2018 жылғы деректер бойынша жалпы қорлардың Аустралияда – 30%, Азияда – 24%, Африка – 20%, Америка құрлығы – 14%, Еуропа-Ресейде 12% шоғырланған. 2018 жылы электр энергиясының жаһандық өндірісінде ядролық энергетиканың үлесі 5% құрады және тұрақты 1,4% өсімін сақтап келеді. Бүгінде әлемдік 400 ГВт-қа жуық электр қуатын қолданыстағы 453 ядролық реактор өндіруде. Ядролық энергетикадан электр энергиясын өндіруден АҚШ сөзсіз көш бастайды. 2018 жылғы көрсеткіштер бойынша АҚШ-тан кейін Франция, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея елдері жайғасқан. Жалпы, осы күнде әлемнің 37 елінде ядролық энергетиканың негізі қаланған.
Соңғы деректер бойынша Қазақстан мен Өзбекстан әлемдік уран қорларының 16% үлесін иемденеді. Уран өндірісі бойынша әлем елдері арасында 2009 жылдан бастап Қазақстан көш бастаса, Өзбекстан тұрақты түрде алғашқы жетілікті түйіндейді. 2010-2017 жылдар аралығында Қазақстан (40%) мен Өзбекстан (4%) орта есеппен жыл сайынғы әлемдік өндірістің 44% қамтамасыз етіп келеді. Ал уран өндіруші мемлекеттердің барлығы шикізат экспортын жүзеге асырмайтындығын ескерсек, Қазақстан мен Өзбекстанның шикізаттық уран нарығындағы экспорттық әлеуеті – әлемдік мұнай нарығындағы ОПЕК елдерінің экспорттық әлеуетінен асып түседі.
Бұл ретте Қазақстан Ресеймен өндірістік циклдарды интеграциялау, сондай-ақ Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын өндіруді ұйымдастыру бойынша біршама нәтижелі бастамалар жасады. Алайда, отандық Қазатомөнеркәсіп пен өзбекстандық Науаи тау-кен металлургиялық кәсіпорыны арасында қандай да бір меморандум немесе әріптестік туралы ақпараттар кеңістігінде деректер кездескен емес.
Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы: «Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Орналастыру орны бойынша көпшілікке Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы, Курчатов ауданы және Ақтау қаласы нұсқалары белгілі. Ядролық энергетиканы дамыту бойынша жобалық техникалық негіздеме жасалды, дегенмен де, дәстүрлі энергия алу көздерін кең көлемде әртараптандыруға Қазақстан әзірге ниетсіздік танытып келеді. Оған себеп те бар, ол – әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін Қазақстанның көмір өндірісі және басқа да энергия алу көздерінің ядролық энергетикаға қажеттілік туындатпай отыр.
2014 жылғы жүргізілген ғылыми зерттеуімнің нәтижесінде Қазақстандағы АЭС қазіргі Түркістан облысы, Көксарай су қоймасының батысына орналастыруды ұсынып, оның экономикалық артықшылықтарын негіздеуге тырысқан болатынмын. Одан бері бұл аймақта елеулі өзгерістер болды. Ұсынылған аймақтан небәрі 150 шақырым қашықтықта, Өзбекстан 2018 жылы өзінің алғашқы АЭС құрылысының негізін қалады.
Өзбекстанда алғашқы АЭС-тың орналасатын орны ретінде 2018 жылы Жызақ облысы, Фарыш ауданына, Тұзқан көлінің маңына орналастыру шешімі бекітілді. Басты мердігер «Росатом» компаниясымен келісімге қол қойылды. Өзбекстан үшін ядролық энергетиканы дамытудың басты алғы-шарты – көмірсутекті отынға тәуелділікті азайту, 2030 жылға қарай екі есеге артатын электр энергиясына деген сұранысты арзан энергиямен қамтамасыз ету. АЭС-тың іске қосылуы атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газын 14 миллион тоннаға, азот оксидін 36 мың тоннаға азайтуға жол ашады, сондай-ақ жыл сайын 3,7 млрд текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Үнемделген табиғи газдың экспорты Өзбекстанды жылына 500-600 млн доллардай кіріске кенелтпек.
2017 жылғы өндірістегі бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы электр энергиясы тарифтерін Орталық Азия елдері тарифтерімен теңестіру қажеттігі туралы мәселелер жиі талқыланып жүрді. Алайда, аталған мәселенің шешімі табылмады, себебі кейбір сарапшылардың Өзбекстандағы тарифтер алдағы уақытта қымбаттауы мүмкін екендігі туралы болжамдары аталған мәселе бойынша жұмыстардың жалғасуын тоқтатып тастады. Орталық Азия елдерінің тарифтері, осы күнге дейін де Қазақстанның шекаралық облыстарындағы тарифтерден әлдеқайда арзан екенін байқап отырмыз.
АЭС жүрегі – ядролық реактор. Технологиялық ерекшеліктері бойынша эксплуатациядағы ядролық реакторлардың 6 түрі кездеседі. Бұлардың арасында кең қолданыс тапқан PWR реакторы (292 дана) – эксплуатациядағы реакторлар жалпы санының 65% құрайды және ядролық энергетикадан алынатын электр энергиясының 70% өндіреді. Ядролық энергетиканың даму тарихын талдай келе, реакторлардың орташа өмір сүру ұзақтығы 50 жылдай болса, соңғы буынды PWR реакторларының жұмыс істеу мерзімі 80-100 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Өзбекстан «III+» буынды PWR-1200 реакторларынан тұратын қос энергоблоктың қуаты 2400 МВт АЭС құрылысын жоспарлауда.
Осы ретте, тағы бір өзекті мәселе – ядролық физика, ядролық энергетика саласында мамандар әзірлеу. Қазақстанда бұл бағыт бойынша ұлттық институттар мен білім беру мекемелері, зертханалық реакторлармен қамтамасыз етілген лабораториялар жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және алыс-жақын шет-елдерде аталған салада білімін шыңдап жүрген қазақстандық жастар да баршылық. Өзбекстан да мамандар даярлау ісін қолға алып, ғылыми-техникалық базаны жетілдіру ісіне шындап кірісіп те кетті. АЭС құрылысы 10 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға (6-10 жыл), эксплуатациядағы АЭС (80-100 жылға дейін) екі мыңға таяу маманды білікті еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Ғылыми-техникалық байланыс, маман даярлау ісі, тәжірибе алмасу – бұлар да өзара бірлескен іс-қимылдарға арқау болатын байланыс нүктелері.
Орталық Азияны ядролық энергетиканың елесі кезіп жүргендей. Ерте ме, кеш пе аймақта «Прометейдің оты» жалындайтын айбынды стансалар бой көтермек. Қалай болғанда да, жүгі ауыр, жауапты іс. Осыны сезіне отырып, Қазақстан мен Өзбекстан уран өндіруден бастап, радиоактивті қалдықтарды сақтауға дейінгі өнеркәсіп кешендерін ішінара интеграциялау мүмкіндіктерін қарастыруы қажет. Атомдық энергетиканы дамыту екі елдің одан әрі достығына, аймақтық ашықтыққа, халықаралық ынтымақтастыққа оң әсерін тигізуі мүмкін.
Өміртай Амалбек, ҚазҰУ, PhD докторанты