Қоғам • 15 Сәуір, 2019

Ел руханияты еңсе тіктеген кезең

1400 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік туы зеңгір көгімізде желбірегелі бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлттық рухымызды шыңдау арқылы елдіктің еңсесін тіктеу мақсатында түрлі салаларда көптеген ірі жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Солардың ішіндегі ең елеулісі әрі қоғамдық санаға соны серпіліс әкелген бірегей жобаның бірі – тура екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала болды. Сақ дәуірінен бері сарқыла жаздаған салтымызды жаңғыртып, Ғұн заманынан бергі ғұрпымызды дәріптеуде ұлттық санамызға төңкеріс жасаған бұл мақала шын мәнінде ұлт руханиятының келешек даму бағдарын айқындап бергені анық.

Ел руханияты еңсе  тіктеген кезең

Жүйелі жұмыс – нақты нәтижелер

Өткен жұма күні Нұр-Сұлтан­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғымен құрамы жаңартыл­ған және Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жетекшілік ететін осы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комис­сияның отырысы өтті.  Оның барысында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы мен Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының іске асырылу қоры­тындылары, сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары қаралды.


Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің атап өткеніндей,  екі жыл ішінде қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуды басты мақсат еткен ауқымды жұмыс атқарылған. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған жер» жобасы аясында меценаттар қаражатына 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфра­құрылым нысаны салынды. Отан­дық тарихта алғаш рет шет тілдерден экономика, әлеуметтану, саясаттану, пси­хология және өзге де ғылым сала­лары бойынша әлемдегі 48 үздік оқу­лық қазақ тіліне аударылып, басып шығарылды. Елдің гуманитарлық білім қоры 2019 жылы тағы 30 кітаппен толықпақ. Сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі 6 (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) тілінде Қазақстан жазушылары мен ақындарының проза және поэзия антологиялары баспаға әзір­ле­ніп, осы жылы жарық көретін болады. «Киелі Қазақстан» жобасы табысты жүргізілуде: 28 тарихи нысанда реставрация жасалды, жаңадан «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» қорық-музейлері ашыл­ды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар қызу іске асырылуда.

Жүргі­зіліп жатқан жұмыстың нақты нәти­­­желері мен жос­парлары туралы оты­­­­­ры­ста Қа­зақстан Республикасы Пре­­­­зиденті Әкімшілігі Мемлекеттік ба­қы­­­лау және ұйымдастыру-аумақтық жұ­­­­мысы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сау­­­­ранбаев, «Wikibilim» қоғамдық қоры қам­­­­қоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кен­же­­ханұлы, Қазақстан Республикасы Прези­денті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлі­мі­нің меңгерушісі Аида Балаева, Нұр-Сұл­тан қаласының әкімі Бақыт Сұл­та­­­нов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғы­­лым министрі Күләш Шәмшидинова, Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі.


Әуелі – әдебиет

Елбасының ұрпақ игілігі үшін ұсынған жүйелі жоспары – осы мақала төңірегінде топтасып жатты.  Баға жетпес құндылығымыздың құнарлы қабаты ұлттық әдебиет екені бұрыннан белгілі. Балбал тастарда таңбаланған көне түркі жазба ескерткіштерінен бас­тап, ежелгі дәуір әдебиеті, эпостық жырлар, хан­дық дәуіріндегі жорық дастандары, ірге­лі Абай мектебінен бүгінге дейін жазы­лып жатқан қазақ әдебиетін көзі­­міздің ағы мен қарашығындай сақ­тау бізге парыз, болашаққа міндет. Мұ­ны әдебиет­шілер қауымы да, тарих­шы­­лар ле­гі де үнемі айтып келеді. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасына дейін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­­ла­масы арқылы «Бабалар сөзінің» 100 томы жарық көрсе, бұл бағдарлама арқы­­лы сол жауһарларды енді жаһан тілінде жарқыратып, кемел әдебиеттің көк­жие­­гін кеңейту ісі қолға алына бас­та­­ды. Мысалы, жұма күні Ұлттық комис­сия отырысында Президент Әкім­­ші­лі­гі­нің ішкі саясат бөлімінің мең­ге­ру­ші­сі, аталған комиссияның хатшысы Аида Балаеваның атап өткеніндей, «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасы аясын­да екі жыл ішінде көркем әдеби шығар­ма­ларымыз БҰҰ-ның алты тіліне аударыл­ды. Демек, алдағы уақытта осы қазақ әдебиеті­нің көрнекті туындыларын әлем­нің 2,6 млрд-қа жуық халқы өз ана тілін­де оқи алатын болады.


Жаңғырудың өзегі – әліпби

Біз ХХ ғасырдың жиырма-отыз жылы ішінде әліпбиімізді үш рет ауыстырған ел екенбіз. Әліпбидің әбігері талай тарихи жәдігерлерімізді келмеске кетіріп, рухани бай құндылықтарымызды құр­дым­ға жібергені белгілі. Оқу, жазу арқылы отарланған жұрттың омақа асатыны кез келген адамға мәлім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы осынау олқы тұсы­мыз­дың орнын толтыруды көздеді. Тұңғыш Президент аталған ауқымды мақа­ла жарық көргенге дейін де әліпби мәселесін бірнеше рет айтқан болатын. Мысалы, 2006 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясын­да: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артық­шылықтары мен кемшіліктерін зер­делеп алуымыз керек», деген пікі­рі, 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында: «2025 жылдан бастап латын әліп­биіне көшуге кірісуіміз керек», де­ген мәлімдемесі ел есінде болуы тиіс. Сол жоспарлы қадамның жемісті жал­ғасы 2017 жылдың 26 қазанында «Қазақ тілі әліпбиін кирилл қарпінен ла­тын графикасына ауыстыру туралы» Жар­лыққа қол қойылумен жүзеге асты. Со­дан беріде Үкімет жанынан қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңі­мен көшіру жөніндегі Ұлттық комис­сия құрылып, орфографиялық, терми­нологиялық, әдіс­те­мелік, техни­ка­лық және ақпараттық қол­дау бойынша 4 жұмыс тобы ауқымды жо­баны атқаруда үлкен жұмыс істеп жа­тыр. Барлығымыз білетіндей, 2018 жылы латын графикасына негізделген қаз­ақ әліпбиінің орфографиялық ережелер тұжырымдамасы әзірленді. Тұжы­рым­да­ма негізінде А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институтының ғалымдары «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ере­же­­лері» жобасын жасап шықты. Терми­нологиялық жұмыс тобы – соңғы 40 жыл ішінде қазақ тіліне бейімделген немесе аударылған жиі қолданылатын 2000 терминнің тіркелімі дайындалды. 500 беттік ағылшын, орыс және қазақ тіл­дерінде шет тілдер терминдерінің сөз­дігі жобасы әзірленді.

Министрлік мәлімдегендей, әдіс­те­ме­лік жұмыс тобы биыл қазақ тілінің ла­тын графикасындағы ережелері бекі­тіл­­геннен кейін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, бар­лық білім беру деңгейіндегі типтік оқу бағ­дар­ламаларын аудара бастайды. Латын графикасындағы қазақ тілі ережелерінің жобасын апробациялау үшін білім беру мекемелері анық­талған. Техникалық және анықтамалық қолдау жөніндегі жұмыс тобы – латын графикасын ІТ технологиялар мен ақпараттық кеңістікке бе­йім­деу жұмыстарын атқарады, жа­ңа әліпбидің техникалық, Windows және басқа да ірі операциялық жүйе жеткізу­ші­леріне бейімдеу мәселелерін шешеді. 


Киелі жерлердің картасы әзірленді

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының өзекті тұсы өте көп. Соның бірі – «Туған жер» бағдар­ламасы. Газетімізде «Атажұрт: аңызға айналған атаулар» деген ай­дар­мен жазылып келген ұлы дала тө­сін­дегі көне кесенелер мен ежелгі қо­ныстар тарихымыздың тума бас­та­уы десек қателеспейміз. Аталған мақа­ла осынау киелі мекендердің картасын түзіп, тусыраған туризмнің туын биік желбіретудің бірнеше қадамын айқындап берген болатын. Айталық,  «Туған жер» жобасының «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қа­зына», «Ақпарат толқыны» атты төрт қосымша бағдарламасы жадағай тар­­тып бара жатқан жерлерімізді қай­та жаңғырта бастады. Мысалы, Қа­зақ­стан Республикасының Ұлт­­тық музейі жанынан «Қасиетті Қа­зақ­стан» мамандандырылған ғы­лы­ми орталығы құрылып, орталықта Ғы­лы­ми-сараптамалық кеңес жұмысы ұйым­дастырылған. Қазақстанның бар­лық өңірлеріндегі киелі нысандар бойынша этномәдени экспедиция­лар, яғни археолог, этнограф, мә­дениет­та­нушы, өлкетанушылардың және басқа да ма­мандардың зерттеулері кешенді жүр­гізіліп, киелі жерлердің рухы асқақ­тай түсті. Мәдениет және спорт министр­лі­гі мәлімдегендей, ел­­дің тарихи-мә­де­ни мұрасын кең ауқым­­да жүйелеу нәтижесінде жал­пы­ұлт­тық маңызға ие 185 нысан­нан тұ­ратын 100 кешен,  өңірлік маңыз­ға ие 456 нысанды қамтитын Қазақ­стан­­дағы киелі жерлердің тізімі анық­тал­ған. Кешенді экспедициялардың нәтижесінде «Жалпыұлттық маңызы бар Қазақстанның киелі нысандары» және «Қазақстанның өңірлік киелі жерлері» кітаптары басылып шыққан. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи және Қарахан кесе­не­лерінің 3D форматындағы модель­де­рі жасалып, «Қазақстанның киелі жер­ле­рі» энциклопедиясының бірінші томы жарыққа шыққанын да айта кеткен жөн.

Жалпы, осынау мақалада айтылған ауқымды жұмыстардың жүйелі жүзеге асып жатқандығына қарап, сонау түркі жұртының ұлы Тұран төсіндегі жауынгер рухы тірілгендей, рухани астанамыз Түркістанның дербес облыс орталығы атануын да кездейсоқтық дей алмайсың. Қазақ тарихына қатысты небір нысан қалпына келтіріліп, аңыз-әпсаналар хатқа түсіп, екі жыл ішінде елеулі еңбек нәтижесінде келешек ұрпақ ұлағатты кәдеге молынан ие болып жатыр.

Жетілу жолы – жүз оқулық

Маңызды мақаланың мұра төңі­ре­гі­­­нен бөлек кемел келешекке кешенді кеме түсіргенін де келісті насихаттай білуіміз керек. Ежелден өркениеттер өркен жай­ған Ұлы далада болашақ жастарымыз дүниенің төрт бұрышын қаламмен жаулау керегі анық. Осы бағытта  мемлекетіміз сонау тоқсаныншы жыл­дардың басында «Болашақ» бағдар­ла­­масымен талапты түлектерге шетелге білім алуға жағдай жасаса, бүгінде сол шетел ілімін ілгерілететін озық үлгі­лер­­ді, оқулықтарды өз тілімізге са­уатты аудартуды қолға алды. Тұтастай алған­да, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасының аясын­да оқулықтарды іріктеу бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асуда. Алды­мен мемлекеттік тілге аударылатын үздік оқулықтарды іріктеу бойынша нұсқау­лық әзірленгенін білеміз. Қарқынды басталған қайырлы қадам қазіргі уақытта 48 оқулықты қазақ тіліне сөремізге сән­­ді жайғастырды. «Философия», «Мәдениет­тану», «Экономика», «Педа­го­гика және психология», «Әлеу­мет­та­­ну», «Тарих», «Дінтану» пәндері бойынша дайындалған бастапқы 18 оқулықтың 10 мың данасы  еліміздегі 112 ЖОО-ға берілді. Бұл – өреміздің биік­теп, сөреміздің мәнді кітаптармен толығуының басы деуге болады. Әлемнің әйгілі жүз оқулығы ана тілімізде сөйлеуі – рухани жаңғырудың жаңа жолы екенін кез келгеніміз мақтанышпен айта білуіміз керек.


Рухани жаңғырудан –  Ұлы даланың жеті қырына

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ізімен жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да ұлт руханиятын түгендеуге зор үлес қосып отыр. Ондағы бір ғана «Архив-2025» бағдарламасы аясында 30 мың құжаттың көшірмесін шетелден әкелу көзделіп от­ыр­ған ауқымды жұмыстың өзін жеке тақырып етіп толғауға болады. Шетелдік, әсіресе Ресей және Қытай архив­тері қазақ тарихына қатысты тың дерек­терді қазақ зертханасына көшіру – көшелі істердің ең көлемдісі болмақ. Жылқының жалындағы жаһан тарихы тікелей қазақ сахарасымен байланысты екені де осынау мақалалардың мәйегінде мәнді баяндалған.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы – сонау Керуленнен Кеңгірге дейінгі, Алтайдан Анадолыға дейінгі бай тарихи мұрамызды бір сәтте жадымызда жаңғыртып, санамыздың сахнасына шығарған шынайы құбылыс болды. Осынау бағдарлама негізінде Ұлттық Домбыра күні дербес мерекеге айналып, Қорқыттан қалған қарт қобыз қазақ санасында қайта түледі. Сонау Алаш арыстары армандап кеткен ұлы мұрат – Алаш идеясы осынау мақалада сала-сала бойынша сараланып, еселі еңбек ел игілігіне айналды. Алаштың үнін сонау ғасырда Әміре Париж төріне оздырса, рухани жаңғырып жаңа белеске жол алған қазақтың өнер көшінде Димаштай дарабоз түгел әлемге танымал өнер иесі атанды. Қазақтың қайырлы тағында ұлы қағандар армандаған Мәңгілік Ел шын мәнінде рухани жаңарып, жаһан жұр­тына парасат биігінде өзін көрсетіп келеді. Бүгін жүз есімге ілігіп – елі­мізді ілгерілетуге күш салатын жас­тар қазақтың қазыналы көшін жарқын бола­шаққа ертең лайықты жеткізетініне кә­міл сенесің.

Сонымен, 2 жыл ішінде атқарылған жұмыстардың есебі қаралған Ұлттық комиссияның отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын әрі қарай іске асыру жұмысын жандандыру қажеттігін айрық­ша атап айтып, бірқатар тапсырма берді. Олардың орындалуы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті бөлімдері мен Ұлттық комис­сия­ның ұдайы бақылауында болмақ.