Сайлау • 16 Сәуір, 2019

Кәсіподақ – үлкен күш

1178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жергілікті кәсіподақ ұйымының өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде белгіленген саяси шешімге қатысты өздерінің ерік-жігерлерін білдіру үшін С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханаға жиналып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Кәсіподақ – үлкен күш

Кәсіподақтардың үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысын облыстық кәсіподақтар бір­­лес­тігінің төрағасы Ерік Нұ­ра­қаев кіріспе сөзбен ашып, ең алдымен барлық әлеу­мет­тік жауапкершілігі жоғары жасам­паздық күштерді, барша қазақ­стандықтарды халықаралық талаптар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсетуге шақырған рес­публикалық кәсіподақтар үндеуімен қысқаша таныстырып өтті. Онда еңбеккерлердің құқығын қорғау, жұмыс істеуге тиісті жағдай жасау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің тиімді ынтымақтастығы саласында көптеген көкейкесті мәселелер­ді шешудің маңызы зор, мұндай өрелі міндеттер бүкіл­халық­тық мандат алған Пре­зи­денттің басшылығымен тұрақ­тылық, айқындық және ашық­тық жағ­дайында орындалары сөзсіз екені айтылған, дей ке­ліп, 9 мау­сым күні әр кәсіподақ мүше­сі сайлау учаскесіне барып, конс­ти­туциялық азаматтық борышын өтейтініне сенім білдірді. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген мем­лекеттік бағдарламалар мен ауқым­ды іс-қимыл жоспарлары барлық саланы қамтып отыр­ғанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар. 18 салалық кәсіподақты біріктіретін республикалық кәсіп­одақтар федерациясына 2 миллиондай адам мүше. Об­лыс­тық ұйым 50 мыңнан астам адамның басын қосады. 1 мың­ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйы­мы жұмыс істейді. Әркез еңбек адамының мүддесін қор­ғайтын беделді қоғамдық инсти­туттың араласпайтын саласы кемде-кем. «Жұмысшылар өз­дерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биі­гінде болуы тиіс», деп Ел­ба­сы сипаттама берген ұйым ең­бек қарым-қатынастарындағы тұрақ­тылықты қамтамасыз етіп, жаңаша бағытта жұмыс істеп келеді, деді ол. Ауылдық жерлерде медицинаны дамытып, жас мамандардың қоныстанып, тұрақ­тануы үшін жарты мил­лион теңге мөлшерінде көтерме­ақы ұсынылғанына, «7-20-25» бағ­дарламасы шеңберінде 20 пайыз бастапқы жарна­ны төлеу үшін сертификат қарас­тырылғанына, еңбек шарттарын одан әрі жетілдіру, еңбек қауіп­сіздігін сақтау бағы­тын­дағы бастамалардың алда да қолдау табатынына нақты мысал­дар келтірді. 

 Ел өміріндегі елеулі кезеңді бастан кешіріп отырмыз, деді өз сөзінде «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері­нің салалық кәсіподағы» қоғам­дық бірлестігінің жетек­шісі Темірғали Әбілмәжінов. Сондықтан осындай сындарлы шақта бір арнаға топтасқанымыз өте қажет. Ішкі, сыртқы саясатта Қазақстанның тәжірибесі мол.Тәуелсіз еліміздің негізін салып, қабырғасын қалап, отыз жылға уақыт ішінде әлемдік аренаға танытқан Нұрсұлтан Әбішұлы салған сара жолдың дәйектілікпен жалғасатынына, кезектен тыс сайлаудың тарихи, саяси маңыздылығына тоқталды. Негізгі мақсат – әр азаматқа елімізде атқары­лып жатқан реформалардың маңыздылығын жеткізу, тү­сін­діру, толғантқан сауалдарға жа­уап беру, мәселелердің шеші­луін бақылауға алу. 

«Ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлері салалық кәсіп­одағы» атынан сөз алған оның төр­ағасы Бекет Нұғыманов жоға­ры билік Ата Заңымыз­ды бас­шылыққа ала отырып, еліміз­дің одан әрі баянды өркен­деуі бағытында орнықты шешім қабылдағанын, әр сайлау­шы қоғамның тұрақ­тылығы үшін дауыс беруге баратынын, жұртшылық болып сайлауға белсенді түрде қатысу бірден-бір дұрыс таңдау екенін тілге тиек етті.

Басқа сөйлеушілер де сол­тү­с­тікқазақстандық кәсіпо­дақ мүшелері кезектен тыс прези­денттік сайлауға бір кісідей үн қосып, сындарлы сәтте топ­тас­қандықтың биік үлгісін көрсе­тетінін алға тартты. 
 
 Солтүстік Қазақстан облысы