Қылмысты ішкі мемлекеттік аудит департаменті әшкерелеген. Бір қызығы, бас есепшінің 9,2 млн теңгені қалтасына басқаны жайлы ешкім шағымданбаған. Тек бір адамның ғана арыздануға батылы жеткен.
«Күдікті заңға қайшы әрекеттер жасаумен қатар еңбек, салық, бюджет заңнамаларын да өрескел бұзған. Салықтарды төлемеген, тәрбиешілердің атына зейнетақы аударымдарын жасамаған», дейді ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Қапарова.
Қаржыны жымқыру фактілері Айыртау ауданының білім бөлімінде де тіркелген. Саумалкөл мектеп-интернатының шатырына бөлінген қаражатты әлдекімдер пышақ үсті бөліп алған.
Тек биылдың өзінде 26 лауазымды тұлғаға тәртіптік, осынша адамға әкімшілік шара көрілген. Пысықайлар 31 миллион теңгені қымқырып, бюджеттің ту-талақайын шығарған.
Департаменттің бөлім жетекшісі Ердос Багеновтың айтуынша, камералдық бақылау жүйесі бойынша жиынтық құны 82 миллиард теңгенің 25 000 лоты тексеріліп, 12 миллиард теңгенің заң бұзушылығы анықталған. Конкурсты ұйымдастырушылар қу құлқынның қамы үшін небір құйтырқы әрекеттерге арланбастан барады екен. Заң талаптары мен шарттарды кері сырып тастап, өздері ойлап тапқан «ережемен» жұмыс істейтін көрінеді. Басы артық құжаттар сұратып, әуре-сарсаңға салып қоятын мысалдар да аз кездеспейді.
Солтүстік Қазақстан облысы