Қоғам • 15 Сәуір, 2019

Комиссия жұмысы қыза түсті

1202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен апта соңында Орталық сайлау комиссиясының саяси партиялар мен бірқатар мемлекеттік органдар өкілдері қатысқан кеңейтілген отырысы болып, онда 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында президенттікке кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігі және шетелдік байқаушылардың қызметін ұйымдастыру мен шетелдік БАҚ өкілдерін аккредиттеу туралы екі Қаулы бекітілді.

Комиссия жұмысы қыза түсті

Қаулылардың жобасы бо­йынша Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Зәуреш Бай­молдина баяндады. Консти­туцияның 33-бабы 2 және 3-тар­мақ­тарында: «Республика аза­мат­тарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар. Соттың әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ» делінген. Ал 41-баптың 2-тармағында жасы қырықтан кіші емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы он бес жылда Қазақстанда тұра­т­ын, және жоғары білімі бар рес­­пуб­ликада туған азаматтар сай­лана алады. Сонымен бір­ге конституциялық заңдар респуб­лика Президенттігіне кандидат­тарға қосымша талаптар қоюы мүмкін.

«Қазақстан Республикасын­дағы сайлау туралы» консти­ту­ция­лық заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес сотты­лы­ғы бар немесе ол жойылмаған не болмаса заңда көрсетілген тәртіппен алынбаған тұлғалар президенттікке кандидат бола алмайтындығы көрсетілген. Сондай-ақ сыбайлас жемқор­лық­қа қатысты қылмыс жасаған және осы қылмыспен құқық бұзғандығы сотпен танылған тұлғалар да кандидат бола алмайды. 54-баптың 1-тармағы Пре­зидент болып сайлану үшін аза­мат мемлекеттік қызметте не­месе сайланбалы мем­лекет­тік лауазымдарда 5 жыл­дан кем емес тәжірибесі болуы керек­тігін талап етеді. Осы бап­тың 2-тармағында үміт­кер рес­публикалық қоғам­дық ұйым отырысының шешімі­мен кандидаттыққа ұсыныла­тын­дығы жөніндегі хаттаманың көшірмесін, өзінің өтінішін және сайлау жарнасын төлегендігі жөнінде құжаттар тапсырғаннан кейін оның президенттікке кандидат болуға сәйкестігін Конс­титуцияға және осы консти­ту­ция­лық заңдарға сүйеніп, Ор­та­лық сайлау комиссиясы бес күнде анықтайды. Өтінішке арнайы формада толтырылған био­графиялық деректері, мемле­кеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда істегені туралы ақпараттар қоса беріледі.

Президенттікке кандидат бол­ған үміткер Орталық сайлау комиссиясының есепшотына заңмен бекітілген ең төменгі еңбекақының 50 рет еселенген көлемінде сайлау жарнасын салады. Осы құжаттардың бәрі толық болғанда ғана ОСК оны қарауға алып, уәкілетті орган­дарға құжаттардағы дерек­тер­дің растығын тексеруге жедел жібереді.

Уәкілетті органдардан тиісті мәліметтер келіп түскеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасының Конс­­титуциясында және «Қазақ­­стан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Респуб­ликасының конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу туралы хат­тама жасайды. Осы хаттамада Орталық сайлау комиссиясы кандидаттың заң талаптарына сәйкестігін немесе сәйкес еместігін, оның ішін­де лингвистикалық комиссия­ның қорытындысы негізінде мемле­кеттік тілді білуін белгілейді. Канди­даттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анық­тау рәсімі Орталық сайлау ко­ми­ссиясының қаулысымен айқындалады.

Осыдан әрі баяндамашы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін ұйымдас­тыру туралы айтып берді. Өт­кен жылы Сайлау туралы конс­титуциялық заңға шет мемлекет­тер мен халықаралық ұйым­дардың байқаушыларына аудармашы бірге жүруге құқы­лығы туралы жаңа норма енгі­зілді. Шет мемлекеттер және халық­аралық ұйымдар бай­қау­шылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсы­нымы бойынша ОСК-де ак­кре­диттеледі. Олар аккредиттеу ту­ра­лы куәлік болған жағдайда ға­на сайлауға байқау жасай алады.

Сонымен бірге 10 сәуір күні Қазақстан Республикасы Прези­денті кезектен тыс сайлауының Күнтізбелік жоспары жасалғаны айтылды. Оған сәйкес аккредитациядан өту дауыс беруге бес күн қал­ғанда, яғни 2019 жылдың 4 мау­сымында жергілікті уақыт бо­йынша 18.00 сағатта аяқталады.

Кеңейтілген отырыс қоры­тындысы бойынша ОСК мүше­лері журналистермен баспасөз мәс­лихатын өткізіп, БАҚ өкіл­дері­нің сұрақтарына жауап берді.