Экономика • 16 Сәуір, 2019

С.Омаров: Биыл жылына 5 мың тонна ет өңдейтін кешен пайдалануға беріледі

953 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров шикізаттық емес экспортты ілгерілету және ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру барысы туралы баяндады.

С.Омаров: Биыл жылына 5 мың тонна ет өңдейтін кешен пайдалануға беріледі

«Өндірістің өсіміне ет өнімдері, балық өнімдері, сүт өнімдері, астықты тереңдете өңдеу, майлы дақылдарды өңдеу және қант өндірісі айтарлықтай үлесін қосатын болады. Ет өндіру өнеркәсібін дамыту 4 ет комбинатын жаңғырту және жылдық қуаттылығы 27 тонна болатын ет өңдейтін 3 жаңа ет комбинатын салу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл 8%-ға өсімді қамтамасыз етеді», деді С.Омаров.

Оның айтуынша, 2019 жылғы ақпанда Алматы облысында жылдық қуаттылығы 8 мың тонна болатын Эмпайр Фуд (Иран) ет өңдеу кешені пайдалануға берілді.

«Биыл жылына 5 мың тонна ет өңдейтін «Ерементау Ақбас» ЖШС ет өңдеу кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Қазір Тайсон Фуд (АҚШ), Данбиа (Ұлыбритания), Гранд Фарм (ҚХР), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия), және Седар Митс (Австралия) сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде», деді ол.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, жиынтық қуаттылығы 23 мың тонна болатын 4 сүт өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту есебінен сүт өңдеу көлемін арттыру қамтамасыз етіледі.

«Олар қышқыл сүт өнімдерін, сары май мен ірімшіктің түрлерін өндіретін «Эмиль» ЖШС (ШҚО), «Гормолзавод» ЖШС (Ақмола облысы), «Деп» ЖШС (Қостанай облысы) және «Есіл май шайқау комбинаты» ЖШС (Ақмола облысы), сондай-ақ Түркістан облысындағы «Golden Camel Group» ЖШС болып табылады, бұл кәсіпорындар ағымдағы жылы өндіріс көлемін 12%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді С.Омаров.

Бұдан соң, ол заманауи технологияларды қолдана отырып, крахмал, глютен, глюказо-фруктоза шәрбаты сияқты астық түрлерінің терең өңделетінін айтты.

«Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында бидайды терең өңдейтін, 55 мың тонна крахмал, 5 мың тонна глютен өндіретін қуаттылығы тәулігіне 250 тонна шикізат болатын «БиоОперейшн» ЖШС-ның инновациялық зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша 1,2 мың тонна глютен және 4 мың тонна крахмал өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ, Қостанай облысында осыған ұқсас БиоГрейн жобасын іске асыру басталды», деді министр.

Оның айтуынша, майлы дақылдар өндірісін арттыруды «Тайынша Май» ЖШС және «ЭФКО Алматы» ЖШС сияқты трансұлттық компаниялардың қатысуымен болатын жобалар қамтамасыз ететін болады.

«Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында, атап айтқанда картопты қайта өңдеу бойынша жылдық қуаттылығы 140 мың тонна болатын Фарм Фритц (Нидерланд) трансұлттық компаниясының қатысуымен ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобаны іске асыруға Алматы облысы әкімдігінің жағдай жасауын сұраймыз», деді С.Омаров.

Аталған жұмысты экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға бөлінген қаражат шеңберінде қазіргі заманғы өңдеуші өндірістерді қаржыландыру арқылы жалғастыру жоспарланып отыр.

«Өңдеуші қуаттылықтарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша салалық бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады. Мал шаруашылығында ағымдағы жылы етті бағыттағы 2000 отбасылық ферма құру және сиыр етін өндіруді 10%-ға арттыру жоспарлануда», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сондай-ақ ол құс өсіретін фабрикаларды кеңейту керек екенін айтты.

«Құс өсіру бойынша қолданыстағы 8 құс фабрикасын кеңейту күтілуде, нәтижесінде құс етін өндіру 11%-ға артатын болады. Бұдан басқа, жалпы қуаттылығы 18 мың бас болатын 19 өндірістік және 31 отбасылық тауарлық сүт фермасы құрылады», деді ол.