Әлем • 11 Сәуір, 2019

Джулиан Ассанж қамауға алынды

1022 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Wikileaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж қамауға алынды. Ол бұған дейін Лондондағы Эквадор елшілігінде бас сауғалап келген еді. Алайда мемлекеттің Ассанжды босқын ретінде танудан бас тартқаннан кейін Метрополитан полициясы оны ұстап әкетті.

Джулиан Ассанж қамауға алынды

Джулиан Ассанж 2012 жылдан бері Эквадордың Лондондағы елшілігінде тығылып келген еді. Оған Швеция тарапы жыныстық қарым-қатынасқа түсуге күштеді деп айып таққан-тұғын. Сондай-ақ Ұлыбритания Ассанжды тұтқындауға шешім қабылдаған болатын. Кейінірек Швеция оған тағылған айыпты негізсіз деп тапқан. Әйтсе де, Британ корольдігі оны қамауға алу туралы шешімді өзгерткен жоқ. 

«Ассанж Лондонның орталық полиция учаскесіне әкелінді. Ол Вестминстер магистраттық сотының алдына барғанша сонда болады», деп мәлімдеді Метрополитан полициясы. 

Өз кезегінде Эквадор президенті Ленин Морено туиттердегі парақшасында неліктен Джулиан Ассанжды босқын ретінде танудан бас тартқанын түсіндірді. 

«Джулиан Ассанж халықаралық конвенция мен күнделікті протоколды қайта-қайта бұзғаны үшін дербес шешім ретінде Эквадор оған босқын мәртебесін беруден бас тартты», деп жазды ол. 

The Guardian басылымының мәліметіне сүйенсек, осыдан екі ай бұрын Wikileaks сайтында Эквадор президенті Ленин Морено мен оның отбасының сыбайлас жемқорлыққа, күштеп ақша тартып алуға қатысы бар екені жарияланған. Сондай-ақ жеке суреттерін де таратқан. Алайда ел президенті тағылған айыптарды жоққа шығарды. 

Wikileaks сайты 2006 жылы құрылған болатын. Содан бері онда жасырын ақпарат берушілерден алынған құпия құжаттар жарияланып келеді. Әсіресе, 2010 жылы Ирактағы және Ауғанстандағы АҚШ-тың әскери операциялары туралы құжаттар әлемді дүр сілкіндірді. Бұдан бөлек, Гуантанамо түрмесіндегі жағдай туралы мәліметі де әлем назарын аударды.