Қоғам • 08 Сәуір, 2019

Көп балалы отбасыларға көп көмек көрсетілуде

1627 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылғы қыста көп балалы отбасылардың бірінің кенеттен тап болған қасіретіне қоғам, ел болып қайғырдық. Кішкентай балаларын көтеріп, әкімдіктерге жеткен аналардың мұң мен зары бәрімізге де айналамызға қарап, арамызда тіршілік қиындығын тартып жүрген көп балалы отбасылардың шырқыраған жанайқайына назар аударта бастады.

Көп балалы отбасыларға  көп көмек көрсетілуде

Сол-ақ екен, үлкен-кіші әкім-қара­­лардың да есіктері ашылып, көп бала­лы аналар өтініштерін айтуға мүм­кіндік алды. Қазір жергілікті билік өкілдері аналармен арна­йы жүз­де­сіп, мұң-мұқтаждарын тың­дап, біртін­деп көмек көрсете бастады. Облыс­тық мәслихаттағы 28 депутат­тың қатарын­да­ғы кәсіпкерлерге бірне­ше отбасын қамқорлыққа алу жүк­тел­ді. Өңірде бюд­жеттік қаржы мен демеу­шілер есебі­нен өтетін аста-төк той­лар мен мереке­лік шаралардың саны қысқарды. Депутат­тар облыстық мәслихаттың 25 жылды­ғын атап өтуге, кітап шығарудан бас тар­тып­ты.

Облыс әкімі Болат Бақауов та көп балалы аналармен кездесіп, оларды алаңдатқан мәселелерді тыңдады. Өңір­де­гі аудан-қала әкімдеріне тиісті тапсырма берілді. Соның бірі, ұзақ жыл бойы қалада пәтер жалдап, тұрғын үй кезегінде тұрған бірқатар отбасы ауылдарға қоныс аударатын болды. Яғни, ауылдардағы коммуналдық мен­шік­­тегі үйлер тізімге алынып, күр­де­лі жөндеуден өткізілген соң, көп балалы отбасыларға беріледі. Мысалы, Екібастұз қаласы мен қалаға қарасты ауылдарды қосқанда көп балалы 1728 отбасы тұрады. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов көп балалы аналар жанайқайы естіле бастағанда қалада біреудің ауласындағы кішігірім шағын үйлерде тұрып жатқан 16 отбасымен кездесті. Сөйтіп қалада иесіз қалған 13 пәтерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аталған отбасыларға беру тура­лы шешімге келді. 

Ал жуырда облыс орталығында жылдар бойы пәтер жалдап тұрған көп балалы Қапжасаровтардың отбасы Успен ауданы Ковалевка ауылына көшіп барды. Әнуар мен Елена қалада тұрған 10 жыл аралығында 15 рет жалдамалы пәтер ауыстырыпты. Кенже ұлы қаңтар айында дүниеге келген екен. Елена облыс әкімінің көп балалы аналармен кездесуіне үй жағдайы мәселесі шешілер деген үмітпен барғанын айтады. Әкімдік Қапжасаровтар отбасына Ковалевка ауылындағы үйге көшуді ұсынды. Қазір отбасы барлық жағдайы жасалған, орталықтандырылған су жүйесі тартылған жайлы үйге қоныс­тан­ды. Отағасы Әнуар ауылдағы шаруа қожалығына жұмысқа тұрыпты. Отбасы алдағы уақытта құс, мал өсірмекші. – Әрине мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке қуаныштымыз. Үмітім ақталды. Қиын күндер енді артта қалсын, дейді Елена. 
Көп балалы отбасылардың көбі, тіпті өзде­ріне тие­сілі қандай мемлекеттік бағ­дар­ла­малар бар екенінен хабарсыз. 

Қалада жылдар бойы пәтерде жүрген Жанаргүл Исабаеваның жолдасы қайтыс болған. Жалғыз өзі төрт бала­сын өсі­ріп, тәрбиелеп отыр. Алға жыл­жи қой­май­­тын үй кезегіне 15 жыл бұрын тұрған екен. 

– Облыс басшысы бізбен кездескенде «Ауылдан үй беріп, жағдайларыңызды жасасақ, көшер ме едіңіздер?» деп сұрады. Мен бұл ұсынысқа қуана келістім, дейді Жанаргүл.

Қазір Жанаргүл балаларымен бірге аудан орталығы Шарбақты ауылындағы үш бөлмелі үйге келіп қоныстанды. Қызы Назым биыл педагогикалық колледжді бітіреді. Аудан әкімдігі Назымға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 0,01 пайызбен 15 жылға 3,7 миллион теңге несие бермекші. Ал Жанаргүл Исабаева болса «Бизнес бастау» жобасы аясында арнайы оқудан өтіп, грант алғысы келеді. 
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қамалованың айтуынша, қазір ауылға көшетін тағы 7 отбасы үшін үй қарастырылуда. Бұл үрдіс әрі қарай жалғаса береді. 

Бүгінде өңірде төрт және одан да көп баласы бар 3839 отбасы тұрады. Олардың 300-ден астамына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. 691 көп балалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Жалпы, көп балалы отбасылардың дені облыс орталығында пәтер жалдап тұрады. Облыстық әкімдіктің бас­та­масымен отбасыларды ауылға қайта көшірудің тиімділігі біріншіден, аудандық әкімдіктер үймен қамтуға көмек­теседі, екіншіден, жұмыс тауып береді, үшіншіден, жұрты көшіп бос қалған ауыл ортасы толады, мектепте бала көбейеді.

Қапжасаровтар көшіп барған Успен ауданында көп балалы 109 отбасы тұрып жатыр. Шарбақты ауданының Шалдай ауылында екі пәтерлік тұрғын үйлер бос тұр. Бұдан басқа, барлық аудандарда коммуналдық меншіктегі үйлер де бар. Баянауыл ауданында үйсіз 11 көп балалы отбасы көшіп-қонуға мәжбүр. Аудан орталығында тіпті жалдап тұруға да үй табу қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Бірлік ауылындағы екі қабатты ескі үйді жөндемек. Аққулы ауда­нында көп балалы 124 отбасы тұрады. Олардың қатарында 25-інің жағдайы төмен болса, 13 отағасы жұмыссыз.

Ал облыс орталығына келсек, қазір қалада 1435 көп балалы отбасы тұрады. Қала әкімдігінің мәліметінше, пәтер жалдап тұратындар саны аз емес. Әкімдіктің жанынан құрылған жұмыс тобы да аналар жанайқайынан соң, көп балалы отбасылар тұратын 400-ден астам үйді аралап шығыпты. Қала бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте тұрғандардың саны – 1500 отбасы. Қазір облыс орталығындағы коммуналдық тұрғын үйлер мен жатақханаларда тексеру жұмыстары жүргізілуде

Сондай-ақ қаладағы Кривенко көшесі 25 мекенжайында қоғамдық кеңес құрылып, отбасылардың арыз-шағым­да­рын қабылдауда. Алдағы уақытта халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бо­йынша қоғамдық қабылдау жүргізу үшін мобильдік орталықтың жұмысы басталады. Nur Otan партиясының өңірлік филиалының мәліметінше, биыл көп балалы отбасыларға арендалық үй беруге 1 млрд 883 миллион теңге бөлінеді. Қаржының 1 млрд 523 миллион теңгесі республикалық, 359 миллион теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған. 

– Қазір 1285 пәтерлі 21 тұрғын үйдің жобалық-сметасы дайын. Тоғыз қабатты 2 үй облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданында, 10 үй Екібастұзда, 4 үй Ақсуда және 5 ауданда 2 және 24 пәтерлі үйлер салынады, – дейді партия филиалы басшысының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева.

Сонымен қатар облыс орталығында, Екібастұзда, Ақсуда тұратын көп балалы отбасылардың балалары енді қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Тасымалдаушы автопарк иелерімен бұл жұмыс реттелуде. Екіншіден, елімізде қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенінен хабарсыз отбасылар үшін арнайы кітапшалар жасалып, ауылда, қалада тұратын отбасыларға жолданды. 

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, мектептерде үш ай са­йын ата-аналардан мекенжай, жұмыс орны туралы анықтама талап етіледі. Тұрғындар қандай да бір көмекке жүгініп, өзіне тиесілі жәрдемақы, басқа да қолдауға ие болайын десе, әр есікке бір жүгіреді. Жүгірістен шаршаған отбасылар көмектен, жеңілдік алудан қағылып отыр. 

Облыс әкімі Болат Бақауов көп бала­лы отбасыларға көмектің бір реттік болмауын, яғни көп балалы, аз қамта­ма­сыз етілген отбасы балаларының бала­бақ­шаға тегін баруы, мектепте тегін тамақ­пен қамтылуы, қоғамдық көлікте тегін қатынауы, мемлекеттік гранттарға ие болып, жатақханада тұруы, отбасы мүше­ле­рінің жұмысқа орналасып, үйлі болуы жергілікті әкімдіктердің атқаратын шаруасы болатынын тапсырды. 

Облыстық мәслихаттың шешімімен өңірдегі көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдауға 2 млрд теңге жұмсалмақ. Ақсу қаласының Астана көшесі, 58 мекенжайындағы 102 пәтер­лік тұрғын үйді сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Көп балалы отбасы­лардың 3,5 мың баласы балалар бақшасына тегін баруда, сондай-ақ 12,5 мың оқушының мектепте тегін тамақ­тануы, жазғы демалысы мен киім-кешек­пен қамтылуы қолға алынады. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашқысы келетін көп балалы отбасылар үшін 200 АЕК-ке дейін қайтарымсыз грант берілмек. 
Көп балалы отбасыларға арналған игі жұмыстардың жүзеге асуына тек бюджет қаражаты жетпейді. Яғни, ел назарын аудар­ып отырған бұл мәселеге қоғам­ның, кәсіпкерлік саласының бар­лық өкілдері жұмылуы қажет. Қала және аудан әкімдері, барлық дең­гей­­дегі мәслихаттар депутаттары бизнес өкілдерімен бірлесе іске кіріссе, игілік­пен орта толады. 

Павлодар облысы