін атап көрсетті.