Экономика • 10 Сәуір, 2019

Тұрақты өсу үшін келісілген іс-қимыл қажет

1054 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруге бағытталған келісімді жасасты.

Тұрақты өсу үшін келісілген  іс-қимыл қажет

Құжатта Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық Банкінің келісілген іс-қимылы баға тұрақтылығын, эконо­миканы қолжетімді қаржы­ландыруға және қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталатыны көзделеді. Бұл жұмыс халықтың әл-ауқатының және өмір сүру деңгейінің өсуіне бағытталған мемлекеттің эконо­ми­калық саясатының басты мақсатына сәйкес келеді.

Құжатқа сәйкес қаржы реттеу­шісі жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты бірқатар қағи­датты негізге алады. Олар­­дың қатарында инфляция деңгейін біртіндеп төмен­дету және оны төмен дең­гейде сақ­тау, инфляциялық тар­гет­теу режімін сақтау, теңге­нің ер­кін өзгермелі айырбастау ба­ға­мын сақтау, ырықты валю­та­лық заңнаманы сақтау, қаржы жүйе­сінің тұрақтылығын ұстап тұру және тәуекелдерді бағалауға және теңбе-тең реттеу шаралары­на негізделген тәуекелге бағдар­лан­ған қадағалауды енгізу бар.

«Қазақстан Ұлттық Банкі, егер бұл оның мақсатына қол жеткізуге және міндеттерін орын­дауға қай­шы келмейтін болса, Үкіметтің эконо­ми­каның өсуін қамтамасыз ету шараларына жәрдемдеседі», – деп айтылады келісімде. Елдің бас банкі 2019-2021 жылдар аралығындағы кезеңде инфляция бойынша ныса­налы бағдарды кейіннен 3-5%-ға дейін төмендете отырып, 4-6% шегінде белгіледі.
Жасалған келісімнің шең­берін­де Үкімет пен Ұлттық Банк бірқатар міндеттерді айқындады.

Теңестірілген фискалдық саясат

Бұл орайда Үкімет макроэко­но­ми­калық тұрақтылықты қамта­масыз етуге, бюджет шығыстары­ның мұнай бағасына тәуелділігін төмен­детуге, мемлекеттік шығыс­тар­дың тиімділігі мен тұрақты­лы­ғын арттыруға бағытталған, орнық­­ты және алдын ала бол­жанған фис­калдық саясатты жүр­гізуге баса назар аударады. Ұзақ мерзімді ор­нық­тылықты қам­тамасыз ету мақ­сатында Үкімет Ұлттық қор қара­жа­ты­ның жинақ­талуына ықпал етеді.


Тиімді ақша-кредит саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар

Бұл келесі міндет, оның шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеме деңгейін нақты мәнде оң болатын 3-3,5% шегінде ұстап тұруға ұмтылатын болады. Бұдан басқа, қаржы реттеушісінің мандатына және қолданыстағы құралдары­на сәйкес уақытша бос банктік өтім­ділік есебінен экономиканы кредиттеуді ынталандыру бо­йынша шаралар қабылданады.


Валюта нарығының тұрақтылығы

Еркін өзгермелі айырбастау бағамының режімі шеңберінде валюта нарығының тұрақтылы­ғын қолдау үшін нарықта шет­ел валю­тасының сұранысы мен ұсынысының орнықты теңгерімін қамтамасыз ету маңызды болып табылады.

Келісімге қол қояр алдында Үкіметтің отырысында сөз сөйлей отырып Ерболат Досаев валюта нарығының тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету міндетінің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық Банкі өз алдына теңге бағамының бол­­жам­­дылығын арттыру мінде­тін қояды. Валюталық сауда-сат­тыққа араласпау саясаты сақ­талған кезде Қазақстан Ұлт­ты­қ Банкі икемді өктемдік жүргізу құқығын өзіне қалды­рады», – деп хабарлады Ерболат Досаев.

Ол шетел валютасын сатып алу немесе сату операциялары туралы ақпараттың жүйелі және ашық болуы валюта нарығын тұрақты етеді деп атап өтті.
Қазақстан Ұлттық Банкі туынды қаржы құралдары нарығына қатысушыларды валюталық тәуе­кел­дерді хеджирлеу мүмкін­діктерімен қамтамасыз ету мақ­сатында аталған нарық­тың дамуына ықпал етеді. Ал Ұлттық қордан бюджетке кепіл­дік берілген транс­ферттерді қам­тамасыз ету үшін ішкі валюта нарығында Ұлт­тық қордың валюталық актив­терін жоспарлы конвертациялау жүргізіледі.


Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі

Келісімде Үкімет пен Ұлттық Банктің инвестициялық ахуалдың тартымдылығын, қорландырудың қолжетімділігі мен айқындығын, ел экономикасына, оның ішін­де оның басым секторларына инвестициялар тартудың өсуін қамтамасыз ету бойынша бірлес­кен шаралары көзделеді.

Экономиканы қорландыру банктік кредиттеу құралдары арқылы ғана емес, сондай-ақ сақ­тан­дыру нарығының, басқа­рушы инвестициялық компания­лар нарығының, микроқаржы ұйым­дарының, кредиттік серік­тес­тіктердің, лизингтің, инвести­циялық қорлардың, венчурлік қаржыландыру қорларының қаты­суымен қор нарығының мүм­кіндіктері арқылы жүзеге асы­ры­лады. Бұл қорландыру көз­дерін әртараптандыруды қамта­масыз етуге, халық пен биз­нес­тің кредитті шамадан тыс көп алу тәуекелдерін төмендетуге мүм­кіндік береді. 

Қазақстандықтардың қар­жы­лық көрсетілетін қызмет­терге қол­же­тімділігін арттыру және көлеңкелі экономика­ны төмендету мақсатында клиент­­­терді қашықтан тиімді сәй­кес­тендіру және дерек­қор­лар­ды ық­пал­дастыру мәселелері шешіледі. 

Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысу­шылары­мен бір­лесіп нарықтың тиімді инф­ра­құрылымын қалы­птас­тыруға­, банкаралық кредиттеу нарығын дамытуға, нарықтық индекстер мен индикаторларды құруға, жаңа қаржы құралдарын, өнімдерді және көрсетілетін қызметтерді кеңейту мен дамыту үшін жағ­дайлар жасауға, үздік стандарттар мен практикаларды енгізу­ге, жоғары техно­логиялық қашық­тан көр­сетілетін қаржы­лық қыз­мет­терді ілгерілетуге және олардың елдің барлық өңір­лерінде қол­жетім­ділігін қам­тамасыз етуге бағыт­талған жұ­мысты жалғас­тырады. 


Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту

Бұл бағытта Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы министрлігінің баға­лы қағаздарын дамушы елдер­дің халықаралық жаһандық индекс­теріне қосу жұмысын жүргізеді.

Қазақстан Ұлттық Банкі Қар­жы министрлігімен және қор нарығына қатысушылармен бір­лесіп халықаралық есеп айырысу ұйымдарының қатысуымен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмы­сын жалғастырады. 

«Мемлекеттік бағалы қағаздар нары­ғын дамыту міндетін іске асыру үшін Қазақстан Ұлт­тық Банкі кірістіліктің қысқа мерзімді тәуекелсіз қисығын құруды қамтамасыз етеді. «Қаржы министрлігінен кіріс­тілік қисығының орта және ұзақ мерзімді бөліктерін құру үшін өз бағалы қағаздарының шы­ға­рылымын қысқартуды және ірілетуді сұраймыз», – деп түсінік­теме берді Ерболат Досаев.


Экономиканы дамытуды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру

Қазақстан Үкіметі мен Ұлт­тық Банкі «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй бағдар­ламаларын іске асыруды жал­ғастырады. Атап айтқанда, Үкімет қолжетімді тұр­ғын үй ұсынысын ұлғайту шара­ларын қабылдайды. Ұлттық Банк өз кезегінде «7-20-25» бағдар­ла­масын қаржыландыруды жалғас­тырады. Бұл тұрғын үй бағда­р­ламаларын іске асыру бюджеттік, сол сияқты жеке қаржыландыру көзін тарта отырып, халықтың түрлі топтарын қолжетімді тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Ұлттық Банкі Үкі­мет айқындаған эконо­мика­ның басым жобаларын кредиттеу үшін 2019-2020 жылдары 600 млрд теңге сомасында банк­терге ұзақ мерзімді өтімділік­ті ұсыну бойынша шараларды қабылдайды. Бұдан басқа, Қазақстан Ұлттық Банкі 5 жыл ішінде отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алушы жеке тұлғаларға банктердің кредит беру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 100 млрд теңге беретін болады.

Нақты сектор кәсіпорындарын қалыпқа келтіру

Үкімет пен Ұлттық Банк саламатты бизнес-орта үшін жағдай жасау негізіне дәрменсіз және тиімсіз компанияларға қатысты қатаң нарықтық тәртіп жататынын мойындайды. Келісімнің тараптары жоғары сот органдарымен құқық қолдану практикасы және борышкерлер мен кредиторлар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлесе отырып жұмыс істейді.

Құжатта Үкіметтің банкрот­тық бойынша заңнаманы одан әрі жақсарту жұмысын жүргізе­ті­ні көзделген. Ұлттық Банк­пен бір­лесе отырып кредитор­ларға бо­рыш­ты реттеу бойынша өз құқық­тарын іске асыруға тосқауыл болатын кедергілер жойылады.

Сонымен бірге корпоративтік басқарудың сапасын, компа­ниялардың басшылары мен акционерлерінің дәйексіз ақпарат ұсынғаны үшін жауапкершілігін арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

Өз кезегінде Ұлттық Банк банк­тердің проблемалық бере­шегін қайта құрылымдау бойынша мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жолымен банктердің несие портфелінің сапасын жақ­сарту шаралары арқылы нақ­ты сектор кәсіп­орындарын қалып­қа келтіруге ықпал етеді. Қабыл­данатын шаралар сондай-ақ эми­тент дәрменсіз болған кезде баға­лы қағаздар нарығында инвес­тор­лардың құқықтарын қам­тамасыз етуге бағытталған.


Қаржы жүйесінің тұрақтылығы

Бұл міндет банк жүйесін нығайтуға бағытталған жұмыс­тың арқасында іске асырылады. Ол үшін уәжді пайымдауға, банк­тер активтерінің сапасын тәуел­сіз бағалауға негізделген тәуе­келге бағдарланған қадағалау енгізілетін болады. 

Бұдан басқа, Үкімет пен Ұлт­тық Банк бағалы қағаз­дар нары­ғының бірыңғай касто­­диан­дық және есептік инфра­құрылымын пайдалана отырып, Қазақстан қор биржасын және елорда Халықаралық қаржы орталығының биржасын дамыту және олардың қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерін жұмсайды. 

Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту

Қолма-қол ақша айналымын және көлеңкелі экономиканы төмендету үшін Үкімет пен Ұлттық Банк ірі мәмілелер бойын­ша есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз нысан арқылы жү­зеге асырады. Ұлттық Банк қол­ма-қол ақшасыз төлемдердің қол­жетімділігін арттыру және нарық­қа қатысушылардың шыға­сы­ларын барынша азайту мақ­са­тында қолма-қол ақшасыз төлем­­дер инфрақұрылымын жетіл­­діру, инновациялық және бәсекелестік ортаны дамыту үшін барлық қажетті жағ­дайларды жасайды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру

Бұл – Үкіметтің, сол сияқты Ұлттық Банктің қызметіндегі аса маңызды бағыт. Бұл орайда келісімнің тараптары тұты­ну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау, шарт­­тар талаптарының ашық­ты­ғын қамтамасыз ету жұ­мы­сын жалғастырады, жеке ақпарат­ты қорғау бойынша шаралар қабыл­дайды. Сонымен бірге халықтың қаржылық сауат­тылығын арттыру жұмысы да жалғастырылады.

Ұлттық Банк тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу үшін кредиттік серіктестіктер, онлайн кредиторлар, ломбардтар сияқты банктік емес кредиттік ұйым­дарды реттеу бойынша ұсы­ныстар дайындауды жоспар­лап отыр. Реттеу бойынша ұсыныс­тар үздік халық­аралық практиканы ескере отырып көр­сетіле­тін қар­жы­лық қыз­меттердің тәуе­кел­­деріне тепе-тең талаптарға негіз­деледі. Бұл ұсыныстарды іске асыру үшін заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар дайындалады.

Үкімет пен Ұлттық Банк­тің іс-қимылын үйлестіру Экономи­калық саясат жөніндегі кеңестің оты­рыс­тарында шараларды тұрақ­ты түрде мониторингтеу және талқылау арқылы жүзеге асыры­латын болады.

Күтілетін нәтижелер

Келісімді іске асыру Қазақ­станның Тұңғыш Прези­денті Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтар­дағы кеңейтілген отырысында белгілеген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда:

- негізгі капиталға 2019 жылы ІЖӨ-ге 16,8% деңгейінде және 2025 жылға қарай жылына ІЖӨ-ге 30%-дан астам инвестициялар тарту;

- шағын және орта бизнестің үлесін 2019 жылы ІЖӨ-ге 28,2%-ға және 2025 жылға қарай ІЖӨ-ге 35%-ға жеткізу;

- көлеңкелі экономика үлесін үш жыл ішінде 40%-ға қысқарту.