Қоғам • 11 Сәуір, 2019

Қайраткер есімін ұлықтайық

1402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алтын ұя – Отаны мен туып-өскен елі, кіндік кескен жері алдындағы парызы мен борышын сұрапыл соғыста қолына қару, ал бейбіт күнде қағаз бен қалам алып өткен асыл ағаларымыздың рухы олар өмірден өткенімен, бүгінгі құндылықтарымен тығыз үндесіп жатыр. Оқ пен оттың ортасынан аман шығып, қаруды қаламға айырбастаған Әди Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Қайсенов, Түймебай Әшімбаев сынды қайсар рух сарбаздарының тегеурінді шоғырында мемлекет ісі мен ұстаздық қызметті тең ұстап, төл тарихымызда терең із қалдырған белгілі математик, ғалым Асқар Закарин иеленер орын ерекше.

Қайраткер есімін ұлықтайық
 Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Кәрім Тоқтабаев пен Сейдәзім Қадырбаев өмірге келген киелі Торғайдың түлегі, мемле­кет және қоғам қайраткері Асқар За­ка­рин өмірде екі қазақтың бірінің қо­­лы жете бермейтін биіктерді ба­ғындырды. Асқардың әлемдегі ең таң­­даулы оқу орындарының бірі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінің математика факультетін үздік тәмамдап, жо­ғары геометриядан диссертация қор­ғауы, саналы ғұмырының көпшілік бө­лігін биік лауазымды қызметтерге арнай жүріп, мемлекет істерінен қолы қалт еткенде қазақ тілінде осы ғылым саласы бойынша ғылыми-көпшілік еңбектер жазып қалдыруы сүйсінтеді. Ауылдық мектепті түгескен Асқар 16 жа­сында қазақтың сол кездегі астанасы Орынборға жаяулап-жалпылап жол тартады. Өздігінен білім көтере жүріп, 1926 жылы жұмысшы факультетіне (раб­факқа) оқуға түседі, төрт жыл оқып, оны ойдағыдай тәмамдаған соң Мәскеуге бет түзейді. 1937 жылы жо­ғары білімді математик дипломын қо­лына алған А.Закарин Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында оқытушы болады. От-жалынға оран­ған Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан ол 1946 жылы өзі еңбек еткен ҚазПИ-ге оралады. Бұл кезеңде Асқар Закариннің көшбасшылық қабілеті жарқырап көрінеді, еліміздегі жоғары білімді жолға салып, дамытуға бар білімі мен қажыр-қайратын жұм­сайды. Ол 1950-1953 жылдары Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық инс­титутының директоры, 1953-1955 жыл­­­дары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалады. Білім мен білік, ақыл-парасат талап етілетін осынау қыз­меттерде мемлекеттік деңгейдегі тұлға ретінде танылған А.Закарин ел басқару ісіне тартылады. 1955-1958 жылдары Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі болып істеген ол 1958-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі ла­уазымына тағайындалады. Ал 1961 жылдан 1970 жылға дейін қайта­дан С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің басшылығына оралады. А.Закарин қазақ ғылымы мен білімі қарашаңырағының бүгінгі биіктерінің іргетасын қалады. Ол – университет тарихында екі рет ректор болып істеген бірден-бір тұлға. 
Алаш арыстарының тұяғы Асқар Закарин ұлттық ғылым мен бі­лімді дамытуда өз ағалары салған са­ра жол­ды ілгері ұластыра білді. Ай­тайын деп отырғанымыз – профессор А.Зака­рин­­нің математика пәнін қа­зақша сөй­летуі. Асқар Закариннің «Геометрия негізде­рінің элементтері» және «Абель, Галуа, Ло­бачевский, Эйн­­штейн» атты қазақша жазған кітаптары бар. Оның тағы бір қыры – журналист-қала­мгерлігі. Ұлы Отан соғысына қатыс­қан 4500 әскери жур­налистің 200-і Ор­­талық Азия мен Қазақ­станнан еді. Кәрім Османов, Жұбан Молдағалиев, Ысқақ Дүйсенбаев, Қасым Шәріпов, Құр­­манбек Сағындықов, Әбу Сәрсен­баев, Дихан Әбілев, Ғазиз Әбі­шев, Үміт­бай Балқашев және бас­қалар қа­зақ тіліндегі майдандық және дивизия­лық газеттердің редакторлары, ал Әб­ді­­рашид Бектемісов, Асқар Зака­рин, Түймебай Әшімбаев, Төлеутай Ақ­шолақов, Мұса Дінішев, Өтебай Қа­на­хин, Жекен Жұмаханов, Қалижан Бек­хожин, Сәрсен Аманжолов, Сағын­ғали Сейітов, Әзілхан Нұршайықов сын­ды 50 сарбаз әскери тілші болған. 100-атқыштар бригадасы құрамында шай­­қасқан қаһарман қыз Мәншүк Мә­ме­тованың ерлігі туралы баспасөзде ал­ғаш қалам тербеген Асқар Закариннің есі­­мі қазақ журналистикасының тари­хын­да алтын әріптермен жазылып қал­ды.
Елі мен жері алдындағы борышын­ абыроймен өтеген, келешек ұр­пақ­­­қа ұмытылмастай мұра қалдыр­ған қа­быр­ғалы қайраткер, ғалым Ас­қар За­ка­риннің мағыналы ғұмыры перзент­тік па­рызға адал­дықтың тамаша үлгісі болып табылады. Ұлт зиялыларының бірнеше тол­қын ұрпағына тәлім-тәр­бие беріп, жол нұс­қаған Асқар Зака­риннің есімін оның өзі ондаған жыл бас­қарған әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлт­тық университетінің Ғылыми кеңе­сінің мәжіліс залына беру жас ұрпақ тәр­биесіне қосылған үлес болып табылар еді.

Сәбит БАЙЗАҚОВ,
ҰҒА академигі, экономика 
ғылымдарының докторы, профессор,
Жетпісбай БЕКБОЛАТОВ,
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор,
 Қайсар ӘЛІМ,
жазушы-журналист, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері