Саясат • 09 Сәуір, 2019

Субсидиялаудың электрондық ақпараттық жүйесі дайындалып жатыр - С.Омаров

1108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес 2019 жылдың 1 ақпанынан бастап субсидиялау тек электрондық түрде ғана жүзеге асырылатын болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров мәлімдеді.

Субсидиялаудың электрондық ақпараттық жүйесі дайындалып жатыр - С.Омаров

«Ақпараттық-есептеу орталығы Транстелекоммен бірлесіп инвестиция салып, Qoldau.kz платформасында субсидиялаудың электрондық ақпараттық жүйесін әзірлеп шықты. Транстелеком жүйеге қызмет көрсеткені үшін төленетін ақыны екінші деңгейдегі банктерден алуды жоспарлаған болатын.

Алайда, банктермен жүргізілген келіссөздерден кейін Транстелекомнан 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ақыны Qoldau.kz платформасындағы жеке кабинетте тіркелу кезінде бір реттік жылдық абоненттік төлем ретінде ауыл шаруашылығы өндірушілері мен басқа да жүйеге қатысушылардан алу туралы ұсыныс келіп түсті» деді Министр.

Бұл ұсыныс ағымдағы жылдың 8 сәуірінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес-қауымдастықпен талқыға салынып, жалпы қолдау тапқан. Осы аптадан бастап өтінімдер қабылданып, олармен жұмыс істелмек.

Qoldau.kz платформасында субсидиялаудан басқа, егіс алаңдарын, жайылымдарды цифрландыру, мемлекеттік дерекқорлармен интеграция, ғарыштық түсірілімдер негізіндегі метео-болжамдар, топырақтың ылғалдылығын өлшеу құралдары секілді және тағы да басқа бүкіл контент қолжетімді болады.

Бұдан басқа, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кеңесте субсидиялауға арналған электрондық өтініммен қатар қағаз түрінде де өтінім беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Аталған ұсыныс мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталатын болады.

«Көптеген агроөнеркәсіптік кешен субъектілері бір тоқсанның өзінде-ақ пайыздық мөлшерлеме бойынша субсидия алу мүмкіндігінен айрылғандықтан, Субсидиялау қағидаларына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кредиттер бойынша субсидия беру бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарланып отыр» деді С.Омаров.