Қоғам • 15 Сәуір, 2019

Бейбіт атом – қазақ-өзбек қатынасының жаңа белесі болуы мүмкін

1125 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ядролық энергетиканың бастапқы энергия алу көзі – уран отыны. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан мен Өзбекстан территориясында жүргізілген ауқымды барлау жұмыстары ірі уран қорларын анықтауға мүмкіндік берді. 1945 жылдан бастап осы күнге дейін жер шарында шамамен 2,8 млн тонна уран өндірілген болса, оның Канадаға 18%, Қазақстан мен Өзбекстанға 17% және АҚШ-қа 13% тиесілі, ал қалған бөлігі әлемнің басқа елдерінде өндірілген.

Бейбіт атом –  қазақ-өзбек қатынасының жаңа белесі болуы мүмкін

2018 жылғы деректер бойын­ша жалпы қорлардың Аустралияда – 30%, Азияда – 24%, Африка – 20%,­ Америка құрлығы – 14%, Еуропа-Ресейде 12% шоғыр­ланған. 2018 жылы электр энер­гиясының жаһандық өн­­дірісінде ядролық энер­ге­тиканың үлесі 5% құрады және тұрақты 1,4% өсімін сақ­тап келеді. Бүгінде әлем­дік 400 ГВт-қа жуық электр қуатын қолданыстағы 453 ядролық реактор өндіруде. Ядролық энергетикадан электр энер­гия­сын өндіруден АҚШ сөз­­сіз көш бастайды. 2018 жыл­ғы көрсеткіштер бойынша АҚШ-тан кейін Франция, Қы­тай, Ресей, Оңтүстік Корея ел­дері жайғасқан. Жалпы, осы күнде әлемнің 37 елінде ядро­лық энергетиканың негізі қаланған.

Соңғы деректер бойынша Қазақстан мен Өзбекстан әлем­дік уран қорларының 16% үлесін иемденеді. Уран өн­дірісі бойынша әлем ел­дері арасында 2009 жылдан­ бас­тап Қазақстан көш бас­таса, Өзбекстан тұрақты түр­де алғашқы жетілікті түйін­дейді. 2010-2017 жылдар ара­лығында Қазақстан (40%) мен Өзбекстан (4%) орта есеппен жыл сайынғы әлемдік өн­дірістің 44% қамтамасыз етіп келеді. Ал уран өнді­ру­ші мемлекеттердің бар­лығы шикізат экспортын жү­зеге асырмайтындығын ес­керсек, Қазақстан мен Өзбек­станның шикізаттық уран нарығындағы экспорттық әлеуеті – әлемдік мұнай нары­ғындағы ОПЕК елдерінің экс­порттық әлеуетінен асып түседі.

Бұл ретте Қазақстан Ре­сей­мен өндірістік циклдарды интеграциялау, сондай-ақ Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын өнді­руді ұйымдастыру бойынша біршама нәтижелі бастамалар жасады. Алайда, отандық Қазатомөнеркәсіп пен өзбек­стан­дық Науаи тау-кен ме­тал­лургиялық кәсіпорыны ара­сында қандай да бір меморандум немесе әріптестік туралы ақпараттар кеңістігінде деректер кездескен емес.

Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы: «Қазақстан – уран өн­діруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өн­дірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Ор­на­ластыру орны бойын­ша көпшілікке Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы,­ Курчатов ауданы және Ақ­тау қаласы нұсқалары бел­гілі. Ядролық энергетиканы да­мыту бойынша жобалық техникалық негіздеме жасалды, дегенмен де, дәстүрлі энергия алу көздерін кең көлемде әртараптандыруға Қазақстан әзірге ниетсіздік танытып келеді. Оған себеп те бар, ол – әлемдегі ал­­ғаш­қы ондыққа кіретін Қа­зақ­станның көмір өндірісі және басқа да энергия алу көз­дерінің ядролық энерге­тика­ға қажеттілік туындатпай отыр.

2014 жылғы жүргізілген ғылыми зерттеуімнің нәтиже­сінде Қазақстандағы АЭС қа­зіргі Түркістан облысы, Көк­сарай су қоймасының баты­сына орналастыруды ұсы­нып, оның экономикалық ар­тықшылықтарын негіздеуге тырысқан болатынмын. Одан бері бұл аймақта елеулі өзге­рістер болды. Ұсынылған ай­мақтан небәрі 150 шақырым қа­шық­тықта, Өзбекстан 2018 жылы өзінің алғашқы АЭС құрылысының негізін қалады.

Өзбекстанда алғашқы АЭС-тың орналасатын орны ретінде 2018 жылы Жызақ облысы, Фарыш ауданына, Тұз­қан көлінің маңына орналастыру шешімі бекітілді. Бас­ты мердігер «Росатом» ком­паниясымен келісімге қол қойылды. Өзбекстан үшін ядролық энергетиканы дамытудың басты алғы-шарты – көмірсутекті отынға тәуелділікті азайту, 2030 жыл­ға қарай екі есеге артатын электр энергиясына деген сұ­ранысты арзан энергиямен қамтамасыз ету. АЭС-тың іске қосылуы атмосфераға шы­­ға­рылатын көмірқышқыл га­зын 14 миллион тоннаға, азот оксидін 36 мың тоннаға азайтуға жол ашады, сондай-ақ жыл сайын 3,7 млрд тек­ше метр табиғи газды үнем­деуге мүмкіндік бермек. Үнем­делген табиғи газдың экспорты Өзбекстанды жылына 500-600 млн доллардай кіріске ке­нелтпек.

2017 жылғы өндірістегі бәсе­келес­тікті қалыптастыру мақ­сатында Қазақстанның оң­түс­тік облыстарындағы электр энергиясы тарифте­рін Орталық Азия елдері та­риф­те­рімен теңестіру қажет­тігі туралы мәселелер жи­і талқыланып жүрді. Алай­да, аталған мәселенің шеші­мі табылмады, себебі кейбір сарапшылардың Өзбек­стан­­дағы тарифтер алдағы уа­қытта қымбаттауы мүмкін екен­дігі туралы болжамдары аталған мәселе бойынша жұ­мыстардың жалғасуын тоқтатып тастады. Орталық Азия елдерінің тарифтері, осы күнге дейін де Қазақстанның шекаралық облыстарындағы тарифтерден әлдеқайда арзан екенін байқап отырмыз.

АЭС жүрегі – ядролық реак­тор. Технологиялық ерек­­ше­ліктері бойынша экс­плуата­циядағы ядролық реак­­торлардың 6 түрі кезде­­се­ді. Бұлардың арасында кең қол­даныс тапқан PWR реак­торы (292 дана) – эксплуа­та­ция­дағы реакторлар жалпы санының 65% құрайды және ядролық энергетикадан алынатын электр энергиясының 70% өндіреді. Ядролық энер­гетиканың даму тарихын тал­дай келе, реакторлардың орта­ша өмір сүру ұзақтығы 50 жылдай болса, соңғы буынды PWR реакторларының жұмыс істеу мерзімі 80-100 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Өзбекстан «III+» буынды PWR-1200 реакторларынан тұ­ратын қос энергоблоктың қуаты 2400 МВт АЭС құры­лысын жоспарлауда.

Осы ретте, тағы бір өзекті мә­селе – ядролық физика, ядролық энергетика саласында мамандар әзірлеу. Қазақ­­станда бұл бағыт бойын­ша ұлттық институттар мен білім беру мекемелері, зерт­ханалық реакторлармен қам­тамасыз етілген лаборатория­лар жүйелі жұмыс жүр­гізіп келеді және алыс-жақын шет-елдерде аталған салада білі­мін шыңдап жүрген қазақ­стандық жастар да баршылық. Өзбек­стан да мамандар даярлау ісін қолға алып, ғылыми-тех­ни­калық базаны жетілдіру ісіне шындап кірісіп те кетті. АЭС құрылысы 10 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға (6-10 жыл), эксплуатациядағы АЭС (80-100 жылға дейін) екі мыңға таяу маманды білік­ті еңбекпен қамтуға мүм­кін­дік береді. Ғы­лыми-техни­­­­­ка­лық байланыс, маман даяр­лау ісі, тәжірибе алмасу – бұ­лар да өзара бірлескен іс-қимыл­­дарға арқау болатын байланыс нүктелері.

Орталық Азияны ядролық энергетиканың елесі кезіп жүр­гендей. Ерте ме, кеш пе­ аймақта «Прометейдің оты»­ жалындайтын айбынды стан­салар бой көтермек. Қа­лай бол­­ғанда да, жүгі ауыр, жауапты іс. Осыны сезіне отырып, Қазақстан мен Өзбек­стан уран өндіруден бастап, радиоактивті қалдықтарды сақтауға дейінгі өнеркәсіп кешендерін ішінара интеграциялау мүмкіндіктерін қарастыруы қажет. Атомдық энергетиканы дамыту екі елдің одан әрі достығына, аймақтық ашықтыққа, халықаралық ынтымақтастыққа оң әсерін тигізуі мүмкін.


Өміртай Амалбек, ҚазҰУ, PhD докторанты


Соңғы жаңалықтар