«Бұл біз күткен жағдай еді. Енді 9 маусымда барлық күшті жұмылдырып, халық болып жаңа Президентті таңдауға тиіспіз. Бүкілхалықтық заңды сайлау өткізудің, заңды Президент сайлап алудың дәл осы жерде тарихи мәні бар», деп атап өтті Рахман Алшанов.
Рахман Алшанов сөз арасында осындай саяси науқан кезінде барлық аймақ Алматы, Нұр-Сұлтан тәрізді ірі қалалардағы көзқарасқа қарап көшін түзейтінін айтты. «Біз, қоғамдық кеңестің мінберінен спикерлердің пікірін халыққа жеткізуге мүмкіндік беруге дайынбыз», деп сөз кезегін дипломат, қоғам қайраткері Икрам Адырбековке берді.
«Қазір халықаралық құқықты айнадай мөлдір деп ешкім айта алмайды. Халықаралық құқық бұзылды. Алпауыт елдер халықаралық талаптарды белден басып, үстемдігін орнатуға тырысып жатыр. Әлемдік экономика сыр берді. АҚШ экономикасы 2018 жылды 6 пайыздық өсіммен аяқтады. Егер экономика 7 пайыздан түсіп кетсе, мемлекет бюджетті үнемдеуге тырысады. Үнемдеу жұмыс орындарын, әлеуметтік төлемдерді қысқарту деген сөз.
«Бұл – 28 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Қытайдың да алыс-жақын елдерге деген инвестициясы кейінге шегеріліп жатыр. Бізде осындай кезде билік ауысты. Дәл қазір тұрақтылықтың және сенімнің маңызды екенін біз білеміз», деп атап өтті Икрам Адырбеков.
Одан әрі спикер қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ширек ғасырдан бері білетінін айтып өтті.
Ал кезекті спикер Сергей Пономарев қазақстандықтар үшін бұл жолғы таңдаудың салмағы ауыр әрі маңызды екенін айтты.