Мемлекет басшысы ресми сапары аясында Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінде болып, Кеңес төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті, сондай-ақ Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге алғашқы шетелдік сапарының символдық мәні зор екенін айтып, бұл өзара құрмет пен сенімге негізделген екіжақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтті.
– Қазақстанның жаңа Президенті ретіндегі менің міндетім – елдеріміз арасындағы одақтастық қарым-қатынастың дамуына мол еңбек сіңірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиясының сабақтастығын қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенконың ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы лауазымындағы қызметін жоғары бағалап, Федерация Кеңесінің спикеріне екіжақты парламенттік байланыстарды нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстар мен халықаралық құрылымдар аясындағы жемісті ынтымақтастық үшін ризашылық білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елдің интеграциялық күн тәртібі аясында өзара іс-қимылдарды кеңейту мәселелеріне арнайы тоқталды.
– 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммиті өтеді. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде еуразиялық интеграцияның дамуына барынша жағдай жасаймын. Біздің мемлекеттеріміздің парламенттері осы үдерістерге зор үлес қоса алады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Валентина Матвиенко парламентаралық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын айтып, осы сапар Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігіне тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Кестеңіздің тығыздығына қарамастан, Федерация Кеңесіне келуге уақыт тапқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Екіжақты парламенттік өзара іс-қимылдарды және ТМД Парламентаралық Ассамблея аясындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан жеке үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтқым келеді, – деді Валентина Матвиенко.
Соңында Валентина Матвиенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы сәуір айында Парламентаралық Ассамблеяның кезекті отырысы жоспарланғанын және осы жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның шақырылғаны туралы айтты.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездеспес бұрын Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Қазақстан Президенті Белгісіз жауынгер бейітінің жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті. Рәсім соңында Мемлекет басшысы Құрмет қарауылының сап түзеп өткен салтанатты маршын көрді.
Александр бағындағы Мәскеу Кремлінің қабырғасын бойлай орналасқан «Белгісіз жауынгер бейіті» Мемориалдық сәулет кешені Мәскеу үшін соғысқан жауынгерлердің құрметіне 1967 жылы салынды. Кешенге Ресей мәдени мұрасының нысаны, сондай-ақ Жалпыұлттық әскери даңқ мемориалы мәртебесі берілген.
Ресейге сапары қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Российская газета» басылымына сұхбат берген болатын. Онда Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас бүгінгі жаһандық қалтарыстар кезеңіндегі мемлекетаралық байланыстардың эталонына айналғанын айтқан еді. Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық пен стратегиялық әріптестікті нығайту тақырыбы кездесудегі негізгі басымдық беретін бағыт екенін де жеткізді. Сонымен қатар сұхбатында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сенімді одақтасы екенін, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету үшін, оның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша үлкен әлеует барына да назар аударған болатын. Бұл ретте Қазақстан Президенті ежелгі достықтың туы желбіреп, Ресей бұрынғыша Қазақстанның жетекші сауда серіктесі болып қала беретінін, бұл негізде екі ел арасындағы тауар айналымының жыл сайын артып келетінін, былтыр бұл көрсеткіш 17,6 миллиард долларды құрағанын айтады. Еліміздегі әрбір шетелдік үшінші кәсіпорын – ресейлік болса, олардың жалпы саны 9 мыңнан асатынын да мысалға келтірді.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта әлемде орын алып жатқан шынайы көріністерді былай сипаттайды. Жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, шиеленіскен геосаяси қақтығыстар мен санкциялар легі, көші-қон мәселесі, халықаралық қатынастардағы дағдарыстық құбылыстар, оқшаулану және протекционизм үрдістерінің артуы, әлемдік экономикалық өсімнің бәсеңдеуі, қаржы және валюта нарықтарындағы тұрақсыздық, әлемдік саудадағы ахуалдың құбылмалылығы – дамушы, дамыған елдерге салқынын тигізбей қоймайды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық аумалы-төкпелі кезеңге қарамастан Қазақстан Еуразиялық кеңістікте және кең ауқымда интеграциялық процестерді дәйекті түрде қолдайтынын тілге тиек етті. Қазақстан Батыс пен Ресей қарым-қатынасының жақсаратынынан үмітті. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекеттер үшін де шиеленістің тарқауы тиімді болмақ. Өйткені алдымен Үлкен Еуразияның экономикалық әлеуеті артады. Азия мен Еуропаның сауда-саттық байланысын жандандыруға негіз болатын Үлкен Еуразияның келешегіне сенім бар. Президент өз сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы ғаламшар халқының 45 пайызын, Еуразия аумағының 60 пайызын, әлемдік экономиканың үштен бірін біріктіріп отырғанын мысалға алған.
Сондай-ақ Еуразиядағы бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы құрлықтағы мемлекеттердің бірлескен іс-әрекеттері негізінде жүзеге асатынын айтады. «Біздің елдеріміз көпжақты халықаралық және өңіраралық алаңдарда тығыз өзара іс-қимыл жасайды және өз күш-жігерін үйлестіреді. Қазақстан Президенті ЕАЭО құрылымдары бүгінде Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің қозғаушы күші екенін жеткізеді.