Әдебиет • 08 Сәуір, 2019

Түн – менің жұбанышым

1470 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға ақын Ерғали Бақаштың бір топ лирикалық өлеңдерін ұсынамыз. Е.Бақаш 1982 жылы дүниеге келген. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. «Дала», «Жұрағат», «Алаш», «Дарабоз» журналдарында жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Бұл күнде Алматы қаласы «Бөбек» Ұлттық орталығында редакциялық-баспа бөлімінің редакторы болып қызмет істейді.

Түн – менің жұбанышым

***

Көл көрдім мен тостағандай көзіңнен,

Батып кеттім, тілдесе алмай өзіңмен.

Ақ жал толқын жағаға атып ойнайды,

Бейіс бақтың самалы есіп сөзіңнен.

 

Қыр жайқалып жұпар шашқан деміңнен,

Бар тіршілік құлпырады еміңнен.

Саған ынтық болмас едім, мен рас,

Жаралғанда теңіңмен.

 

Түн жылайды, сен ұйқыңнан оянсаң,

Күн мұңаяр әдемі боп боянсаң.

Арманым жоқ, сенің сұлу бейнеңе,

Жырдан мүсін қоя алсам!

 

Бірақ ол да асыра алмас бағаңды,

Әзіз көркің жарық қылған қараңды.

Сенің мінсіз сұлулығың нұр шашып,

Жер бетіне шуақ болып таралды.

 

Күйкі тірлік қажытқанда езгілеп,

Сені ойласам, санамнан мұң безді кеп.

Тіршілікке іңкәр қылып қоятын,

Аяулы жан сағынамын сені көп.



Түн менің — жұбанышым


Түн мені түрткілейді,

Тұншығып қалатындай.

Ақ бұлттар күркірейді,

Тағы да жауатындай.


Тарс жұмып, көзімді ашсам,

Түнектен ораламын.

Тас түйін сөзімді айтсам,

Кебінге оранамын.


Несіне қымсынамын,

Түн менің жұбанышым.

Қол созып ұмсынамын,

Қылпылдап тұрады ішім.


Көрінбес көзге тұнық,

Бар онда ғажайып бір.

Құнықсаң түнге құнық,

Ықылас азайып тұр.


Түн деген қара кісі,

Қара атын қамшылайды.

Ақша бұлт жыламсырап,

Көз жасы тамшылайды.


 Мойындау


Түн түнекке айналып,

Қалғып кетті жұлдыздар.

Ай бұлттарға байланып,

Үдей соқты түнгі ызғар.


Жер жігінен қозғалып,

Шыр айналды ұршықтай.

Тіл ұшында сөз қалып,

Ниет еттім тұншықпай.


Аспан тыныс, тарылтып,

Аласарып кеткендей.

Бірақ мұңнан арылтып,

Бір көгершін жеткендей


Түннен сұрап көрімдік,

Жеттік міне, жарыққа.

Қап-қара боп көріндік,

Бірақ неге халыққа.


Оның сыры мойындау,

Аққа күйе жұққанын.

Қара түнде мұңайып,

Жалғыз қалам, ұққаным...



Сары қыз – сары күз


Сары қыз келді ауылға жылдағыдай,

Көңілім сол баяғы қырдағыдай.

Былтырғы аяқталмай қалған сырдың,

Қызығы ертегі, аңыз, жырдағыдай.


Өзгеріп кетпес дүние өздігінен,

Дерегін таптым өмір сөздігінен.

Әжемнің ақ жаулығын келіні алып,

Атамның ағаш жондым кездігімен.


Қас-қағым өтті бәрі қабаттасып,

Әккілік аңғалдықпен қанаттасып.

Сары қыз жасыма жас қосып берді,

Әдемі әзіліміз сабақтасып.


Көрмеген көңіл шіркін күдіктеніп,

Сондықтан жүрем ылғи үміттеніп.

Сары қыз ақылыма ақыл қосты,

Байсалды мінезімен күліп келіп.


Сезеді жүрек мұңға байланғанын,

Еске алып қызды ауылға сайланғанын.

Білсем де, білмеген боп жүрем енді,

Сары қыз – сары күзге айналғанын...


***

Күнәдан пәк сұлулығың көзді арбап,

Қиял-құсым әлеміңді жүр барлап.

Көңілімнің бақшасына қонсаң ғой,

Жан тербетер, құдіретті сөзді арнап.


О, перизат!

Бұлбұл үнді гүлзарым,

Махаббаттың арқалатқан мұң-зарын.

Мәртпін, бірақ, шаһарым жоқ сыйлайтын,

Ал, Хафиздей түсіне алам қыз жанын.


Гүл мен қайың саған теңеу бола алмас,

Өйткені олар семсе қайтып оңалмас.

Тәңір сені қызғаныш қып жаратты,

Ғашық жанның жүрегінен жоғалмас.


Тыңда мені, айлалы өмір түлкідей,

Қырын қарап, жиырылғанша кірпідей.

Қас сұлулық болмаса егер жалғанда,

Ізгілік те, естілер ед түрпідей...


Күн мен Айдай дараланған бөлексің,

Зерттелмеген, жұпары мол түбексің.

Жан баласы көрген замат таңданып,

Кеуделерде дүрсілдеген жүрексің.


Көңіл шулап,

Жел жұлқыған емендей,

Әппақ өмір бәйек боп жүр енемдей.

Тереземнен сығалайды қоңыр кеш,

Бөлмеме сен жарық болып енердей.


***


Тіл байланған көркіңе іштей сүйініп,

Сәмбі талдай тұрсың әсем иіліп.

Жанарыңа мынау жалған бес күннің,

Мұң-шаттығын қойғандайсың иіріп.


Теңіз сынды гауһар жатқан түбінде,

Көзіңе үнсіз қарай берем, түңілме.

Маужыраған дүниені көркіңмен,

Ұйқысынан ояттың сен бүгін де.


Сұлулықтың түп-төркіні жаралған,

Келдің бе сен бізге жұмбақ аралдан.

Ардай әппақ жүрегіңде жатқандай,

Тазалықтың бәсіресі жоғалған.


Күйіксің сен,

Әрі шаттық шалқыған,

Сұлулығың жүректерді шарпыған.

Менің жүйірік қиял құсым қалықтап,

Сенің мөлдір әлеміңде қалқыған.


Сорлы жүрек сорға бола сүйесің,

От жанардың жалынына күйесің.

Сені көріп жүрегіме жерлегем,

Махаббаттың мәңгі өлмейтін киесін.


Көрген жандар аһ ұрады тесіліп,

Бөтен ойлар іштерінде есіріп...

Теңдесі жоқ сұлулықты кей сәтте,

Ардың өзі бағалайды кешігіп.