Қоғам • 11 Сәуір, 2019

Дулат Исабеков: Ұпайымыз түгел, ұлтымыз тұтас болсын

1140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін баршамыз болып үлкен ықыласпен тыңдадық. Мемлекет басшысы ел Президентін сайлауды мерзімінен бұрын тағайындау қажеттігі туралы нақты түсініктеме берді.

Дулат Исабеков: Ұпайымыз түгел, ұлтымыз тұтас болсын
Бұл шешім бүгінгі таңда маңызды әрі қажетті екені анық. Біз өзгерісі қым-қуыт әрі тым жылдам әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ретте кез келген мемлекеттің сая­си жүйесінің эволюциясы – заңды процесс. Транзиттік кезең тұрақтылық пен қоғамдық келісім кезеңіне жалғасады деп үміттенемін. Сәйкесінше, сая­си партиялардың жақын арада өз кандидаттарын айқын­дайтынына сенімдіміз.
Ең бастысы, Президент өзі мәлімдегендей, бұл маңызды қадамға бірден келе салған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевпен кеңесе отырып, Пар­ламент палаталарының басшыларымен, Конституциялық кеңеспен, саяси партиялардың жетекшілерімен ақылдаса келе, бір шешімге келді. Халықтың күпті көңілін күткен уақытында дөп басып отыр. Саяси тұрақ­тылық пен айқын бағыт Прези­дент өкілеттілігі толық болғанда ғана өз нәтижесін береді.
Сондай-ақ бұл тарихи маңызды кезеңде халықтың белсенділігін жақсы жағынан көріп отырмыз деуге болады. Оның үстіне, билікті тапсыруда транзиттік рөлді атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа етене жақын екенін көрсетті. 
Алда интеграция ғасыры. Қазақстан тәрізді даму жолына түскен елдің тізгіні халықаралық деңгейде де, ел алдында да, ұлт алдында да абыройы бар тұлғада болғаны дұрыс. 
Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздік пен бейбітшілік. Ішкі тұрақтылық толық орнамаған жерде ештеңе де еселенбейді. Еліміздің Ата Заңына, яғни Конс­титуциясына сәйкес Қазақ­стан Республикасы Прези­денті­нің кезек­тен тыс сай­лауын 2019 жыл­дың 9 маусымында өт­кізу тур­алы шешімді мен осы құ­бы­лыс­тарды баянды ету мақ­сатын­да жасалған шешім деп білемін.
Демократия әрқашан даму процесінде болуы қажет. Сон­дықтан да тарихи сәт әділеттіліктің салтанат құруы сайлаудың салмағын арттыратыны сөзсіз. Сайлаудағы басым шешімдердің көбі – халықтікі. Бірінші – біз белсенді түрде атсалысуымыз қажет. Әр азамат сайлауда дауыс беру арқылы мемлекеттік билікті қалып­тас­тырады. Сондай-ақ өзінің және өзінен кейінгі өскелең ұрпа­ғынының мүддесіне сәйкес шешім қабылдайтынын естен шығармағаны жөн.
Өтпелі кезеңнің өкпегі қатты болады. Біз сол қысқа мерзімде ұпайымыз түгел, ұлтымыз тұтас, ұрпағымыз аман болғанын қалаймыз.

Дулат ИСАБЕКОВ, 
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты