Баяндама аяқталған соң депутат Мансұрхан Махамбетов келісімде тараптар 1972 жылы қабылданған «Теңізде кемелер соқтығысының алдын алудың халықаралық қағидаларын» мүлтіксіз сақтауы тиіс деп айтылғанын, бірақ сондай жағдайға жол берілген апаттарда кінәлі тараптың капитанына жауапкершілік қалай жүктелетінін сұрады. Оған соқтығысуға кінәлі тараптың кеме капитаны ұлттық заңнамаға сәйкес жауапкершілік тартады деп жауап берілді. Депутат Серік Сейдуманов келісімдегі тараптардың әскери кемелері мен әуе кемелері бір-бірімен радиобайланысты ағылшын немесе өздеріне қолайлы тілде жүзеге асырады деген талапқа байланысты біздің әскерилердің ағылшын тілін меңгеру деңгейі талапқа сәйкес пе деп сұрады. Оған қазақстандық әскери-теңіз офицерлерінің ағылшын тілін меңгеру деңгейі қазір талапқа сай екендігі айтылды. Оған Нұрлан Нығматулин халық арасындағы ағылшын тілін бейресми түрде «армия тілі» деп айтылатынын әзілмен қосып, офицерлердің оны білуі міндет екенін ескертті. Депутат Уәлихан Қайназаров кемелердің қақтығысын болдырмау үшін олар бір-бірінен қауіпсіз қашықтықта болуы керек деген талапты еске алып, осы қашықтықтың мөлшерін сұрады. Оған халықаралық нормаға сәйкес кемелердің арақашықтығы күндіз 2, ал түнгі мезгілде 3 миль болып айқындалғаны айтылды. Бұдан бөлек бірнеше депутат өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Ирина Аронова мұндай құжатқа қол жеткізу арқылы тараптар Каспий теңізіне қатысты кез келген мәселені өзара шешуге қабілетті екенін көрсетті деген Елбасы Н.Назарбаевтың Ақтау саммитіндегі қорытынды сөзін еске салып өтті. Теңіздегі қауіпсіздікті сақтау барлық тараптарға да аса қажетті мәселе болғандықтан, бүгін ратификацияға ұсынылып отырған келісімнің маңызы зор, деді ол. Сөзінің қорытындысында депутат аталған құжат Каспий теңізінде болуы мүмкін барлық кикілжіңдерді реттеуде құқықтық база болатын келісім екенін атап өтті. Сонымен заң жобасы тұтастай мақұлданды.
Екінші болып мақұлданған заң жобасы Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери мақсаттағы өнімдерді пайдалануды бақылау туралы келісімді ратификациялауға арналды. Бұл туралы да Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Мұхтаров баяндама жасап, келісімге 2017 жылғы 29 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылғанын, ол Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық жөнінде 2013 жылдың 24 желтоқсанында қол қойылған келісімшартқа сәйкес, берілетін әскери мақсаттағы өнімді өткізуші тарап оның сақталуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауға құқылы екенін, ал оны өзіне алған тарап өнім беруші тараптың бақылауды жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуін қамтитынын айтты. Сонымен бірге келісімге сәйкес өнім беруші тарап өкілдерінің шарт шеңберінде жасалған келісімшарттар бойынша берілетін әскери мақсаттағы өнімді есептен шығару, жою кезінде қатысуға құқығы бар екендігі жеткізілді.
Бұл заң жобасы бойынша да депутаттар көптеген сұрақтар берді. Соның ішінде депутат Дархан Мыңбай Ресей Федерациясынан берілетін әскери мақсаттағы қандай өнімдер бақылау нысанасы екенін сұрады. Оған әскери ұшақтар, тікұшақтар, әуе шабуылына қарсы қолданылатын әскери қару-жарақ пен техника және т.б. бәрі осы шарттың шеңберіне енетіні айтылды. Депутат Василий Олейник өкілетті органдар келісімнің шарттары бұзылған жағдайда шара қолданады деп жазылғанын айта келіп, ондай шараларды атауды сұрады. Оған әскери техника берілген әрбір факты бойынша оның мақсатты пайдаланатыны туралы қосымша келісім жасалынатынын, егер ол бұзылатын болса, мәселе азаматтық-құқықтық сипатта қаралып, айыппұл төлеу сияқты шаралар қолданылатыны айтылды. Депутат Әлия Сапарова келісімдегі «қайтарылмайтын шығындар» деген терминнің нені білдіретінін сұрады. Оған бұл терминнің апаттан, жарылыстан жойылып кеткен әскери мақсаттағы өнімдер екені хабарланды.
Осындай сұрақтардан соң заң жобасы тұтастай мақұлданды. Жалпы, отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Олардың арасында З.Аманжолова, Ж.Ахметбеков, Д.Еспаева, А.Перуашев, Н.Микаелян, Ш.Хахазов және т.б. бар.