Аймақтар • 07 Сәуір, 2019

Жас суретшінің «Жетісу пейзажы» Жапонияны тәнті етті

1566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жас суретші Дайыр Серіктің қылқаламынан туған «Менің туған өлкем – Жетісу» атты пейзаж жұмысы жапон өнертанушыларының назарын аударды. Дайыр бүгінде Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-сыныпта оқиды.

Жас суретшінің «Жетісу пейзажы» Жапонияны тәнті етті

Жақында күншығыстағы Канагава аумағында «Childrens Museum of Art» атты XX халықаралық балалар суретінің көрмесі өткен екен. Әлемнің 90 елінде тұратын жасөспірім суретшілердің шығармашылық жұмыстары қойылған байқауда талдықорғандық оқушының пейзажы топ жарған. Мәртебелі қазылар алқасы Жетісудан жеткен суретті үздік деп тауып, оған «Канагава сыйлығын» беруді ұйғарыпты. 

- Сурет салу менің сүйікті ісім. Басқа да хоббилерім бар. Саксофон, фортепиано, флейтада ойнағанды ұнатамын және домбыра мен қыш өнері сабақтарына қатысамын. Бірақ, менің ең сүйікті әрі жүрегіме жақын хоббиім - ол сурет салу. Себебі ол мені шабыттандырады, айналадағы ең әдемі, ғажайып дүниелерді байқап, көңіл аударуды үйретеді, – дейді Дайыр.

Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебі негізінен физика-математика бағытында білім береді. Бірақ, оқушылардың шығармашлық қабілетін дамытып, қазақтың болашақтағы нағыз зиялы, білімді ұрпағын тәрбилеу жолындағы ұстаздар ізденісі ұшан-теңіз. Дайыр Серікті сурет өнеріне баулып жүрген өнер сабағының мұғалімі Тілеш Намазбеков те сондай ізденімпаз ұстаз. Шәкіртінің күгшығыс еліндегі жетістігіне шын жүректен қуанды.

- «Childrens Museum of Art» халықаралық байқауының қорытындысы бойынша біздің оқушымыздың қылқаламынан шыққан  сурет 30 мың жұмыстардың ішінен топ жарыпты. Дайыр «Канагава сыйлығымен» марапатталды. Біздің мектептің ған емес, тұтас Жетісудың қуанышы. Өйткені, өлкеміздің тұмса табиғаты бейнеленген «Менің туған өлкем - Жетісу» пейзажы ең үздік шығармалар жинағына кіретін топтамалардың қатарына іріктеліп алынды, - дейді Тілеш Намазбеков

Бұйырса, 7-сыныптың оқушысы Дайыр Серік жақында Жапонияға, халықаралық көрме жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысу үшін аттанбақ.


Алматы облысы