Қоғам • 15 Сәуір, 2019

Ирак Елекеев: Бұл сайлаудан ел ұтады

1729 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ирак Елекеев: Бұл сайлаудан ел ұтады
Елбасы президенттік өкілет­тігін тоқтату туралы өз ше­шімін қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Конс­титуция­сы­ның 48-бабына сәйкес, бұл мін­детті Парламент Сенатының Төр­ағасы атқарады. Ол осы қыз­метті жаңа ел Президенті сай­лан­ғанға дейін атқаруға тиіс. Сол себепті қазіргі Қазақ­стан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың, яғни 2019 жылдың 9 сәуі­рінде Қазақстан халқына арна­ған үндеуіндегі Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің сайлауын кезектен тыс өткізу туралы ше­шімін толық қолдаймын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі елдегі тұрақтылықты сақтап және бейбіт болашақ үшін жасалған тарихи қадам деп санаймын. Бұл шешім саяси жағынан да ұтымды. Қазақстан қазіргі уақытта халықаралық жүйеде лайықты орнын тапқан ел. Беделді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Ал бірақ, жасыратыны жоқ, қай елде болсын, Президент мін­детін уақытша атқаратын адамға сенім аз болады. Елдің ішкі, сыртқы жағдайы, инвестиция тарту және т.б. маңызды мәселелерде әртүрлі көзқарастар туындауы мүмкін. Сондықтан ел Президенті жалпыхалықтық сайлауда ел сенімін ақтауы үшін басым дауыспен сайлануы тиіс. Бұл – халық таңдауы болады. Мұны өзге де елдердің қарап отырғаны сөзсіз. Де­мек, уақыт оздырудың қажеті жоқ және әділ сайлау өткізілуі тиіс.
Міне, осы орайда Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау­дың ашық әрі әділ өтуіне кепіл­дік беремін, бұл менің берік ұстанымым деп қадап айтты. Саяси партия­лар, яки қо­ғамдық ұйымдар атынан олар­дың өкілдері қатыса алады. Олар­дың қайсысы да тең құқық­ты пайдаланады. Бұл орай­да қазіргі Президенттің халық алдына әділдікті ту етіп ұста­на­тынын ашық айтқаны көңіл­ге қонымды болды. Соның ішін­де аз ғана уақыт болса да, Үкімет мүшелерімен, облыс әкімдері­мен, ел ішімен кездесу барысында айтқан түйінді ойлары халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, қоғам қайраткері