Руханият • 08 Сәуір, 2019

Майкөт ақын

2134 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Майкөт ақын

Қазақтың аса ірі дастаншысы, өте шебер төкпе ақын-жырауы Майкөт Сандыбайұлы 1837 жылы қазіргі Сарысу ауданының аймағындағы Қа­­­­ратаудың бөктеріндегі Шабақты өзенінің жағасындағы Бестоғай ал­қабында қарапайым шаруа отбасын­да дүниеге келген. Ұлы жүздің дула­тынан тараған ысты, оның Тілік атты атадан өсіп-өнген ұрпақ. Ұл­тымыздың ауыз әдебиетінің көр­­­­нек­ті тұлғалары Түбек, Құлыншақ, Бақ­тыбай, Майлықожамен қатар ата­латын Майкөт Сандыбайұлының есімі көпшілікке жеткен. Қашаннан-ақ өркениеттің алтын бесігі болған, неше бір бұлбұлдар мен дүлдүлдер еркін қанат қаққан қасиетті Қаратау топырағында өсіп, халық арасында жиі айтылатын ауызекі жырларды, қисса-эпостарды, аңыз-әндерді жаттап өскен Майкөт елге ерте таныла бастайды. Сөз мәйегіне уызы­нан жарыған бала шәкірт ауыл молдасының дүбәра оқуын місе тұт­пайды. Жасөспірім шағында Қара­­тау­дың күнгейіндегі Шаянға барып, Әппақ Ишан медресесінде сауатын ашады. Кейін оны Шоқай датқа өз қамқорлығына алып, болашағы зор жас ақынға мүмкіншіліктер жасайды. Оның тырнақалды туындысы бір тойда кездескен құдашаларға арналыпты:

Өсіпсің құдашалар бірдей болып,

Аршыған сабағынан гүлдей болып.
Болды ма сағынғаннан, сарғай­ғаннан,

Көзіме көрінесің үрдей болып.

Бұл өлеңде кәдімге қазақ ауылы­ның жарасымды әзіл-қалжыңы, на­зы, бозбала мен бойжеткеннің жү­рек лүпілі сезіледі. Зер сал­саңыз, таңға­ларлық ғажайып сурет емес пе?!

Майкөт жігіт шағында Қаратау өңіріне аты шыққан ағайыны Шоқай датқаның арқасында жақсы ат мініп, жақсы киім киіп, әлденеше нөкер ер­тіп, салтанатпен ел аралап, сал-серілік құрған. Жасынан-ақ бүкіл Қаратау, Сарыарқа өңіріне, Сыр бойына аты мәшһүр ақын және жырау ретінде танылған екен. 

Майкөт Сандыбайұлы Сыпыра жырау, Асан қайғы мен Бұқар жырау дәстүрінің жаңашылдығын жандантып, бұйығылана бастаған рауан рухты қайта оятып, поэзияның ыстық демінің көкіректегі қоламта шоғын үрледі. Майкөт Майлықожа, Құлыншақ, Түбек, Мәделіқожа, Бұ­дабай, Бақтыбай және басқа жыр тар­ландарымен айтысып, ақындық биігін шыңдады. Оның Бөлтірікпен сөз қағысуында «Сен түгіл Сүйінбай мен Бақтыбайдың бәпі­гін Майкөт ағаң басқан, бала» деуіне қа­рағанда, жасы екі мүшелдей үлкен Сүйінбай Аронұлымен айтысқандағы жыр шоқ­­парын сүйсінбеу оқу мүмкін емес. Май­көт ақынның біраз шығармалары («Сарыбай асында айтқан құттықтау толғауы», «Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы» және де басқа айтыс­тары) ұлттық поэзия қорына, жыр әлеміне енді.

Ал осы құттықтау толғау, дидарласу қалай өтті дегенге келетін болсақ, 1890 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жазылғандай, Алатау аймағының атақты биі Сарыбай Айдосұлы қайтыс болады да, 1891 жылы Майтөбе жайлауында ас болатындығы айтылады. Уағдалы хабарланған уақытта Майтөбеде Үлкенсаз жайлауында Екейдің беделді адамы Сарыбайға ас беріледі. Бұған көрші қырғыз елі, бір жағы Шымкент, Әулиеата, бір жағы Жоңғар Алатауындағы най­ман, жалайыр, төрдегі албан жұрты шақырылады. Майкөт ақын сай­рамдық датқа Бүркітбаймен қырық кісі болып жолға шығады. Жігіттердің мін­гені кілең алқымы іспес арғымақ: он боз жорға, он қара жорға, он күрең жорға, он шұбар жорға. Астарындағы аттардың түр-түсіне қарай жігіттер де сән-салтанатпен киі­ніп шығады, сырттарынан қарағанда көз тартатын топ Қарабалтаға жеткенде Бүркітбай датқа нау­қастанып кері қайтады да, топты Майкөт бас­тап асқа келеді. Ас жиынының иесі Сүйінбай болады да, ал Жәпек батырдың ұрпағы Қо­сай Әжібаев асты басқарады. Талай дүл­дүл ақын-жыраулар айтысқа түсіп, жиынды қыздырады. Осы асқа отыз кісімен ат терлетіп жеткен Майкөт ақын­ға кезек келгенде ол қолына дом­бырасын алып, жыр тиегін селдей ағытады.

Бұл сәтте ас қамында жүрген Жам­­­был алыс­тан ат арылтып келген Май­­көттің алдынан дер кезінде шыға алмай қалады. Бұған Майкөт ағалық наз білдіріп, қасына Жамбылды ша­қы­рып алдырады. Сол жолы Жамбыл:

Ассалаумағалейкум, Майкөт аға, 
Естіп даусыңызды келдім жаңа
Алдынан үлкендердің өтпейін деп,
Аялдап әдеп еттім біраз ғана.
Сіз бе еді ақын аға, Майкөт деген,
Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген,

– деп жасы үлкен ағаға сәлем бере танысқанда, риза болған Майкөт:

Бәрекелді, Жамбылым, 
Сөз жүйесін келтірдің 
Аңғарыңды таныдым,
Көтеріліп желпіндім
Аталы сөз мәні мол
Жылағымды келтірдің, 
Тал бойыңда бар екен 
Алыс шабар серпінің.
Тауып айтқан сөзіңе,
Селт еттім де серпілдім.
Мейірім түсті өзіңе,
Бата берсем деп тұрмын.

– деп Жамбылға ыстық ықылас біл­діре­ді. 

Асқа қатысқан көпшілік Майкөт­­­­­­тің айтқыш­­тығына риза болып, үлкен қо­шемет көрсетеді. Асты билеп тұр­­ған Құдайберген ақынға ақбас атан, торы құлынды бие, торы ат, бір мауыты шекпен беріпті. Ол кезде түйе 20 сом, жылқы 15 сом, қой 3 сом екен.­ Сол жерде аты аталған саң­лақ­­тар, бай-шонжарлар, датқа мен бо­­лыс­­тардың кемі 10 сомнан сый-қар­жы ортаға түседі. Сөйтіп Майкөт бастаған жігіттердің қоржындары ақ­шаға толады. Сол ас-жиыннан үлкен сый-абыроймен шыққан сері топты қырғыз ағайындар жол бойында Қор­дайдан қошеметпен күтіп алып, ән-жырын тамашалап, белгілі манаптар ауыл-ауылға қонаққа шақырып, үш жыл бойы қонақ етіпті. Әулеата өңі­ріне оралғанда олардың алдында үйір-үйір жылқы, қора-қора қой болыпты. Оларын ел-жұртқа таратып беріп, ағайын-туыстарын қарық етіп тастапты. 

Майкөттің шырқау шеберлігінің танылатын тұсы Құланаяң Құлмам­бетпен (1826-1903 ж.ж.) атақты айтысы. Ненің не, кімнің кім, қандайдың қандай ақын екені сол арқылы бай­­­­­­­қалады. Осы орайда Қазанғап Бай­болұлы жиған нұсқадан үзінді кел­тіргеніміз жөн. Қырғызда қара Бәйтік той жасап, соған Құлманбет ақын келіп Майкөт ақынмен екеуі айтысады.

Бәйтік батыр айтыс соңында Май­көтке түйе, Құлмамбетке ат береді. Түйе алған соң Майкөт жеңді болады.

Жамбыл мен Майкөт айтысқан емес. Олар бірін-бірі құрметтеп, сыйласып өтті. Оған Жамбылдың мына жыр жолдары куә. Бақты­баймен ди­дар­ласқан Жамбыл:
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майкөт ақын, Құлмамбет,

Орын берді қасынан, –

деп өзін Майкөт пен Құлмамбетке жуық санайды, солардың қатарында ұстайды. Кезінде Кенен Әзірбаев та «Өтеді өмір» атты арнауында:

Мәді мен Майлықожа, Майкөт ақын,
Шығарған өнерімен жұртқа даң­қын.
Махамбет, Шернияз бен Тәттімбет­тер,

Кім білмес осылардың ардақты а­ты­н, 

– деп жырлаған. Қырғыз әдебиетінің классигі Тоғалақ молда «Қазақ ақын­да­­ры» деген толға­уында Мәулікей, Жүсіпбек, Сүйінбай, Майкөт ақын­дар­ға ерекше зор баға береді.

Тоқпақта, үлкен жиында,
Майкөтті көрдім көзіммен.
Байқатып өтем сөзіммен,
Қаршығадай түйілген,

Өзі салдай киінген, –

деп бастап әрі қарай Майкөттің жиырма жастан жүз жасқа дейін жырлаған жырын келтіреді. 

Майкөттің есімі тек айтыс өнерінде ғана аталмайды, ол ел ішіндегі аңыз-­әңгімелерді есіне сақтап, бізге жет­кізуші ақын ретінде танымал жыр­шы. Бұл да ақиық ақынның ең­бек­­­­қор­­лығын, ізденгіштігін, келер­ ұр­­пақ­қа алдындағы азаматтық жауап­­кершілігін терең сезінгендігін та­нытса керек. Сондықтан да болар ол айтқан «Көрұғлы» мен «Ал­па­мыстың» нұсқаларын кәсіби маман­дардың теңдесі жоқ құбылыс деп санауы бекерден бекер емес. Халық ауыз әдебиетін зерттеуші-ғалым Мыр­затай Жолдасбеков өз сөзінде: «Майкөт – аса ірі, өте шебер ақын. Оны оқушы қауым «Құлмамбет айтысынан», «Алпамыс»жырларынан да анық біледі. Ол неше алуан эпос­тар­ды, хиссаларды жырлап, байтақ аңыз-әңгімелерді баян еткен. Жамбыл «Көр­­ұғлы сұлтанды» Сарыбайдың асы өткен соң Әулие атаға арнайы іздеп барып, осы Майкөттен үйренген. Майкөт «Көрұғлыны» қырық күн жырлайды екен. Жамбыл он бес күн жырлаған» деп атап көрсеткен болатын. Ал, Май­көт «Алпамысты» (бізге жеткен дастанның арасындағы қара сөздерді қоспағанда 3840 өлең жол) жырлағанда тау суындай сарқырап, бәйгеге салған сәйгүліктей екпіндетіп отырған», дейді.

Заңғар сөз зергері Мұхтар Әуезов: «Бір күнде он жеті ақынмен айтысқан Жанақ сол жол­дың өзінде «Қозы Көрпеш-Баянды» жаңа­дан, тыңнан жырлап шыққаны мәлім. Ал айтыс­тың Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ірі ақындары, екінші жағынан, ірі дас­таншы ақындары болғаны да мәлім.

…Қазақта бұл өңірде сол тұста атақты, дәу­­лескер ақыннан Майкөт ақын, Жалайыр Қабек, Бақтыбай ақын, Құланаяң Құлманбеттер бар» десе, Есмағанбет Ысмайлов: «ХІХ ғасырда бел­гілі айтыс дәстүрін, айтыс мектебін жасаған Орын­бай, Шөже, Жанақ, Әсет, Айсұлу, Сара, Сүйінбай, Майкөт, т.б. ақындар болды», деп жазды өздерінің зерттеу еңбектерінде.

Арқа бойынан шыққан Сеңгірбай батыр «Бек­­лер бегі» дәрежесіне кө­­терілгенде, «хан ғұзы­ры» аманат еті­ліп, «ханжығар», «хан атасы» деген дә­режеге ие болады. Сол кезде желдей жүй­рік Майкөт ақын Сеңгірбай жайында былай деп толғаған екен (Р.Бимендина, «Егемен Қазақ­стан», 13.06.2016):
«Сеңгірбай «бек» – «жарғыш» 
болған Абылайға,
Тәубе қыл, әлі де Алла, бір Құдайға.
Бөрі-екем! Одан туған батыр болған,

Өтірік мақтамаймын, осылай ма?». 

Ақынның Бөрі деп отырған адамы – Сеңгір­бай батырдың бесінші баласы екен. «Жарғыш» деген сөзді бұрмалап түсініп қалып жүрмеңіздер, ол бұл арада бас кеңесші деген ма­ғынада айтылып отыр. Мұндай зор атақ, дәрежені билердің арасынан Әй­теке би иеленген. Көріп отырсыздар, Майкөт тек Қаратау, Жетісу мен Сыр өңі­рінде ғана өнер көрсетпей, Са­ры­­арқа елінің де жиі­ қонағы болғаны бел­гілі ақын.

Әулиеата өңіріне аты жақсы таныс Сеңкібай батыр Талас өзенінің суын егіндікке пайдалану үшін жергілікті халықты ұйымдастырып то­ған-канал қаздырып, оның қысқа мерзімде аяқ­талуына күш салады. Сөйтіп, бір дүйім елдің егіс­тігін суландырып, жұрттың батасын алады (Сең­кібай каналы соңғы кезге дейін сақталған, батыр есімімен аталады). Сол игілікті істің ба­сы-қасында болған Майкөт ақын былай деп жыр­ға қосады:

Атасы Сеңкібайдың Қабан батыр,

Бақ-дәулет ұрпағына қонып жатыр.
Таластан тоған қазып, егін салып,

Суландырған даласын о да батыр.

Майкөттің баласы Арқабай ақын (1872-1934) Байзақ ауданында туып-өсті. Әке жолын қуып, өнер сапарымен қазақ, қырғыз, өзбек елдерін аралады, халық ақыны атанды. Ұл­­­бике, Сауытбек, Қылышбай, т.б. ақындармен айтысқан. Бірқатар ел билеуші-болыстарға арнап өлең­­дер шығарған. Қырғыз манабы Шәб­­деннің тойында қазақ, қырғыз ақын-жырауларының бірқатарымен (Жам­был, Кенен Әзірбаев, Жәміл, Қалмырза, т.б.) өнер жарыстырған. Қобызшы, домбырашы, сырнайшы да болған. Халық дас­тандарын («Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Нәрік батыр», т.б.) жатқа айтатын жыршы болған. Арқабайдың өнері, жалпы Май­көт әулетіндегі шығарма дәстүр әзірге дейін ар­на­йы зерттеуге тартылмаған» деген мәлі­меттер бар.

Дүйсенбек Мұсаевтың дерегіне қара­ғанда, Арқада 1902 жылы қыс­та қайтыс болған Май­көтті сол Сары­арқа даласына халқы аманат етіп қой­ған. Кейін сүйегі Әулиеатаға үл­кен құрмет­пен әкелініп, Сеңкібай қор­ғанына жер­ленген. Өкінішке қарай, кеңестік заманда ол қорған жермен жек­сен етіліп, тегістелініп, суармалы егіндікке айналдырылған. Бірақ жергілікті ха­­­лық ол жерді әлі де «Сеңкібай қорғаны» деп ата­­ған­мен, арнайы еш белгі жоқ.

Ақын-жырау М.Сандыбайұлының 190 жыл­дығы 2014 жылы туған же­рін­де аталып өтіп, оның есімі Та­раз қа­ласының бір көшесіне бе­рілді. Ха­лық ауыз әдебиетінің қай­­нар кө­зі деп саналатын ақындық өнер­дің­ майталманы Майкөт жайлы­ жа­зыл­ған алғашқы «Жампоз» ат­ты жинақ-еңбек 2004 жылы Ал­ма­ты­дағы «Қазақпарат» баспасынан (құ­­рас­тырғандар Аян Нысаналин, Серік­бек Еркінбекұлы) жарық көріп­ті. Көлемі 220 беттік кітапта ақын-жыр­шының қысқаша өмірбаяны кел­тіріліп, шығармашылығы туралы біраз мәлі­­­меттер берілген. 

Қазақтың фольклор жинаушы­сы және зерт­­­­теуші Әбубәкір Ахмет­жан­­­ұлы Диваев: «Қара­таудың күл­лі маржанын алқа етіп тағып ал­ған ақын» деп бағалаған Майкөт Санды­байұлының мұрасын зерделеу қазіргі ғалымдар арасында қолдау табары сөзсіз. 


Сағындық ОРДАБЕКОВ,


дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


ТАРАЗ