Экономика • 10 Сәуір, 2019

Бизнеске қатысты бірқатар негізгі мәселе

1156 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» Қазақстан Ұлттық Банкіне қол қойылған келісімнің кейбір ережелеріне түсінік беру, сондай-ақ, халыққа, сол сияқты бизнеске қатысты бірқатар негізгі мәселе бо­йынша ведомствоның ұстанымы туралы ақпарат беру туралы өтініш жасады.

Бизнеске қатысты бірқатар негізгі мәселе

– Ұлттық Банктің негізгі функ­циялары мен міндеттері өзгере ме?

– Баға тұрақтылығын қамта­масыз ету Ұлттық Банктің негізгі мақсаты болып қалады. Бұл келісім шеңберінде инфляция бойынша нысаналы бағдар нақтыланады. 2021 жылға дейін 4-6% дәлізді сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-5%-ға дейін төмендету және ұзақ мерзімді болашақта ұстап тұру ұсынылады.

Ұлттық Банк ақша-кредит сая­сатын жүргізуде өз тәуелсіздігін сақтап қалады. Ұлттық Банктің функ­цияларын Үкіметке беру көзделмейді.

Бұдан басқа, келісімде Ұлттық Банктің, егер бұл оның негізгі функ­ция­ларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмейтін болса, өзінің қызметінде Үкіметтің ағымдағы экономикалық саясатын есепке алатыны көзделген.

– Ұлттық Банк бұдан әрі ақша-кредит саясатын жүр­гіз­ген кезде ең алдымен қандай факторларды ескереді?

– Бұл келісім шеңберінде Ұлттық Банк 2021 жылдың соңына дейін 4-6% нысаналы дәліз­ді сақтайды. Орта мерзімді кезең­де инфляция бойынша мақ­сатты сақтау экономиканың өсі­мін ұстап тұруға бағытталған.

Бұл ретте Ұлттық Банктің өзі­нің кейінгі саясатында еске­ретін факторлары тұтастай ал­ған­да өзгермейді. Сыртқы фак­­тор­лар ішінде мұнайдың, азық-түлік тауарларының әлем­дік нарығындағы бағаның өзгеруі, сондай-ақ негізгі сауда әріп­тес елдердегі инфляция сер­піні негізгі факторлар болып табы­лады. Ішкі факторлардың ішін­де тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тер нарықтарында бағаның өсуі­не ықпал ететін сұраныс пен ұсы­ныс тарапынан факторларға айрықша көңіл бөлінеді. Сонымен бірге ­жүргізілетін ақша-кредит сая­сатының тиімділігін арттыру үшін инфляциялық күтулерді одан әрі тұрақтандыру маңызды бағыт болады. 

Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының ағымдағы режіміне сәйкес теңге бағамының шамадан тыс өзгеруін болдырмау үшін өктемдіктер жүргізу құқы­ғын өзіне қалдыра отырып, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жал­ғастырады. Ұлттық Банк валю­талық саясат жүргізу кезінде ашық­тықты қамтамасыз етеді және коммуникация арнасын жетіл­діруді жалғастырады.

– Қазақстандағы инфля­ция­ның монетарлық емес сипатта екені белгілі. Сіздің ойыңызша Үкімет, жергілікті атқарушы органдар тарапынан баға дең­гейін бақылау үшін қандай шаралар қолданылуға тиіс? 

– Инфляцияға қарсы саясатта Үкіметтің бағаның өсу құбылмалылығының көтерілуі­не алып келетін тұтас бірқатар фактордың ықпал етуін азайту жөніндегі шаралар қамтылады. Монополияға қарсы реттеуді жетілдіру, инфрақұрылымды және бәсекелестік ортаны жақсар­ту, нарықтарды тауарлармен толықтыру, шығасыларды төмен­дету, жеткізу желілерін оңтай­лан­дыру, алыпсатарлық іс-әре­­кет­терге жол бермеу және басқа іс-шаралар кіретін шара­лар­ кешені инфляцияның дең­гейін және сол сияқты құбыл­ма­лы­лығын төмендетуге ықпал етеді. Осылайша Үкімет пен жер­гілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданатын шаралар Ұлттық Банк жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатымен әсер ете алмайтын ұсыныстар тарапынан факторлардың әсер етуін төмендетуге мүмкіндік жасайды.

Сондай-ақ Ұлттық Банк ұсын­ған келісім шеңберінде инфляцияны неғұрлым тиімді бақылау және іс-қимылдың келісілуін жақсарту мақсатында Ұлттық Банктің Үкіметпен бірлескен жұмысын кеңейту көзделді.

– Қазақстанда халықтың әлеу­меттік осал топтарын (ХӘОТ) қолдау жөніндегі әлеу­меттік саясатқа көп назар аударылады. Ұлттық Банк сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтыну­шылардың құқықтарын қор­ғау, проблемалық қарыз алу­шы­лардың мәселелерін шешу бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Қазіргі кезде осы бағыт бойынша қандай істер атқарылуда?

– Ұлттық Банк соңғы бес жылда қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге бағыт­талған 40-тан астам заңнамалық түзету қабылдады. Атап айтқанда:

- шетел валютасындағы табысын растай алмайтын азаматтарға шетел валютасымен ипотекалық қарыз беруге;

- банктер үшін қарыз алушы қатарынан 180 күн мерзімін өткізгеннен кейін есептелген ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сыйақылар мен тұрақ­сыздық айыбын төлеуді талап етуге тыйым салынды.

Қарыз алушының ақшасын ағымдағы шотта бар және түскен соманың 50%-ынан аспайтын мөлшерде өндіріп алуға шектеу белгіленді, сондай-ақ азаматтарды кредиттеу кезінде банктер алуы мүмкін комиссиялар мен өзге төлемдердің тізбесі бекітілді.

Берешекті сотқа дейін өндіріп алу бойынша ашық құқықтық алаң құру мақсатында 2017 жылғы мау­сымда Қазақстан Респуб­ликасы­ның «Коллекторлық қызмет туралы» заңы қолданысқа енгізілді.

Елдің заңнамасына енгізілген айрықша маңызды норма банктер мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы істер бойынша талап қоюдың бес жылдық ескіру мерзімін енгізу болды. Бұрын осындай істер бойынша ескіру мерзімі болған жоқ.

2018 жылғы шілдеде жеке тұлғалардың ипотекалық қарыз шарттары бойынша банктер алатын комиссиялардың саны қысқарды, ипотекалық қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін комиссия, сондай-ақ қарызды банктік шотқа есепке алу үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салынды. 2019 жылғы наурыздан бастап осы тыйым салу жеке тұлғалардың барлық банктік қарыз шарттарына қолданылады.

Үстіміздегі жылы Ұлттық Банк банктерге жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздары бойынша күн­тізбелік 180 күн мерзімінің аяқ­талуы бойынша есептелген сыйақы төлеуді талап етуге тыйым салды. Осы норма ол қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Сондай-ақ банктердің кәме­летке толмаған және еңбекке жарам­сыз кәмелетке толған балаларды асырау үшін қарыз алушылар алатын алименттердің берешегін өтеу есебіне алуға тыйым белгіленді.

Ипотекалық қарыз алушыларды мемлекеттік қолдау шеңберінде Мемлекет басшының тапсырма­сы бойынша 2015 жылдан бастап Ипотекалық қарыз алу­шыларды қайта қаржыландыру бағдар­ламасы іске асырылуда. 2015 жы­лы Ұлттық Банк бөлген 130 млрд теңге банктер 2004-2009 жыл­дар аралығындағы кезеңде бер­ген және жалғыз тұрғын үймен қам­тамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағыт­талды.

2019 жылғы 1 наурызда банк­тер бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 162,5 млрд теңге сомаға 26,2 мың қа­рыз­ды ма­құлдады, оның ішінде 142,8 млрд теңге сомаға 24,5 мың қарыз қай­та қаржыландырылды, қарыз алу­шылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша 47,3 млрд теңге сомаға берешегі кешірілді.

Бағдарламаның осы бөлігін толық іске асыруға және бөлінген қаражатты игеруге байланысты қарыздарды қайта қаржыландыру қазіргі кезде қайтарымды қаражат есебінен жүзеге асырылады. Ақша­ны игерудің револьверлік тетігі ес­ке­ріле отырып қайта қаржы­лан­­ды­рыл­ған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады.

2018 жылғы 27 наурыздан бас­тап бағдарламада жеке тұлға­лар­дың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипо­тек­а­лық қарыздарын қайта қар­жы­ландыру көзделеді. Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы баға­мы (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қай­та қаржыландырылды.

Бағамдық айырманың сомасы (шамамен 156 млрд теңге) Ұлттық Банктің қаражаты есебінен өтеледі. Мемлекеттік жеке әріп­тестік шеңберінде банк­тер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша 136 млрд теңге сомаға берешегін кешіреді.

2019 жылғы 1 наурызда банктер 56,4 млрд теңге сомаға валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 6,7 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 42,2 млрд теңге сомаға 5,3 мың қарыз қайта қаржыландырылды.

Сонымен бірге бағдарламаны жүйелік талдау ХӘОТ-ке жататын қарыз алушылардың, сондай-ақ жалғыз мүлкі қарыз бойынша міндеттемелерді орындау есебінен банк­тің балансына өткен қарыз алу­шы­лардың қосымша мемле­кеттік қолдауға мұқтаж екенін растайды.

ХӘОТ санатындағы қарыз алу­шылардың көпшілігі үшін кірістердің негізгі түрінің бюджет­тен төленетін әлеуметтік төлем­дер және жәрдемақылар, оның ішінде Қайта қаржыландыру бағ­дарламасының талаптары бо­йын­ша қарыздарға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейтін атау­лы әлеуметтік көмек болып табы­латы­нын атап өту қажет.

ХӘОТ қарыз алушыларды қо­сым­ша қолдаудың талаптарын әзірлеу және банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушы­лардың меншігіне қайтару үшін Ұлттық Банкте жұмыс тобы құрылды, оған мүдделі мем­ле­кеттік органдардың, саяси пар­тия­­лардың өкілдері, екінші дең­гей­дегі банктердің өкілдері және қоғамдық бірлестіктердің басшылары енгізілді.

Жұмыс тобы азаматтардың осы санаттарына көмек берудің негізгі талаптарын әзірлегеннен кейін бағдарламаға тиісті толық­тырулар енгізіледі.