Басынған барымташылар
Сейсенбі, 6 наурыз 2012 8:19
Ауыл-аймақта мал ұрлығы, барымташылық белең алып тұр. Олардың басынғандары соншалық, әлгілер тұрғындардың асырап отырған ақ адал малын алғашқыда жалқылап ұрласа, құныға келе үйірлеп ұрлауға көшті.
Солардың бірі Теректі ауданындағы Қоғалытүбек ауылының тұрғыны жайылымда жүрген төрт жылқысының ізім-ғайым жоғалып кеткендігі жөнінде жергілікті полицияға шағымданған. Аталған дерек бойынша шұғыл іздестіру шаралары қолға алынған. Тайпақ полиция бөлімшесінің бастығы подполковник А.Алдабергеновтің жетекшілігімен күндіз-түні жүргізілген іс-шара ақыры өз нәтижесін берді. Атырауға бағыт алған көзге күдікті көрінген көлікті тоқтатып, қорабын тексергенде, бөлшектелген жылқының ет-терісі табылды. Қылмыстық топ мүшелері 21-30 жас аралығындағы Атырау, Орал қалаларының тұрғындары болып шықты. Олар биылғы жылы Теректі ауданының «Ырыс» жайылымынан үш жылқыны барымталаса, Сырым ауданындағы Қызылағаш ауылы тұрғынының үш жылқысын қорасынан ұрлап кеткен. Ақжайық ауданы тұрғынының екі сиырын да ұрлаған осы қылмыскерлер болып шықты.
Фатихолла МАШТАҚОВ, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.