Руханият • 10 Сәуір, 2019

Сәтбаевтың рухани әлемі

28232 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдарында қандай қиындықтарға тап болса да рухы мен үміті жанып, алыстан бағдар сілтеп жымыңдайтын да тұратын Темірқазық сынды жұлдыз тұлғалар болады. Қазіргі кез келген қазақ баласы үшін, барша қазақ халқы, тіпті бүкіл адамзат ұрпағы үшін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сондай тұлға. Ілияс Омаров дәл айтқандай, «тұтас дәуірдің жұлдыз тұлғасы» ол.

Сәтбаевтың рухани әлемі

Сірә, жер бетіндегі пенде біткен шынайы зиялылық пен парасат­ты­лық­ты бағалар санасын жоғалтып алмаса, Сәтбаев есімінің және гуманизмінің де адамзат жадынан ұмытылмасы анық. Керісінше, жанында тұрсаң биік­тігі байқала бермейтін, ал алыс­тай бастасаң шоқтықтай түсер алып шың тәрізді, жылдар жылжып, ғасыр­лар айналған сайын Сәтбаевтың да ұлттық мәдениетіміздің, күллі адамзат өркениеті тарихының өн бойын­дағы қадау-қадау тұлғалар қата­рынан лайықты орнын алары ақиқат. Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуын 1999 жылы Біріккен Ұлт­тар Ұйымының жанындағы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүние жүзі халықтары атап өткені осы пікірі­міз­дің айғағы. 

Сәтбаев сынды ұлы тұлға және оның құндылықтар әлемі мен дүние­та­нымы туралы бір нәрсе жазу – ерен биік шыңның етегінде тұрып оның алыптығы туралы болжам айтқанмен бірдей іс. Сонда да болса, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» демекші, өткен ғасырдың соңында көшпелі қазақ ауылында дүниеге кел­се де, зайырлық ілім-білімді жете меңгергені сондай – еуропалық ғұла­малардың өзімен пікір таластырып, геологиядағы металлогения ғылы­мы­­ның негізін қалыптастырған, сөй­тіп химия ғылымындағы Менде­леев­тің периодтық жүйесі сынды Қазақстанның металлогениялық картасын тұңғыш рет жасап, соның негізінде бізге белгісіз жаңа пайдалы қазбаларды ашуға көмектесетін, кемел ақыл-парасатымен әлем­дік өркениетке өшпес үлес қосып кеткен феномен тұлғаның дүние­та­ным­дық жұмбағын шешуге ұмтылу қай сала­дағы зерттеушіні де қызық­ты­­­ра­ры анық.

Осы кезге дейін зерттеушілер мен жазушылар қазақ даласының қойнауын­­дағы кен байлықтарды болжап табудың, оны тиімді тәсіл­мен өндірудің, жедел ел игілігіне жаратудың ғажайып үлгісін көрсетіп, Қазақстанның қазіргі өнеркәсібінің іргетасын қалаған, осы еңбегі үшін өз заманындағы ең жоғары мара­пат­тар – КСРО-ның Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарына ие бол­ған, бүкіл Орталық Азия ғалым­да­ры арасынан алғашқы болып сол кездегі Одақтық Ғылым академиясына толық мүшелікке сайланған, Қазақстан Ғылым академиясын оның тұңғыш президенті ретінде ұйымдастырып, оны кешенді сан-салалы ғылыми-зерттеулер ордасына айналдырған адамның өмір жолын, ғылыми-дүниетанымдық және қоғамдық-гуманистік қызметін, кейбір кісілік қасиеттерін біршама зерттеп те, жазып та жүр. Алайда Сәтбаевтың рухани әлемі, құндылықтар жүйесі, оның адам таңғаларлық намысы, қажыр-қайраты мен мұқалмас рухының қай­нар көздері туралы біртұтас түсіні­гіміз әзірге қалыптаса қойған жоқ.

Біз, қоғамтанушы ғалымдар енді ғана зерттей бастаған рух мәселесі туралы әңгіме қозғала қалса, менің есімнен 1947 жылғы Лондонда өз заманының ірі саяси қайраткері Уинстон Черчилльдің КСРО Жоғары Кеңесі өкілдерін қабылдаған кезде­су­де­гі сұхбат шықпайды.

– Қазақтардың бәрі сіз секілді биік пе? – деп сұрайды У.Черчилль Сәтбаевтан оның қай ұлт өкілі екенін біл­ген соң. Сол сәтте Сәтбаев:

– О не дегеніңіз, менің халқым менен де биік! – деп жауап берген еді ғой.

Сірә, бұл сөз Сәтбаевтың тіліне табан астынан оралмаған болар. Сонда деймін-ау, 1914 жылдан, яғни сол кездегі қазақтың қоғам­дық ой орталық­тарының бірі Семей­де­гі мұға­лімдер семинариясында оқып жүр­ген кезінен бастап, қазақ даласындағы қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан, атысып-шабыс­қан төңкерісті де, 1931-1932 жылдар­да­ғы «қызыл қырғын» жұтты да, одан кейінгі саяси қуғын-сүргінді де өз көзімен көрген, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ә.Ермеков сынды өзінін рухани ұстаздары мен пікірлес достарының, ағайын-туғандарының әпербақан сая­си билік тұзағына іліккеніне жүрегі қан жылай өкіне жүріп, әміршіл-әкімшіл жүйенің қасіретін бүкіл жан дүниесімен ұғынған Қаныш Иман­тайұлы бұл сөзді неге сеніп айтты екен?! Мұншама мұқалмас ұлттық рух пен сенімнің, ұлттық намыс пен қайраттың қайнар көзі қайда жатыр? Осы сұрақтарға жа­уап іздей отырып, мен кейде өзімнің есімде қалған Сәтбаев бейнесін көз алдыма қайта елестетіп, әкемдей қамқорлық жасаған ұлы ұстазыммен болған жүздесуді жиі-жиі ой елегінен өткіземін. Иә, қазіргі ақ сақалды академик ағаларымыздан бастап, олардың бүгінгі алпысты алқымдаған ізбасарларына дейін – бәріміз-бәріміз «Сәтбаевтың шекпенінен» шыққанбыз. Ол кезде академияда жай қызм+++ет істеудің өзі ең бір қадірлі де қастерлі лауазым іспетті еді. Ертелетіп ғылыми кітапханаға жетуге тырысатынбыз. Себебі сәл кешіксең, кітапханадан орын жетпей қалуы мүмкін. Ат шаптырым оқу залдарының қаңырап бос тұратыны қазір ғой, ол кезде ғылым мен білімге деген құштарлық бөлек еді.

Іздеген кітабымызды алып, орны­мызды белгілеп болған соң, өңкей қылқандай жігіттер сыртқа асыға­тын­быз. Сондағы мақсат – сағат дәлме-дәл тоғызда академияның алдында машинасынан түсетін Қаныш ағаға сәлем беру. Жоқ, бұл жалпақ­тау да, жарамсақтану да емес еді. Есімі әлемге әйгілі ұлы тұлғаның қолын алып, хал-жағдайымызды сұраға­ны­на төбеміз көкке жеткендей мәз болып қалатынбыз.

Әлі есімде, 1961 жылдың сәуір айы болатын. Амалым жоқтығынан, үлкен кісінің мазасын алып, қабыл­да­уы­на кіруге тура келді. Мәжбүр еткен тұрмыс жағдайым, дәлірек айтқанда – Сәкең, сол кездегі Философия және құқық институтының дирек­то­ры, ардақты Салық Зиманов ағамыз. Ал­дында ғана тып-тыныш жұмыс істеп жүрген Химия институты­нан «кандидаттық минимум тапсыр­ға­ның­нан байқадық, философиядан дайындығың жақсы екен, сен бізге керексің» деп өзі шақырып алған Сәкең енді келіп, «Президентке бар, жағдайыңды айт, жатақханадан орын сұра» деп итермелемесі барма.

Шынында, ол кезде де Алматыда үй мәселесі қиын болатын. Бойдақ кезімде елемей тұрып жатқан «тауық қорамның» қолайсыздығы үйленген соң бадырайып бірден білінген. Амал жоқ, арызымды алып, Сәтбаевтың қабылдауына бардым.

Қорыққаным бекер екен, Қаныш аға бірден қабылдады. Үстінде аппақ кителі, қақырадай болып отыр. Хал-жағдайымды сұрады. Қандай тақы­рыпты зерттеумен айналысып жүр­ге­німді сұрады. Мен тақылдап жауап беріп отырмын.

– Жаратылыстану ғылымының философиялық-әдіснамалық мәсе­ле­лері дейсің бе? Жақсы екен. Бізде бұл мүлде зерттелмей жатқан сала. Ұлы философтардың көпшілігі жаратылыстанушылардан шыққан. Сен өзің Сергей Иванович Вавиловты білесің бе?

– Естуім бар.

Бүкіл Одақ бойынша сенің тақы­ры­быңның білгірі сол кісі. Сенің Мәскеуге баруың керек. Оқуың керек, ғалым болу оңай емес. Көзіңнің оты бар екен. Бағытың да жақсы. Дұрыс­тап ізденсең, сенен үлкен ға­лым шығады. Мен сені Мәскеуге оқуға жіберем.

Рахмет айтқан боп, күміл­жің­кі­реп қалдым. Маған дәл сол сәтте Мәскеудегі оқу емес, үй қажет еді. Қолым­дағы қағазыма қарағыштап отыр­ғанымды сезді ме, Қаныш аға жұ­лып алғандай:

– Ол не? Арыз ба? – деді.

Мен қағазымды ұсындым. Оқып шықты да, бетіне бір нәрсе жазып өзіме қайтып берді. Менде не жаз­ға­н­ын оқуға да мұрша жоқ.
– Жақсы, – деді Қаныш аға сәл-пәл үнсіздіктен соң, – Карпинскийге бар. Әлгі менің айтқанымды ұмытпа.

Терлеп-тепшіп қабылдау бөлмесіне шықтым. Қаныш ағаның хатшысы Тамара апай менің абды­ра­ған түріме қарап күліп жіберді.

– Не болды, Әбдімәлік.

Мен түкке түсінбегенімді білдіріп, қолымдағы қағазымды ұсындым.

– Ой, үй алыпсың ғой, саған үй беріпті, Ленин мен Киров көшелерінің қиылысындағы екі қабат үйден. Бір бөлме, 24 шаршы метр. Құтты болсын. Бар, Карпинскийге бар.

Сөйтіп мен бір айдан соң Алма­ты­ның тұрақты тұрғынына айнал­дым. Әкеден ерте айырылып, Алма­ты­ға арманымды ғана серік етіп келген маған Қаныш аға әкемдей қам­қор­лық жасап, бір ауыз жылы сөзі­мен төбемді көкке жеткізді. Күзде Мәс­кеуге, аспирантураға жолдама алдым. Амал не, үш жылдан соң, сол Мәскеуде ұлы қамқоршымыздан мәңгіге айырылып қалдық.

Кейін өзге әріптестеріммен әңгі­ме­­лесіп қарасам, Қаныш аға тек маған ғана емес, ғылым мен білімге ұмтылған барша қазақ жас­та­рына қолынан келгенше әкелік қамқорлық жасаған екен. Бүгінде сан-салалы отандық ғылымымыздың барша ауыр жүгін көтеріп отырған – сол Сәтбаев шәкірттері. Шынайы ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы деген осы. Қазақ­стан­ның Ғылым академиясы, бұл – шын мәнінде Сәтбаев академиясы.

Сонымен әуелгі сауалымызға қайта оралайық. Қыруар ғылыми, мемле­кеттік және қоғамдық міндет­тер атқара жүріп, өз заманы­ның саяси дауылдарының өтінде сан мәрте қыспаққа ұшыраса да, қарау қызған­шақтық пен көпе-көрінеу жалақор­лық­тың залалын көп тартса да, көңіліндегі рухын, үмітін, болашаққа сені­мін, ізгі мейірімін жоғалтпаған сүйегі асылдықтың сыры қайда жатыр?! «Менің халқым менен де биік» деп марқайтқан қандай сенімнің күші?!

Кейбір зерттеушілер Сәтбаев бойын­дағы мұндай тектіліктің тамырын оның ата-бабалары шежіресінен іздеп, алыстан қазбалап жүр. Бұл да қажет іс. Тектануға да, атақты әулет­тер шежіресін қалпына келтіруге де қарсылығым жоқ.

Мәселеге кең әлеуметтік-мәдени тұрғыдан қарауымыз қажет. Ең алдымен, Сәтбаев сынды сегіз қырлы бір сырлы тұлға қандай істі қолға алса да кең пайымдап, ауқымды шешім табатын сұңғыла ғұлама – дәстүрлі қазақы тәрбиесінің жемісі. 

Сірә, мұны «рухани үндестік» деп атасақ та болар. Тіпті әріге бармай-ақ, қазақтың Алашорда қайраткерлерінің өмір жолдарын барлап қарасаңыз, олардың да өзге халықтар зиялылары арасында пікірлес дос-жарандары көп болғанын байқар едіңіз. Зиялылар бір-бірінің ұлттық мүдделеріне құр­метпен қараған, қажет болған жағ­дай­­да сол ізгі мақсаттарына қол­дау көрсетіп, қамқорлық жасаған. Ал туған халқының тағдырын жақ­сар­ту жолында атқарған істері теріс баға­ланып, тоталитарлық саяси жүйе­нің қудалауына ұшыраған Алаш азамат­тарының кейбіреулерін қауіп-қатерден қорғап қалуға ұмтыл­ғандар да өзге халықтың зиялы қауымының өкілдері. Сондай-ақ Баянауыл ауданы­нда халық соты болып қызмет атқа­рып жүрген жиырма төрт жаста­ғы Сәтбаевты да 1923 жылы Томск қала­сын­­дағы Техно­логия инс­титутына оқуға шақыр­ғаны белгілі Алашорда қайрат­­керлері Әлімхан Ермеков пен Әбікен Сәтбаевтың досы Михаил Анто­нович Усов бола­тын. Қаныш Иман­тайұлының өзі де көрнекті орыс ғалымдары В.А.Обручевтің, М.А.Усовтың пікірлерін ілгері дамыта отырып, кен байлықтарды металлогениялық болжау әдістері тұрғысынан ашты. Сөйтіп әлемдік геология ғылымында соны саланың негізін қалады. Сәтбаев жаңалығы дүние жүзі ғалымдары тарапынан қызу қолдау тапты.

Қаныш Имантайұлы қашанда отандық ғылыми қауымды әлем зиялыларымен жалғастыруға ұмтылған. Оның Англияға, Қытайға барған сапар­лары да, тіпті өзі қатысып үлгере алмай кеткен Делидегі әлем геолог­тарының бірінші халықаралық конгресіне қалай дайындалғаны да осы ойымызды айғақтай түседі. Қазіргі біздің замандастарымыздың, зиялы қауым өкілдерінің халық­ара­лық байланыстарды үзіп алмай әр тараптағы әріптестерімен тығыз шығармашылық қарым-қаты­нас орнатуы қажет-ақ. Сәтбаев тағы­лы­мы­н­ан алар екінші түйін – осы.

Үшіншіден, Қаныш Сәтбаев – жиырма­сыншы ғасырдың бас­ын­да өсіп жетілген жаңа толқын қазақ зиялыларының өкілі. Әлихан Бөкей­ха­н мен Ахмет Байтұр­сы­нұлының соңына ерген ұлт зиялы­ла­ры­ның бұл жаңа толқыны сыртқы ісімен де, ішкі мазмұнымен де XVIII ғасырдағы француз ағартушыларына ұқсайтын.

Жаңа толқын қазақ ғалым-ағарту­шылар, олардың арасында Сәтбаев та, Әуезов те бар, туған халқын өнер-білімге кенелту арқылы әлем­дік өркениет көшіне ілестіруге ұм­тыл­­­ды. А.Байтұрсынұлының жаңа әліп­би жасауды қолға алуы, X.Досмұха­медовтің «Медицина», М.Жұма­байұлының «Педагогика», Ж.Аймауы­тұлының «Психология», М.Әуезовтің «Құрылыс материалдары», Қ.Сәтба­ев­­тың «Алгебра» оқу­лық­та­рын жазуға отыруы осы ізгі мақсат жолына бағытталған әрекеттер еді.

Бозбала Қаныштың Семей қала­сын­дағы Абай кешін ұйымдастыруға белсене араласуы, А.Затаевичке қазақ­тың 25 әнін айтып беріп, нота­ға түсіртуі, Баянауыл тауының бөкте­рін­де «Еңлік-Кебек» спектаклін қойып, өзі де рөлде ойнауы, Мәскеуден «Ер Едіге» дастанын кітап етіп бастыруы, қазақтың тұңғыш театры туралы мақала жазуы – бәрі-бәрі атақ-даңқ қуғаннан емес, еліме, халқыма пайдам тисін деген елгезек ниеттен туған ізгі істер болатын. Ел мүддесі жолындағы елгезектік, болашағы бар жасқа бар мейірімін төгетін ізгілік, өзіне қысастық жасаған адамға да кек сақтамай, аяушылықпен қарай­тын аскеттік. Қаныш Иман­тай­ұлы­ның жасынан бойына сіңірген әлгі дүниетанымдық-фәл­сафалық және ағартушылық-гума­нис­тік мұрат­та­ры­ның көрінісі. Өмір­лік ұстынға айнал­ған осы асқақ мұрат оның өзін де шырқау биік­ке көтерді. Ағылшын премьер-минис­тріне «менің халқым менен де биік» деп айтқызған да сол асыл мұра­тының мәңгілік өшпейтініне, кейінгі ұрпақтарының жүрегінде жалға­са­ты­нына деген сенім еді.


Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,

ҰҒА академигі