Жемқорлардың жемсауы қашан толады?
Сейсенбі, 28 ақпан 2012 7:15
Сыбайлас жемқорлық анықталды ма, үзілді-кесілді кесімді күрес жүргізілуі тиіс. Әйтпесе, мемлекет қаражатын ұрлағандар ешуақытта ұрлығын қоймайды.
Мәселен, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында заң бұзған алаяқтар бір жылдың ішінде ғана елге 2,2 млрд. теңге зиян келтірген. Мұндай жемқорлар тіптен шектен шыққандықтан да қаржы полициясы оларға қатысты 262 қылмыстық іс қозғады. Сөйтіп, 157 адам сотталды. Ал мұнымен іс біте ме? Әрине, жоқ. Әлгі сотталғандар айдаhардың басы болса, миллиардтаған теңгені жұтқан денелері аман қалды ғой. Ол денеде әлі жыбырлап сансыз сыбайласқандардың басы жатыр деген сөз.
Сейсенбі, 28 ақпан 2012 7:15
Сыбайлас жемқорлық анықталды ма, үзілді-кесілді кесімді күрес жүргізілуі тиіс. Әйтпесе, мемлекет қаражатын ұрлағандар ешуақытта ұрлығын қоймайды.
Мәселен, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында заң бұзған алаяқтар бір жылдың ішінде ғана елге 2,2 млрд. теңге зиян келтірген. Мұндай жемқорлар тіптен шектен шыққандықтан да қаржы полициясы оларға қатысты 262 қылмыстық іс қозғады. Сөйтіп, 157 адам сотталды. Ал мұнымен іс біте ме? Әрине, жоқ. Әлгі сотталғандар айдаhардың басы болса, миллиардтаған теңгені жұтқан денелері аман қалды ғой. Ол денеде әлі жыбырлап сансыз сыбайласқандардың басы жатыр деген сөз. Олардың кең сарайдай зәулім үйлері, қымбат құнды көліктері, алтынды-күмісті жиhаздары, т.б. толып жатыр. Сол жұтқан дүниелерін қайта құстырып, түк қалдырмай түгелдей тәркілеу қажет. Сонда мұндай тетік Жолдауда жүктелгендей, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясына айналатыны анық.
Әйтпесе баю мақсатында жеке мүддесін ғана ойлаған, озбырлар халықтың қамын қаперге алмайды. Мәселен, Елбасы тапсырмасымен Үкімет жұмыссыздықтың деңгейін төмендету және аумақтардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін барын салып жатқанда жағаға жармасқан жемқорлар суық қолдарын сұғып, соңғы 2 жылда 178 млн. теңге зиян келтірген. Ал ең ірі зиян «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында келтірілген көрінеді, ол 1,5 млрд. теңгеге жеткен.
Солардың біріне, Қаржы полициясының мәліметіне сәйкес, Ақмола облысындағы бір ауданның бұрынғы әкімі мен оның бірінші орынбасарына және ЖШС басшыларына «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 71 млн. теңгені негізсіз иемденген деген айып тағылуда.
Ал Қызылорда облысында аудандық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету секторының меңгерушісі бұлардан асып түсіп «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ЖШС-інде тұрақты жұмыс істейтін 22 адамды жұмыссыз ретінде жұмысқа тұрғызып, олардың есеп-шоттарына 1,5 млн. теңгеден астам қаражат аударған. Маңғыстау облысында МКК директоры іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға еңбекақы аудару арқылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген 2,8 млн. теңгені қолды қылған.
«Жол картасы» бағдарламасын іске асырамыз дегендер арасында бюджет қаражатын ұрлаумен қатар олардың парақорлық деректері де ашылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында 7 жылға сотталған Семей қаласының колледж директорының орынбасары «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде колледж базасында кәсіби оқу курстарын жеделдетіп өту туралы 18 жалған куәлік беру үшін жеке өзі және делдал арқылы пара алудың 25 көрінісі бойынша айыпталған.
Осы бағдарлама шеңберінде заң бұзған кәсіпкерлер бюджет қаражатын ұрлауда алдарына жан салмайды дейді қаржы полициясының өкілі. Соның бірі, мәселен, Маңғыстау облысындағы компания директоры 2009 жылы Жаңаөзен қаласының мектебінде жөндеу жүргізу барысында 11,2 млн. теңге бюджет қаражатын ұрласа, Қызылорда облысындағы ЖШС директоры жол құрылысы бойынша жалған актілер беру арқылы 25,9 млн. теңгені иемденген.
Қазіргі уақытта ауыз судың қадірі алтыннан да асып жығылатыны анық. Еліміздің кейбір аудандарында осындай тамақ жібітер судың тапшылығы қысқанда оларға тартылған көмекті көпсінгендер орта жолдан килігіп, сұмырай келсе су құридының керін келтіруде. Мәселен, олар тұрғындарды қажетті мөлшердегі ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыз су» бағдарламасы қаржысын ұрлап, мемлекетке 484,5 млн. теңге шығын келтірілген. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданның құрылыс бөлімінің бастығы және мемлекеттік коммуналдық мекеменің бұрынғы директоры 11,9 млн. теңгеге жұмыс атқарылды деп жалған актілерге қол қойған.
Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаржаттарын ұрлау көбінесе лауазымды тұлғалар мен мердігерлердің алдын ала сөз байласуы арқылы жасалады. Бұл орайда Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай: «Алматы облысында Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі бастығының «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлағаны анықталды. Ол «Строй Полимер и Деталь» және «СТ-ENGINEERING» ЖШС директорларымен сөз байласу арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету және құбыр жүйелерін қайта жасау бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, төлем жүргізген. Нәтижесінде 24 млн. теңгені ұрлауға көмектескен. Маңғыстау облысында да бір ауданның құрылыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы су құбырларының құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы жалған қабылдау актілеріне қол қойып, мемлекетке 19 млн. теңге шығын келтірген» дейді.
Осылайша қаржы полициясы келтірген деректерді тізе берсе тізіле береді. Мәселен, Астана қаласының құрылыс саласының қызметкері 32 млн. теңге және одан кейін тағы да 135 млн. теңге зиян келтірсе, Шығыс Қазақстан облысында ЖШС директоры 117 млн. теңге, Астана қаласында ЖШС директоры 159 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Мектеп және ауруханаларды салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау бұл кәсіпкерлер үшін заңсыз баюдың көзіне айналған.
Ал 2010-2011 жылдары «Астана қаласының азық-түлік белдеуі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын ұрлауға байланысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Бұл бағдарлама бойынша Астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық өндірушілеріне жеңілдетілген несие беру қарастырылғаны белгілі. Бірақ мұны өздеріне, яғни жеке мүдделеріне берілген артықшылық деп түсінген шенеуніктер сыбайласа әрекет етуге кіріскен. Содан Ақмола облысында аграрлық несиелік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары 101 млн. теңге мөлшеріндегі несиені заңсыз алуға жәрдемдесемін деп шартты түрде 5 жылға сотталды. Целиноград ауданының «Тұлпар» ауылдық өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде аграрлық несие корпорациясынан сүт өңдейтін жабдықтарға деп 216 млн. теңге несие алып, оны жеке басына пайдаланған. Ол да алты жылға сотталып тынды.
Жалпы, Агенттік төрағасы Рашид Түсіпбековтің бастамасымен қазіргі күнде Қаржы полициясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қанаты кеңінен жайылған, алымы орасан қуатты істер басталып, іргелі өзгерістерге жол ашылды. Алдағы уақытта жемқорлықсыз өмір сүретін күндердің де алыс еместігін осы қолға алынып жатқан сындарлы істер нәтижесінен байқауға болады. Мәселен, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай үстіміздегі жылдың 21 ақпанында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұловқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғанын, ол қазір Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің уақытша оқшаулау абақтысына қамалғанын жеткізді. Оған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тан облыстың әлеуметтік нысандарының құрылысына бөлінген қаражатты және бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан деген айып тағылып отыр.
Сол сияқты Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы С. Баймағамбетовке қатысты қызметтік міндетін теріс пайдалану және аса ірі мөлшерде пара алу фактілері бойынша қылмыстық іс тергелуде. Оған Кедендік бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің біріне басшылық лауазымға тағайындау үшін 50 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған деген айып тағылып отыр. Ал Алматы қаласының және Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, экс-министр В. Храпуновқа қатысты бірқатар сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыстарды жасау деректері бойынша 20 қылмыстық іс тергелуде. В. Храпуновқа сырттай айып тағылып, сот оны қамауға алуға санкция берді. Енді оған халықаралық іздеу де жарияланды. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімдері Ж.Бабаханов пен О.Сарбөпеевке қатысты қылмыстық іс те тергелуде. Оларға 200 пәтерлік тұрғын үй құрылысына бөлінген 188 млн. теңге тұратын бюджет қаражатын ұрлады деген айып тағылған көрінеді.
Бұдан басқа ресми өкіл 17 ақпанда Агенттік төрағасының бұйрығымен Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы департаментінің бастығы Дүйсеновтің қызметтен шеттетілгенін айтты.
Александр ТАСБОЛАТОВ.