Аймақтар • 11 Сәуір, 2019

Талдықорғанда туған үшемге 3 бөлмелі пәтер берілді

1059 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласы тұрғындарының саны бірден 3 жанға ұлғайды. Осыдан шамалы уақыт бұрын дүниеге үшем келіп, жас отбасының қуанышы да үш еселенген еді.

Талдықорғанда туған үшемге 3 бөлмелі пәтер берілді

Бауберіковтер шаңырағына қуаныш сыйлаған Әлима, Алиша, Алмира есімді сәбилер облыс орталығы тұрғындары ұзағынан күткен елеулі оқиғаға да себепші болғандай. Өйткені, Талдықорған топырағында үшемнің дүниеге келуі ұмытыла бастағандай екен. Тұрғындар мұндай қуанышқа осыдан 11 жыл бұрын, 2008 жылы куә болыпты. Үшемді перзентханадан шығарып алуға келген ағайын-туған үшін тосын сый болды. Жас ана мен сәбилерді құттықтап, сыйлығын ала келген облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев аймақ басшысы Амандық Баталовтың сәлемін жеткізіп, Бауберіковтер отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

- Үшемнің дүниеге келуі – үлкен қуаныш. Әр баланың өз ризығы бар. Қазір аймақта әлеуметтік мәселелерге жете көңіл бөлініп, халықтың өсімі артып келеді. Үшемнің өмірге келуі Талдықорғанда осыдан 11 жыл бұрын болған екен. Енді, міне, биылғы жылы осындай зор қуанышқа кенеліп отырмыз. Сондықтан бұл үлкен оқиғаны елеусіз қалдырмай, облыс әкімі Амандық Баталов үш сәбидің ата-анасына тұрғын үй кілтін әкеліп тапсыруды маған жүктеді. Балалар үлкен азамат болып өсіп, қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, - деді Ақан Әбдуәлиев.

Жарық дүние есігін ашқан Әлима, Алиша, Алмира - Дәурен Серікұлы мен Еңлік Қайсарованың тұлабойы тұңғыштары екен. Дәурен жеке кәсіппен айналысса, Еңлік - қаладағы № 12 мектепте мұғалім болып еңбек етеді.

Айтпақшы, үшемнің бәсіресіне берілген үш бөлмелі тұрғын үй Талдықорғандағы жаңадан салынған коттеджді қалашықтан кілті тапсырылған ең алғашқы үйдің бірі. Жақын күндері бұл шағын қлашаықта көп балалы аналар қоныстанатын болады.