Аттестаттау – құқықтық қайта құрылу қадамы
Бейсенбі, 3 мамыр 2012 7:51
Негізсіз қудалау болмайды
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау яғни, теріс пиғылды қызметкерлерден қаржы полициясы қатарын тазарту қоғамға үлкен көмегін тигізбек.
Бейсенбі, 3 мамыр 2012 7:51
Негізсіз қудалау болмайды
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау яғни, теріс пиғылды қызметкерлерден қаржы полициясы қатарын тазарту қоғамға үлкен көмегін тигізбек.
Осыған орай Қаржы полициясының басшысы Р.Түсіпбеков құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау барысында заңдылық және шынайылықты қамтамасыз етуді тапсырды. Аттестаттаудан тек адал, әділ, өз ісін жақсы меңгерген білікті де құқықтық сауатты маман өте алады. Өйткені, Елбасы құқық қорғау органдарын аттестаттауға аса зор мән беріп отыр. Демек, ең алдымен, жұмыс тиімділігі көрінуі тиіс. Сондықтан Қаржы полициясының күші заңды ықпал жасау шараларын қабылдаумен қатар, сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстарды жасауға мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталатын болады. Ол үшін жүргізілген талдау жұмысының сапасын арттыру және қолжетімді ақпарат көздерін пайдалана отырып, қылмыстық қауіптерді анықтайтын орталық құру жоспарланған. Бұл үшін Р.Түсіпбеков қаржы полициясы органдары жұмысының тиімділігін бағалауға шынайы өлшем бола алатын азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды өрістетуді, қоғамдық сұраулар мен зерттеулердің нәтижелерін мұқият қарауды тапсырды.
Ведомство басшысы жедел бөлімшелерден қылмыстардың дайындалуы кезеңінде және оларды жасаудың бастапқы мерзімінде жолын кесуді талап етті. Бұл мемлекетке зиян келтірудің алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, заңсыз жолмен алынған немесе ұрланған мүлікті анықтау және мемлекетке келтірілген залалды өндіру басты мақсаттардың бірі ретінде белгіленді.
Агенттік төрағасы жеке құрамға жүйелі сыбайлас жемқорлықты жою міндетін тек жоғары лауазымды тұлғаларды ұстау деп ұғынбау қажеттігін түсіндірді. Азаматтармен тұрақты түрде жұмыс жасайтын қызметкерлер санаты назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені, бақылау органдарының қатардағы қызметкерлерінің көбісі пара алуды тұрақты жүйеге айналдырған. Заңды ықпал ету тетіктерімен қатар, ведомство басшысы қылмыстарды жасауға мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған шараларды іске асыруды да алға міндет етіп қойды. Атап айтқанда, соттық-тергеу тәжірибесін жүйелік талдау негізінде ол әкімшілік тосқауылдарды, бақылауды және рұқсат құжаттарының санын азайтуға бағытталған ұсыныстар дайындауға тапсырма берді. Сонымен бірге, Р.Түсіпбеков статистикалық көрсеткіштерді жасанды арттыру тәжірибесін жою керектігін атап өтті.
Агенттік төрағасының айтуынша, тек Қарағандыда ғана өткен жылы келтірілген шығынды жабу мөлшері 14 млрд. теңгеге негізсіз көрсетілген. Сөйтіп, қайта санау барысында есепте көрсетілген өндірудің нақты мөлшері 78 пайыздың орнына 3 пайызды құраған. Статистикаға сәйкес, қазіргі таңда тергеу алды тексерістері бірнеше рет ұзартылған. Мәселен, ол 2011 жылы 16 мың мәрте бастарту материалдары арқылы бірнеше айға ұзарту орын алған. Бұл уақыт ішінде адамдар сансыз жауап алу астында қалған. Осы жағдайларды ескере отырып, азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында қызметті бағалаудың жаңа өлшемі енгізілді, ол – тергеу алды тексерістерінің уақытын азайту.
Экономикалық қылмыстармен күресте басты міндет елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни бюджет қаражатын үйлестірудің заңдылығын қамтамасыз ету мен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Сондықтан алқа мәжілісінде шаруашылық субъектілерінің қызметіне заңсыз аралауға жол бермеу мәселелеріне баса назар аударылды. Қаржы полициясын оған тиісті емес міндеттерден босату үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізу ұсынылмақ. Ол бойынша қаржы полициясы қарайтын құқық бұзушылықтардың саны азайтылады. Бұл қызметкерлердің кәсіпкерлік субъектілермен қарым-қатынас негіздерін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, агенттік төрағасы бизнеске заңсыз араласуды болдырмау мақсатында Астана қаласы және Павлодар облысы бойынша департаменттерінде қанатқақты жобаның жүзеге асырылып жатқандығын хабарлады. Оған сәйкес арыз қаржы полициясына түскен кезден бастап оны қарауға тергеуші қатысатын болады. Осының арқасында қылмыстық сипатқа жатпайтын арыздар бойынша тергеу алды тексерісін тағайындау азайтылады, яғни кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға негізсіз жол берілмейді.
Әрине, жемқорлықпен күрес туралы аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Алайда, сыбайласқан жемқорлық қылмысы артпаса, азаймағаны анық байқалады. Олардың арасында араны ашылғандарының ұсталып жатқандары да баршылық. Бірақ қазынаның қаржысын, жұрттың ақ адал ақшасын жеуді қолынан келетіндер, яғни билік тұтқасын ұстағандар тоқтатар емес. Мұның сыры енді белгілі болғандай көрінді. Бәріміз сенім артатын құқық қорғау органдарының ішінде жемқорлық деңгейі жоғары көрінеді. Жемқорлықты, қылмысты құртады деген органның өзі сол қылмысқа бастау, ал жемқорлыққа жақын болса, не күтуге болады? Демек, ондай органдар қызметкерлерінің қазіргі әрекет етіп жатқандарының бәрін түгел дерлік сыпырып тастап, орындарына жаңадан жинақтау керек. Сонда бұл аттестаттаудан бір нәтиже шықпаса, көріңіз.
Мәселен, өткен жылы қаржы полициясы органдарына кәсіпкерлерден 5 мыңға жуық арыз бен шағым түскен. Олар бойынша бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған тиісті шаралар қабылданды. Егер 2010 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу және кедергі жасау деректері бойынша қаржы полициясы 137 қылмыстық іс қозғаса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 81 пайызға артып, 249-ға жетті. Ағымдағы жылғы 2 айда ғана кәсіпкерлердің арыздары бойынша аталмыш санатта 98 қылмыстық іс қозғалды. 2010-2011 жылдары кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан және кедергі жасағаны үшін 212 лауазымды тұлға сотталып тынды. Олардың дені кімдер дейсіз ғой. Бірер мысал келтірейік.
Агенттік төрағасының бұйрығымен өткен жылдың қазан айынан бастап қаржы полициясының аумақтық бөлімшелерінің басшылары аптаның әр сәрсенбісі күні кәсіпкерлерді қабылдайтын болды. Мысалы, ағымдағы жылғы ақпанның ортасында Қарағанды облысы бойынша департамент бастығына арызбен бір кәсіпкер жүгінді. Арыз негізінде жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде пара алу дерегі бойынша бірден 2 мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларына қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды.
Соның бірі – Бұқар Жырау ауданының өрт сөндіру және құтқару қызметі бөлімінің қарауыл бастығына қатысты қылмыстық іс. Ол кәсіпкерге алкогольді өнімді сатуға лицензия алу үшін өрт қауіпсіздігінің жалған актісін беріп, 30 мың теңге пара алды деп айыпталуда. Сол сияқты Атырау облысында талаптарға сәйкестігі туралы актілерді бергені үшін 3 фирманың өкілдерінен жалпы мөлшері 5400 АҚШ долларын алды деген айыппен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қос бас маманы қамауға алынды. Алматы қаласында 5 жылға әскери бөлім командирінің құқықтық жұмыс бойынша көмекшісі сотталды. Ол әскери қызметкерлерге арналған пәтерлерді тапсыруды кешіктіргені үшін айыппұл салмаймын деп «RG Traid» ЖШС директорынан 20 мың АҚШ долларын иемденуге оқталған. Шығыс Қазақстан облысында Курчатов қаласының әділет басқармасының бастығы К.Қарымсақов 10 жылға бас бостандығынан айырылып сотталды. Ол 20 мың 500 АҚШ доллары мен 254 мың теңге пара алған.
Елбасының кәсіпкерлікті заңсыз араласудан қорғауды қамтамасыз ету, негізсіз тексеріс жүргізу деректерін жою тапсырмасына сәйкес агенттік төрағасы қаржы полициясы органдарының шағын және орта бизнес субъектілерін тексерудің ережелерін белгілейтін нұсқауға қол қойды. Қаржы полициясы органдарына алдын ала жедел тексерусіз қызметкерлердің баянаттары және домалақ арыздардың негізінде тергеуге дейінгі тексерулерді жүргізуге тыйым салынды.
Тексерісті бастамас бұрын анықтау мәліметтерін жинау және субъектіні жоғары тәуекелді топқа енгізу үшін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерден немесе автоматтандырылған криминогендік картадан тексеріс субъектісі туралы мәліметтерді алу мүмкіндігін қызметкерлер барынша пайдалануы тиіс. Арыздарда азаматтық-құқықтық дау сипаттары болған жағдайда, тексеріс жүргізілмейді.
Қаржы полициясы қызметкерлерінің шағын және орта бизнес қызметіне негізсіз араласуының әрбір жағдайы төтенше оқиға ретінде қарастырылады. Шағын және орта бизнес субъектілеріне негізсіз тексеруді басқа бақылау органдары арқылы тағайындау немесе бастамашылық ету деректері анықталған жағдайда, бұған негіз жасаған басшылар және орындаушылар қаржы полициясы органдарынан жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапкершілік шараларына тартылады. Мәселен, өткен жылы қаржы полициясы органдарының ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен кәсіпкерлікке заңсыз араласудың 18 дерегі анықталды. Қызметтік тексерулердің қорытындысымен әкімшілік жауапкершілікке 49 қызметкер тартылды, оның ішінде 15 басшылық лауазымдағылар, олардың 5-і лауазымдарынан босатылды, 2-іне қылмыстық іс қозғалды.