Руханият • 15 Сәуір, 2019

Алматыда «Ұлы дала дарындары» атты республикалық бәйге аяқталып, «Айтыскер ақын» мамандығы ашылды

1407 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында алғаш рет «Ұлттық өнер» факультеті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында құрылған еді. Факультет құрамына «Дәстүрлі музыкалық өнер» және «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедралары кіреді.

Алматыда «Ұлы дала дарындары» атты республикалық бәйге аяқталып, «Айтыскер ақын» мамандығы ашылды

Бүгінде аталған кафедралардың түлектері халықаралық, республикалық өнер додаларында топ жарып жүр. Студенттерге республикаға белгілі өнерпаздар Р.Стамғазиев, П.Момынов, Н.Жанпейісов, М.Абуғазы, Т.Мұқышев, С.Бапанова, Р.Базарбаева, Е.Даубаев сынды кәсіби тәжірибелі оқытушылар білім береді. Уақытпен бірге олардың қатарын дәстүрлі өнер саласы бойынша білікті мамандар толықтырып келеді.

Қашан да халықтық өнерді дәріптеудің озық үлгісін көрсетуден танбай келе жатқан Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәстүрлі «Ашық есік күні» аясында Елбасының «Ұлы даланың  жеті қыры» атты мақаласы және «Жастар жылына» орай «Ұлы дала дарындары» атты Республикалық жас өнерпаздар байқауын өткізді.

Дәстүрге айналған мерекелік шараға еліміздің барлық аймағынан келген талапкерлер және өзге де ынта білдіргендер Академияға қабылданатын мамандықтармен танысып, оқытушылармен кездесті. Сондай-ақ, жеті факультет жөнінде білікті профессорлық-оқытушылық құраммен жүздесіп, факультет бойынша толық мәліметке қанығып, даярлық бағдарламасымен танысып, мамандық таңдау бойынша сұрақтарына жауап алды.

Ресми ашылудан кейін белгілі өнер қайраткерлерімен және шығармашылықпен айналысатын жастармен кездесу өтті. Шараға Академияның өнерпаз студенттерімен қатар, бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «Эстрадалық өнер» факультетінің магистранттары Динара Сұлтан, Айқын Төлепберген, сондай-ақ осы факультеттің  студенті Ернар Айдар келгендердің алдында өнер көрсетті.

Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәстүрлі «Ашық есік күні» аясындағы шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Азияның үздік актрисасы» Самал Еслямова құрметті қонақ ретінде қатысып, құттықтап сөз сөйледі. «Ашық есік күні» жарияланған ең жағымды жаңалық – алдағы жаңа оқу жылында «Ұлттық өнер» факультетінің ішінен «Айтыскер ақын» мамандығы ашылады. «Айтыскер ақын» мамандығы бойынша курс қабылдауға ақынжурналист, қазіргі айтыс өнерінің ақтаңгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман арнайы шақырылды. Академия ректоры Асхат Маемиров Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы академиялық ғылыми кеңесінің шешімімен Ерман Жүрсін Молдашұлына «Құрметті профессор» атағы берілгендігін хабарлап, куәлігін табыстады. Жүрсін Ерман өз сөзінде: «Бір кездері өзіміз тәлім алған Қазақ Ұлттық өнер академиясы ғимаратына келіп, осындай құтты күні тосын сыйға ие болып тұрмын. Бұл менің ұзақ жылғы еңбегіме жасалған қошемет деп ойлаймын. Қазір ғана жаңадан ашылып жатқан «Айтыскер ақын» мамандығына оқуға келгісі келетін талапкерлерді тыңдап жатырмыз. Ел іші – қазына. Әрине, талантты балалар бар. Қазылар алқасы атынан осы жастардың арасынан қазақ өнерінің туын көкке көтерер таланттар шығарына кәміл сенеміз. Елден келген балалар өнерін танытып жатыр. Ашық есік күнінде Академия табалдырығын аттағысы келетін талапкерлердің барлығына табыс тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың көшін алға сүйрейтін нағыз мамандары болыңдар. Жаңа буын, жас қауым, бақтарың ашылсын. Біздің болашағымыз сіздердің қолдарыңызда, жеңіске жете беріңіздер!»,– деп ыстық ықыласын білдірді.     

  «Ұлы дала дарындары» атты Республикалық жас өнерпаздар байқауына қайта оралсақ, музыкалық және көркемсурет  орта оқу орындарының 4-курс студенттері мен арнайы мамандандырылған музыка және көркемсурет мектептерінің 12-сынып оқушылары қатысып, 12 номинация (ән, жыр, домбыра, қобыз, сыбызғы-сазсырнай, жетіген, шертер, айтыс, көркем қыш, көркем тоқыма, зергерлік іс, ағашты көркемдеп өңдеу) бойынша бақ сынаған еді. Қазақстан Республикасының көрнекті өнер қайраткерлері мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының білікті ұстаздарынан құралған қазылар алқасының шешімімен республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Соңғы жаңалықтар