Руханият • 11 Сәуір, 2019

Қасірет баяны

1152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Қарулы күштер Әскери-тарихи музейінде аталмыш мекеме ұжымы мен Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешен қызметкерлері бірлесіп «Ғасырларға созылған қасірет» атты көрме ұйымдастырды.

Қасірет баяны

Жиылған қауымға мәдени шараның маңызы жайлы қысқаша таныстыру жасаған мекеме басшысы подполковник Нұртаза Асилов кезінде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, бейнет шеккен әйел-аналар рухына тағзым етіп, олардың өмір жолы жайлы мәлімет беретін жәдігерлерді жаңғырту арқылы біз өткенге салауат, бүгінгі бейбіт күнге берекет айтамыз, деді.

Қала іргесіндегі Ақмол ауыл­ы аумағында орналасқан «АЛЖИР» лагері  1937 жы­лы 15 тамызда НКВД-ның жедел­детілген бұйрығы негі­зінде пайда болып, 1938-1953 жыл­дар аралығында мұнда «Ота­нын сатқан опасыздар отба­сы» деген желеумен 8-15 мыңға жуық әйел жазасын өтеген. Осылардың арасында алаш қайраткерлерінің жары – Рәзия Меңдешова, Күләндам Қожанова, Әзиза Рысқұлова, Бижамал Сырғабекова, Дәмеш Жүргенова, Гүлбахрам Батыр­бе­кова, Фатима Диваева азап­ты күндерді бастан өткер­ген.

Көрме төрінен жоғары­дағы апаларымыз жайлы фо­­то­деректермен қатар, Алаш­­орданың мұхтасифі, діни қайраткер Хасен Нұрмұ­ха­медовтің жұ­байы Кира Бер­сенова, төң­керісшіл тұлға Мұ­ха­медқали Тәтімовтің  жа­ры Шәкітай,  башқұрт қай­рат­кері Шәкір Гай­синның жары Ғайнижамал және тұтқында болған әйелдер Сұ­лухан Бігіз­баева, Клара Брон, Енты Лих­тейнштейнге  қа­тысты  құжат­тарды көрдік.

Сонымен қатар көрме сө­ресіне қапастағы әйелдер қол­­­данған мұралар да қо­йылыпты. Атап айтсақ, Ка­зима Алманиязованың сан­дығы, Мария Даниленко мен Бибіжамал Сырғабекованың көйлегі, Лидия Френкелге тие­сілі «Голубой ларец» иіссуы және Янина Германовичтің ла­герьде төрт айлық қызы Мая­ны ораған көрпешесі, Кира Берсеневаның хаттары бар.

Көрермен назарын аударған тағы бір дүние Қазақстан су­рет­шілер одағының мүшесі, қа­рағандылық шебер Виктор Аренттің қыш керамикадан бәдіздеп жасаған туындылары. Суретші-шебер триптихтерін – «37-ші жыл», «Өшкен тағ­дыр­лар», «Қанды жол», «Степлаг» деп атапты. «Бұл туындылар – тар қапаста азап шеккен адам­дардың еркіндікке деген үміті мен сенімі» дейді ұйым­дас­тырушылар.