Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова және «СҚ-Фармация» ЖШС төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп хабарлады.
«Бір жыл бұрын тегін дәрі-дәрмектерді жеткізудегі іркілістер туралы көптеген шағымның аясында, сонымен қоса сатып алу уақытында жүргізілген дәрілерге де, 2018 жылдың наурыз-сәуір айларында министрлік тексеру жүргізу үшін өңірлерде мониторингтік топтар құру туралы шешім қабылдады» деді Л.Бюрабекова.
«Елдің 11 өңірінде 2016- 2017 жылдардағы дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың қалдықтарының жалпы сомасы 4,3 млрд теңге. Бас прокуратураның тексеру қорытындысы бойынша өңірлерде бүгінде 20-дан астам қылмыстық іс қозғалды. 2018 жылы Қазақстанның 70 медициналық мекемесінде психиатриялық, онкологиялық аурулармен, АИТВ/ЖИТС және туберкулезбен ауыратын науқастарға дәрілік заттарды ұтымды пайдалануды және науқастардың дәрілік заттармен қамтамасыз етілуін талдау мониторингі жүргізілді» деді Л.Бюрабекова.
Мониторинг нәтижесі бойынша қажеттіліктің дұрыс қалыптаспауы, науқастардың дәрілік заттармен толық көлемде және тұрақты емес қамтамасыз етілуі, дәрілік заттарды тиімсіз пайдалану және науқастарды тұтыну нормасынан тыс препараттармен қамтамасыз ету, берілген рецептілер туралы жазбалардың болмауы, медициналық ұйымдардың дәрілік формулярына дәлелденген клиникалық тиімділігі жоқ препараттарды енгізу, бекітілген шекті бағадан асатын баға бойынша дәрілік препараттарды өз бетінше сатып алу фактілерін анықтағанын, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жататын диспансерлік науқастардың тіркелімінде болмауы, жазылған рецептілердің ақпараттық жүйеде және науқастың амбулаториялық картасында дәрілік заттардың саны бойынша сәйкес келмеуін айтты. Сонымен қатар мониторингтің барлық материалдары шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға берілгенін тілге тиек етті.