Қоғам • 11 Сәуір, 2019

Президент Үндеуін қолдайды

980 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төралқа отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарына арнаған Үндеуінде алдағы ел Президентін сайлауды кезектен тыс өткізудің еліміз үшін маңыздылығы сөз болды.

Президент Үндеуін қолдайды
Жиын барысында Арда­гер­лер ұйымының Орта­лық кеңе­сінің төрағасы Бақты­қожа Ізмұхамбетов ел арда­герлері кезектен тыс Президент сайла­уын өткізуге толық қосылатынын және қай жерде тыныштық болса, сол жерде береке мен бірлік боларын алға тартып, ел экономикасы да артып, мем­­лекеттің әлеуеті күшейе түсе­тінін жеткізді.
«Бүгін біз Республикалық Ардагерлер қоғамдық бірлес­тігінің президиумын өткіздік. Бұл президиумда қарал­ған мәсе­ле Президентіміз Қ.Тоқаев­тың Қазақстан аза­мат­тарына арнаған Үн­деуіне байланысты болды. Ардагерлер ұйымы бұл шешімге үлкен түсіністікпен қарайды», деді Б.Ізмұхаметов. Оның айтуынша, заң бойынша Президентке  келесі сайлауға дейін отыруға болар еді. Бірақ Қ.Тоқаев елдің мүддесін ойлап, кезектен тыс сайлау өткізуді ұйғарды. 
«Міне, сондықтан осы шешім қабылданып, 9 маусымда елімізде прези­денттік сайлау өткелі отыр. Бұл президенттік сайлау түрлі келеңсіздіктердің алдын алады. Оның үстіне еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап Тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлының тынымсыз еңбе­гінің арқасында елімізге аса көлемді инвестициялар келді. Міне, сол инвес­тиция салған алпауыт фирмалар, компаниялар қазір алаңдауда. Сондықтан қазір азғантай уақыттың ішінде хал­қымыз өзінің президентін сай­лап, елдің бірлігін, тұтасты­ғын, тыныштығын толықтай қам­­­т­а­масыз етуі тиіс. Бұл дер ке­зін­д­е қабылданған шешім», деді ол.
Ардагерлер ұйымы Ор­та­лық кеңесінің кеңейтілген оты­рысында аталған ұйым төраға­сының бірінші орынба­сары Өмірзақ Озғанбаев 19 нау­рызда Елбасының президент­тік өкі­леттігін тоқтатуы тарихи ше­шім болғанын тілге тиек етіп, алдағы сайлаудың халқымыз үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша бұл шешімді ардагерлер қауымы толық қолдайды.
«Қазақстан тарих сахнасынан ойып тұрып өз орнын алды. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құн­дылығы. Біз бүгінгі жетіс­тіктерімізге тәуелсіздіктің арқа­сында қол жеткіздік. Қазақ­стан бүгінде Еуразияның жүрегін­де орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Аз уақыттың ішінде еліміз, спорт, білім, ғылым, мәдениет, өнерде ірі табыстарға қол жеткізді. Татулық пен бірлікті алға тартқан Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы елдердің көшін бастап келеді. 19 наурызда Елбасының президенттік өкілеттігін тоқтатуы тарихи шешім болды. Елбасымыздың тәуелсіз Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Президенті­міз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аза­мат­тарына арнаған Үндеуінде алдағы ел Президентін сайлауды кезектен тыс өткізудің еліміз үшін маңыздылығын негіздеді. Әлемдегі халықаралық саяси ахуал тұрақсыз болып тұр­ған кезеңде ел қауіпсіздігіне тіке­лей қатысты, қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, алға қарай нық жылжу, әлеуметтік-экономикалық даму мінде­т­терін шешу үшін  Президенттің өкілеттігі толық болуы керек. Сайланған Президент, халықтың сенімін алған тұлға елдің атынан батыл шешімдер қабылдай алады. Ел ардагерлері Президент сайлауын өткізу еліміз үшін дұрыс шешім деп бірауыздан қолдайды», деді Ө.Озғанбаев.