Ақты ақ, қараны қара десек қайтеді?
Сейсенбі, 22 мамыр 2012 7:18
Бүгінгі заман талабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметшілерінің біліктілігін көтеру кезек күттірмейтін іс. Тек біліктілігін ғана емес, олардың адамгершілігін, иманын оятатын кез келді. Әйтпесе, құқық қорғау органдары құқымды заңға сүйеніп қорғайды дегенге адамдардың сене қоюы екіталай. Ендеше, бұл орайда оларды аттестаттаудан өткізгенде не ескерілуі керек, жалпы құқық қорғау органдары адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделеріне қол сұғылмауына кепіл бола тұра, қоғам мен мемлекеттің қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін кешенді мемлекеттік органдар жүйесін құра ала ма?
Сейсенбі, 22 мамыр 2012 7:18
Бүгінгі заман талабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметшілерінің біліктілігін көтеру кезек күттірмейтін іс. Тек біліктілігін ғана емес, олардың адамгершілігін, иманын оятатын кез келді. Әйтпесе, құқық қорғау органдары құқымды заңға сүйеніп қорғайды дегенге адамдардың сене қоюы екіталай. Ендеше, бұл орайда оларды аттестаттаудан өткізгенде не ескерілуі керек, жалпы құқық қорғау органдары адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделеріне қол сұғылмауына кепіл бола тұра, қоғам мен мемлекеттің қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін кешенді мемлекеттік органдар жүйесін құра ала ма? Полиция қызметкерлері өзінің жүріс-тұрысы, іс-қимылы, жасаған әрекеті және адал қызметімен өзгелерге үлгі ретінде қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға себеп бола ала ма? Міне, көкейде жүрген осы сұрақтарға жауап іздеп біз Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, «Академик С.Зиманов атындағы Білім заңнамасының орталығы» ҒЗО директоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Б.АЛТЫНБАСОВҚА жолығып, әңгімелескен едік.
– Бақыт Өмірханұлы, еліміз әлемдік деңгейде ашық саясат ұстанып, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын анағұрлым жоғары деңгейде кепіл ету мақсатында осы саладағы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сай етіп, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру саясатын ұстануда. Осы орайда Елбасының өзі бастама жасап, құқық қорғау органдарын одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы мәселені алға қойды. Мұндай бастаманың яғни, бұрын құқық қорғау органдарына жүргізілген реформаларға қарағанда ерекшелігі неде болмақ?
– Иә, бұл орайда құқық қорғау органдарын ауқымды түрде жаппай аттестаттаудан өткізуге не себеп болды деген сұрақтар да туындап жатқаны мәлім. Бұл кезекті тазалау процедурасы ма немесе лауазым иелерінің біліктілігін шынайы тексеру ме деген сұрақтар да аз емес. Сондай-ақ, осы іс-шараның нәтижесі қандай болады екен деген мәселелер қоғамды мазалап жүр. Осы сұрақтарды да қамти отырып сіздің Елбасының мұндай қадамға баруына қандай саяси-құқықтық себептер негіз болды және оның құқық қорғау жүйесіне қандай тиімді тұстары болуы мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Жалпы, заң ғылымының атасы академик С.Зиманов соңғы жылдары біраз мінберлерден құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігі туралы айтқан болатын. Академик С. Зиманов құқық қорғау органдарын жетілдіруді сот органдарынан бастау қажеттігін білдірді. Бұл атақты заңгер-ғалым сот органдарының құқық қорғау органдарының ішінде шешуші рөл атқаратындығын көрсеткені болар дейміз.
Аттестаттау бұрын өтпеген десек, әрине жаңылысамыз. Себебі, мұндай тексерулер осы кезге дейін де өз мезгілімен түрлі ведомстволарда өткізіліп отырған. Бірақ бұл іс-шараның басты айырмашылығы – ауқымдылығы. Яғни, тікелей Елбасының жариялауымен, бүкіл құқық қорғау органдарында жаппай және бірмезгілде жүргізілуінде. Мұндай іс-шараның саяси-құқықтық мәні жоғары екендігін барлық генералдар мен қатардағы қызметшілерге дейін түсініп отыр. Сол себепті, бұл аттестаттау өзінің сапасы мен нәтижелігі жағынан бұрын-соңды болмағандай өтуі қажет. Осы уақытқа дейін аттестаттау қалай өткізілгендігін барлығымыз білеміз. Соның салдарынан, құқық қорғау органдары жүйесі өзінің қызметінде тамыр-таныстық, туыстық, жерлестік, командалық секілді жайсыздықтарды ілестіріп келді. Аттестаттау қатардағы қызметшілерден кезекті ақша жинаудың бір түрі ретінде болған және мұны барлығы қалыпты құбылыс ретінде танитын.
Осы кезге дейін әрбір ведомство өз ішінде аттестаттау өткізіп отырды. Бірақ ол туралы ешкім естімейтін, оның мәні мен мағынасы туралы ешкім түсінбейтін. Тіпті құқық қорғау органдары қызметшілерінің өздері оны қатардағы тексеру үдерісі ретінде немесе кезекті ақша жинау деп санайтын. Нәтижесінде, құқық қорғау жүйесінде сыбайлас жемқорлық орнап, туыстық және басқа да жолдармен қызметке алу амалы басым түсті.
– Бұған қандай нақты дәлеліңіз бар?
– Дәлел ретінде ресми органдардың мәліметтеріне көз жүгіртейік. Президент Әкімшілігінің мәліметтері бойынша 2011 жылы сыбайлас жемқорлық барлық органдарында тіркелген. Ал құқық қорғау органдарын кезектен тыс аттестаттауға тек сыбайлас жемқорлық себеп болған жоқ, мұнда өзге де факторлар жеткілікті. Мысалы, білікті мамандардың тапшылығы, яғни құқық қорғау органдарына тамыр-таныстық, пара беру, жоғарыдан телефон шалу арқылы жұмысқа кіру тетігі күні бойы сақталып келеді. Айналамызға қарасақ, соңғы жиырма жылда ортамызда өз білімімен қызметке кірген азаматтар аз. Сондықтан, амал жоқ шындыққа тура қарауымызға тура келеді. Ал шындыққа тура қарамасақ оның зардабы біздің өзімізге және қоғамға тиеді.
– Сонда қалай, құқық қорғау қызметкерлері қылмыспен күресуге тиіс, бірақ олардың бірқатары керісінше өздері бас болып сыбайлас жемқорлыққа жол береді. Мұның сыры неде?
– Соңғы жылдары құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысы жаппай жүргізілуде. Соның салдарынан көп азаматтар әшкереленіп, ұсталды. Шындығына келетін болсақ, құқық қорғау органдары қызметшісінің жалақысы бүгінгі заман талабына сай емес. Сондықтан да, олардың бірқатары белгілі бір деңгейде пара алуға мәжбүр болып отыр. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік жағдайды көтермей, сыбайлас жемқорлық тоқтайды деп айту қиын. Құқық қорғау органдарының білікті, адал қызметшілері басқа табысы жоғары жұмыс іздеп, банктерге, ұлттық және шетелдік компанияларға жұмысқа кетуді әдетке айналдырды. Бүгінгі күні құқық қорғау органдарында басқа баратын жері жоқ болғандықтан, амалсыз жұмыс істеп жүргендер де бар. Мұны бірқатар тергеушілер, анықтаушылар, жедел іздестіру қызметкерлері, яғни орта және кіші буындағы қызметшілер мойындайды.
Жалақы деңгейінің төмен болуы және жұмыстың ауырлығы құқық қорғау органдары жүйесінен көптеген жақсы мамандардың қызметтен кетуіне себеп болды. Олардың орнына қолынан іс келмейтін, тіпті заңгерлік білімі жоқ, құқықтық санасы қалыптаспаған адамдар жұмыс істеп жүр. Міне, осы жағдай бүгінгі құқық қорғау органдарының келбетін бұзып отыр және негізгі себеп те осында.
– Енді аттестаттау арқылы жүйе жемқорлығы жеңілдейді деп ойлайсыз ба?
– Академик С.Зиманов «Бүгінгі шенеуніктер негіз бен қосымшаның айырмашылығын түсінбейді. Олар үшін барлығы маңызды, барлығы күн тәртібіндегі мәселе» деп айтушы еді. Осы сөздердің астарында терең ой жатқандығы белгілі. Себебі, мәселені шешпестен бұрын оның тамыры қайда жатқандығын білуіміз қажет. Тек көзге көрініп тұрған мәселені реттеумен жалпы жағдай өзгермейді. Құқық қорғау органдарын аттестаттау арқылы бұл жүйе мүлде өзгеріп шыға кетеді деу де қате пікір. Мұнда нақты түрде кешенді жұмыстар жүргізілуі керек. Мысалы, аттестаттау туралы әңгіме басталғалы бері құқық қорғау органдары көрсеткіш үшін пәлен адамды жұмыстан шығаруымыз қажет екен деп отыр. Осының нәтижесінде жастарды жұмысқа алу мәселесі тығырыққа тірелді.
– Демек, бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының заң факультеттерін бітірген түлектер өз мамандығымен жұмыс істей алмай, жұмыссыздықтың құрбаны болуда дейсіз ғой.
– Иә, бұл жағдай әлемдік деңгейде танымал болған еліміздің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының түлектеріне де қатысы бар. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультеті студенттерінің 30-40 пайызы «Алтын белгі» иегерлері. Олар еліміздің түрлі аймақтарынан келген өз мектебінің «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары». Дәл осындай жастар құқық қорғау органдарының қатарын толтырса, болашақтан үлкен үміт күтуге болар еді. Бұл мәселені жоғары оқу орындары дербес шеше алмайтындығы анық. Мұнда тиісті уәкілетті органдар ортақ мүдделерді ескере отырып, өзара келісімге келуі қажет. Мемлекеттік бағдарламаларды тереңірек зерттеп қарайтын болсақ, жас мамандарды жұмыспен қамту аса өзекті мәселелердің бірі дейміз. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттаудың нәтижесінде қатардағы офицерлердің біліктілігін тексерумен қатар жас заңгерлерді жұмыспен қамту мәселесі де шешіледі деген үміттеміз.
– Аттестаттау кезінде тест сұрақтарынан талай қызметкер сүрінетін шығар? Мұнда, сонымен қатар, тағы қандай тың амалдар қолданған жөн?
– Тексеруге түсетін қызметшілердің айтуынша, қолданыстағы заңнаманы білуге қатысты тест сұрақтары өте күрделі, түрлі ішкі тәртіп, ережелер, нұсқаулықтар және өзге де лауазымдық қызметіне қатысы жоқ сұрақтар көп кездеседі. Құқық қорғау органдары да қызметі мен міндетіне байланысты түрлі салалы болып келеді. Мысалы, прокурор мен жедел іздестіру қызметінің қызметкерінің немесе қаржы полициясының қызметкері мен учаскелік инспектордың функционалдық міндеттері ұқсамайды. Яғни, әр ведомствоның атқаратын қызметі мен қарайтын істерінде айырмашылық бар. Сондықтан да, аттестаттауға жататын қызметшілердің білімі мен біліктілігін, өз қызметіне байланысты заңнаманы игергендігін тексеруде мамандандырылған сұрақтар қоюды басшылыққа алу қажет. Мұны тездетпесе, бұл жағдай онсыз да сыбайлас жемқорлық пен командалық жүйеден құтыла алмай жатқан құқық қорғау органдарының жағдайын одан әрі күрделендіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан құқық қорғау жүйесіндегі жағдайды ескере отыра, аттестаттау барысында қолданылатын сынақ сұрақтары мен өзге де біліктілікті бағалау критерийлерін қайта сараптамадан өткізу қажет. Аттестаттаудың бағалау критерийлерінің тексеруге жататын лауазымды тұлғалардың деңгейіне сәйкестігін анықтауды маңызды қағида ретінде басшылыққа алу қажет.
– Олай болмаған жағдайда, аттестаттау ақыры осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген жүйе бойынша қала береді дейсіз ғой.
– Бүгінгі таңдағы бірқатар полиция қызметкерлері аттестаттаудан өту үшін міндетті түрде жоғары тұрған «ағаларға» бір ауыз ұсыныс айту арқылы шешу қажеттігіне толығымен сенеді және аттестаттаудан өтудің өзге жолын білмейді. Егер біз «жоқ олай емес» десек, онда біз өзімізді және халықты да алдағанымыз болады. Себебі, барлығымыздың құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін туыс, дос, көрші, таныстарымыз бар. Және ол жүйе туралы әбден жақсы құлағдар болғанбыз. Сондықтан өзімізді алдап қайтеміз.
Осы аттестаттауды да осы уақытқа дейінгі таныс амалдың бір түрі деп қарайтындар да аз емес. Себебі, аттестаттаудың жүргізілу тетігі сол бұрынғыдай әкімшілік сипатқа ие. Егер департаменттер мен басқармалардың басшылары қол астындағы қызметшілерінің біліктілігін өздері анықтайтын болса, онда біз ескі жүйеден алысқа кетпегеніміз. Қанша жерден бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқанымен, оңды нәтиже шығуы екіталай. Сондықтан, бір ведомствоның қызметшілерін аттестаттауда өзге ведомствоның өкілдері төрағалық етуі қажет. Төрағалық етуші лауазымы бойынша тәуелсіз және дербес шешім қабылдай алатындай тұлға болуы тиіс.
– Мұнда бізге У. Черчилль айтып кеткен «қоғамда түрлі жалған көзқарастар жүр, ең сұмдығы солардың жартысы ақиқат болуында» деген сөздерді есімізге түсіруіміз керек секілді ғой.
– Заң ғылымында осы жағдайға қатысты орыстың атақты заңгері А.Ф. Кони: «Билік органдары заңдарды өздері құрметтемей, өзгелерден құрметтеуді талап етуге құқығы жоқ» деген екен. Яғни, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар мемлекеттің атынан құқық қолдану өкілеттігіне ие бола тұрып, өздері сол құқықтық нормаларды бұзатын болса, онда олардың оны орындау мен сақтауды халықтан талап етуге моральдық тұрғыдан қақы жоқ. Бұл жағдай заңдылықтың қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етіп отырған, құқықтық және демократиялық мемлекетке тән емес жағымсыз құбылыс.
Аттестаттаудың қаншалықты маңызды екендігін Мемлекет басшысының өзі Жарлық арқылы бекіткенінен байқауға болады. Және ол нормативтік-құқықтық тұрғыдан жоғары күшке ие. Бірақ аталмыш ереженің нормалары іс-шараның өткізілуінде тізгінді сол құқық қорғау органдарының басшыларына беріп қоюы, аттестаттауда сыбайлас жемқорлықтың орын алмауына кепілдік бермейді. Әрине, жалпы алғанда, бұл іс-шара ізгі ниеттерді көздейді, яғни құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларын біліктілігі жағынан сынақтан өткізіп, біршама жаңарту. Бірақ бұл іс-шараның нормативтік базасы оның ойдағыдай өткізілуіне белгілі бір деңгейде мүмкіндік туғызбай отырғандай көрінеді. Себебі, осы мәселеге қатысты заң ғылымында «өзінің жүзеге асырылу тетігі көрсетілмеген құқықтық норма өлі нормаға айналады» дейді.
Егер біз, яғни азаматтық қоғам мүшелері белсенділік білдіріп, бұл іс-шараның мемлекет пен қоғам үшін маңыздылығын дұрыс түсінсек шынайы жағдайды көруге мүмкіндік туады. Тәртіп сақшыларының арасында өз лауазымына сай емес адамдардың жұмыс істеп жүргендігі баршаға мәлім және оған көз жұмып, теріс қарауға болмайды. Жағдайға шынайы баға беру, ақты ақ, қараны қара деп айту елі мен Отанына жаны ашитын әрбір азаматтың парызы.
– Салмақты да салиқалы әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».