Қоғам • 05 Сәуір, 2019

Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініштерді қарау тәртібі

1077 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініштерді қарау тәртібі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматы енгізілгені белгілі.

Алғашқы екі күн ішінде жергілікті атқарушы органдарға 73 364 адам өтініш білдірді, оның ішінде 33 432 адам АӘК тағайындауға өтініш берді. Бұл ретте азаматтардың басым бөлігі халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аудандық әкімдіктерде өтініштерді қабылдау бойынша қосымша пункттер ашылды.

Алғашқы күндер өтініш берген адамдардың санын ескере отырып, АӘК тағайындау тәртібін түсіндіру қажет деп санаймыз.

1-кезең: құжаттарды қабылдау және қалыптастыру

Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері өтініштерді қабылдайды және мемлекеттік органдардың электрондық базасын пайдалана отырып, қажетті құжаттарды дербес жинайды. Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда мемлекеттік органдарға жазбаша сұрау салу жіберіледі. Бұл ретте өтініш берушілер қажетті құжаттарды өз бетінше ұсына алады.

2-кезең: құжаттарды учаскелік комиссияға тапсыру

Бір жұмыс күні ішінде жиналған құжаттар учаскелік комиссияға жіберіледі. Комиссия құрамына жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативтерінің, халықтың, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдардың, құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді.

3-кезең: өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру

Құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде комиссия өтініш берушінің (отбасының) үйіне барып, оның материалдық жағдайына тексеру жүргізеді. Атап айтқанда, тұрғын үй-тұрмыстық жағдай, жеке қосалқы шаруашылықтың болуы және мұқтаждықтың басқа да белгілері ескеріледі.

Тексеру нәтижелері бойынша материалдық жағдай актісі жасалады, оның негізінде Жұмыспен қамту орталығына атаулы әлеуметтік көмек ұсыну қажеттілігі туралы қорытынды беріледі.

Сонымен бірге, аудандық комиссиялар өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын зерттеген кезде фото- видеофиксация құралдарын пайдалану қарастырылмаған.

Айта кету керек, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзі ретінде анықтауға құқылы.

4-кезең: АӘК тағайындау туралы шешімнің жобасын дайындау

Жұмыспен қамту орталығы алынған құжаттар мен учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде АӘК тағайындау туралы шешімнің жобасын дайындайды және оны жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жібереді.

5-кезең: уәкілетті органда қарау

Уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде құжаттарды тексереді және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мәліметтер жетіспеген жағдайда құжаттар жұмыспен қамту орталығына қайтарылады, ол өтініш берушімен бірге үш жұмыс күні ішінде құжаттар пакетін дұрыстайды.

6-кезең: өтініш берушіге хабарлама беру

Шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жұмыспен қамту орталығы өтініш берушіні хабардар етеді.

Бұдан бұрын атаулы әлеуметтік көмек алған адамдарға құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ екенін атап өткен жөн. Жергілікті атқарушы органдар шамамен 60 мың отбасының немесе 300 мың адамның деректерін өзектендірді, оларға бұрын тағайындалған АӘК сомаларын қайта есептеу жүргізіледі.