2019 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері бейнеконференциялық байланыс түрінде қатысты. Отырыста екі мәселе қаралды:
1. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың жоспарын бекіту туралы;
2. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы.
Күнтізбелік жоспар туралы баяндамамен ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Викторович Петров сөз сөйледі. Сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу мәселесі бойынша Ортсайлаукомның сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Дәурен Тілеукенұлы Ысқақов баяндама жасады.
1. 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкес түрде әзірленді.
Науқанның жекелеген кезеңдерінің
ұзақтығын айқындау үшін негіз «Қазақстан Республикасындағы сайлау
туралы» Конституциялық заңның 66-1-бабы болып табылады. Қазақстан
Республикасы Президентiнiң кезектен тыс сайлауы жөніндегі
іс-шараларды өткізу мерзiмдерiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Осы
жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі
күннен, яғни 2019 жылғы 10 сәуірден басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде
сағат 18-00-де аяқталады. Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы «Сайлау туралы»
Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгiленген
тәртiппен тiркелген
республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық
қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік
дауысымен қабылданады. Кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау
туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгiн анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме
кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін
куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде жүзеге асырады.
Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптар:
- тумысы бойынша азаматтығы;
- соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұруы;
- жоғары білімі;
- 40 жасқа толған болуы;
- белсенді сайлау құқығы болуы;
- мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
- мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1% -ның қолдарын жинаумен расталуы тиіс. 01.01.2019 ж. жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 11 814 019 дауыс беруге құқығы бар азаматты Қазақстан Республикасының Сайлаушылар тізіліміне енгізген. Осылайша, әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы тиіс. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күн ішінде жүзеге асырылады. Қол жинауды Президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді, сондай-ақ қолдардың түпнұсқалылығын тексеру рәсімін аумақтық сайлау комиссиялары паспорттық қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып жүргізеді.
Президенттікке кандидаттар ретінде тіркелу үшін ұсынылушылар ұсынылатын айдың бірінші күніндегі, яғни 01.04.2019 ж. жағдай бойынша өзінің және жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет. Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеудің күшін жоя алады.
Сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі 00-00-ге дейін жалғасады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентiне тiркелген кандидаттарға эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемақысының мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді хабарлау мен жариялау сайлау алдындағы үгіт басталғанға дейiн 5 күннен кешiктiрiлмей, яғни ағымдағы жылдың 5 мамырына дейін өткiзiлуі тиiс. Күнтізбелік жоспардағы бірқатар баптар сайлау процесіне қатысушыларды сайлау комиссияларының құрамдары, сайлау учаскелерінің орналасқан жерлері, сайлаушылардың тізімдерін танысу үшін ұсыну мерзімдері туралы ақпараттандыру мерзімдерін белгілейді.
Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін болады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі.
Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күн мерзім ішінде (11 маусымнан кешіктірмей) жеткізіледі.
Орталық сайлау комиссиясының сайлау нәтижелерін белгілеуіне және жариялауына, сайланған Президентті тіркеуіне 7 күн.
2. Сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 1), 2), 6) тармақшаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мақсатында «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» Орталық сайлау комиссиясының қаулысы әзірленді.
Аталған қаулымен сайлау процесінің барлық кезеңдерінде қажетті құжаттардың нысандарын бекіту көзделген.
Президенттің кезектен тыс сайлауы бойынша сайлаушылардың тізімі.
Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парағы. Қол қою парағының нысаны Конституциялық заңның 56-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді. Қол қою парағы бір парақта екі жағынан, Орталық сайлау комиссиясының түрлі-түсті логотипі бар бланкінде басылады.
Президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштің нысаны. Өтініште Президенттікке кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үшін қажетті кандидат туралы деректер көрсетіледі. Өтінішке белгіленген нысан бойынша биографиялық деректер; мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер; сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат қоса беріледі.
Президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. Конституциялық заңның 31-бабының 2-тармағында кандидаттар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды деп белгіленген.
Президенттікке кандидатты қолдап қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру нәтижелері туралы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. Қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру Президенттікке кандидатқа қажетті санда қойылған дұрыс қолдар анықталғанға дейін, Конституциялық заң талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Президенттікке кандидаттың оған Конституцияда және Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы Орталық сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. Кандидаттың сәйкестігін анықтау, соның ішінде Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті берген мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
Дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы аумақтық сайлау комиссиясы шешімінің нысаны. Конституциялық заңның 38-бабының 1-тармағына сәйкес аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге құқылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық комиссиялардың шешiмi сайлаушылардың назарына жеткізілуге тиіс.
Дауыс беру кез келген уақытта аяқталуы мүмкін сайлау учаскелерінің тізбесін бекіту туралы аумақтық сайлау комиссиясы шешімінің нысаны. 38-баптың 3-тармағында былай деп бекітілген: «Қазақстан Республикасының иелiгiндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердiң тiзбесiн тиiстi сайлау комиссиясы сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрмей бекiтедi».
Сайлау учаскесін ашу туралы учаскелік сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. Дауыс беруді ашу Конституциялық заңның 40-бабымен реттеледі.
Сайлау учаскесі бойынша Президенттің кезектен тыс сайлауында дауыс беру нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру қорытындылары анықталғанға дейін үзіліссіз жүргізеді, олар дауыстарды санау кезінде қатысатын адамдардың назарына жеткізілуі тиіс. Сайлау учаскесінде дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталғаннан он екі сағаттан аспауы тиіс.
Президенттің кезектен тыс сайлауында дауыстарды санау нәтижелері туралы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. Президент сайлауында дауыстарды санау нәтижелері аумақтық сайлау комиссиясының отырысында анықталып, комиссия төрағасы мен мүшелері қол қоятын хаттамаға енгізіледі және екі күндік мерзімде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
Президенттің кезектен тыс сайлауының қорытындылары туралы Орталық сайлау комиссиясы хаттамасының нысаны. 65-баптың 1-тармағына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамаларының негiзiнде сайлаудан кейiн жетi күндiк мерзiмнен кешiктiрмей Президент сайлауының қорытындыларын белгiлейдi және тиiстi қаулы қабылдайды.
Президенттікке кандидат куәлігінің нысаны. Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке кандидатты тіркеу кезінде тиісті куәлік береді.
Президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамы куәлігінің нысаны. Аумақтық сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркеген соң тиісті куәлік береді.
Халықаралық байқаушы куәлігінің нысаны. Конституциялық заңның 20-2-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледі. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болып табылатын, Орталық сайлау комиссиясы белгілеген үлгідегі куәлік беріледі.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша танысу үшін сайлаушылар тізімі ұсынылған күнгі сайлау учаскелерінің саны және тізімдерге енгізілген сайлаушылар саны туралы №1 хабардың нысаны. Бұл хабарды аумақтық сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына сайлаушыларға танысу үшін сайлаушылар тізімдерін ұсынғаннан кейін береді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша Президенттің кезектен тыс сайлауына сайлаушылардың келуі туралы №2 хабардың нысаны. Бұл хабарды аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күні Орталық сайлау комиссиясына әр екі сағат сайын береді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша Президенттің кезектен тыс сайлауында дауыстарды санау нәтижелері туралы №3 хабардың нысаны. Бұл хабарды аумақтық сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына дауыстарды санағаннан кейін электронды түрде береді. Орталық сайлау комиссиясының «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы» таныстырылған қаулысы заңнама талаптары ескеріліп әзірленді және Орталық сайлау комиссиясының аппаратымен және мүшелерімен келісілді.
БАҚ және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімі