Әлем • 17 Сәуір, 2019

Нотр-Дам – жалынға оранған жалпыадамзаттық құндылық

1284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешелі бері жалынға оранған жауһар жәдігер – Париж Құдай ана шіркеуі жаһан назарын басқа жаққа бұрғызар емес. Шіркеу мұнарасын шарпыған шымқай қара түтін қайғының ауыр бұлтындай әлі сейілген жоқ. Шатырлап жанған тарихи шатырларға шаһар жұрты араша түсе алмай шарасыз күй кешкені шынымен өкінішті. Елисей алабы егіліп, Сена өзені солқылдап жатқандай. Небір алапат соғыстарда соққы алмаған, Сенаға ат суарған баһадүр бабаларымыздың қаһарынан қатер көрмеген, немістің бомбасы мен орыстың ойранынан аман қалған алып құрылыс күндердің күнінде тілсіз жаудың түтініне тұншығады деп кім ойлаған? Бір сөзбен айтқанда, бүкіл адамзаттық тарихи құндылық өзімен қоса өзекті де өртеп жатты...

Нотр-Дам  – жалынға оранған жалпыадамзаттық құндылық

Тоғыз жүз жылға жуық тарихы бар тамыры терең құнды нысан әп-сәтте тілсіз жаудың құрбаны болады деп ешкім ойлаған жоқ. Жалғыз Франция халқы немесе хрис­тиан діні өкілдерінің ғана емес, бұл өкінішті жағдайға әлем мәдениеті мен руханияты түгел қайғырып отырғаны белгілі. Бір ғана Виктор Гюгоның 800 беттік «Париж Әулие Анасының шіркеуі» романының алғашқы тарауы осынау шіркеудің тұтас готикалық стилін суреттемеуші ме еді? Енді қанша жерден қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе де, Гюго сипаттаған түпнұсқадай таңғажайып туынды бола алмайтыны анық. Бұл тұрғыдан алғанда аталған романның құны бұрынғыдан бетер арта түсетіні ақиқат.

Тосын оқиға орнына бірер сағатта жеткен Франция прези­денті Эммануэль Макрон Париж Құдай анасы шіркеуі аумағында болған өртке қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы өз үндеуінде Париж тұрғындары мен барлық Фран­ция жұртына өрттен зардап шеккен Нотр-Дам-де-Пари қалыпқа келтірілетініне уәде берді.

Алайда, дәл қазір менің жарты денем өртеніп жатыр деген сыңайда өкінішін жасыра алмаған Макрон «Нотр-Дам – біздің тарихымыз, әдебиетіміз, көзқарасымыз, қиялымыз. Біздің соғысты, эпидемияны, бостандықты бастан кешірген орнымыз. Бұл біздің өміріміздің эпицентрі. Бұл қашықтықты есептеу эталоны», деп халыққа басу айтты. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, өрт аталған ғимаратты жөндеу жұмыстары кезінде орын алған. Әлемге әйгілі тарихи нысанды қайта қалпына келтіруге біршама уақыт кететіні белгілі. Жұмыстар жобамен 2022 жылы аяқталуы мүмкін. Шіркеуді қалпына келтіру құны шамамен 6 миллион еуроға бағаланған.

«Біз шіркеуді қалыпқа кел­тіреміз. Себебі мұны француздар күтуде. Бұл біздің тарихымызға лайық және біздің тағдырымыз», деді Макрон. Рас, қаншама ғасырды асқақ қарсы алып артқа тастаған, тұтас ұлттың тегі мен тарихына айналып кеткен бұл тарихи құндылықты ұлт тағдыры деудің жөні бар.

Франция десе кез келген адамның көз алдына Нотр-Дам, Эйфель мұнарасы, Мона Лиза, бордо шарабы, сәнқой бикештер, әдеби кейіпкерлер, гильотина, аккордеон, Жанна д’Арк, Наполеон келеді. Осы тізімді бастаған Нотр-Дам, тіпті Эйфель мұнарасынан да құнды қазына, француз ұлты тарихының тұма бастауы.

Жалпы, тосын оқиға болсын, тілсіз жау дейік, әлде соғыс па, маңызды емес, өрт неден басталса да ел материалдық жағынан ғана емес, ең бірінші мәдени тұрғыдан тонауға ұшырайтынын тарих бұған дейін талай рет дәлелдеді.

Бір елдің жүздеген, тіпті мың­даған жыл бойы жасаған мәдени, рухани ескерткіштерінің қас қағым сәтте күлге айналуы – сол елге ғана емес, жалпы адамзат мә­дениеті үшін орны толмас орасан опат. Бұл ретте әр ел өзінің мемлекет екенін танытатын құндылықтарын қиратудан, біреулердің келіп бүлдіруінен сақтауы шарт.

Бұған дейін содырлардың со­й­қанынан Сириядағы соғыс кезінде 300-ге жуық тарихи ескерткіш бүлінгенін білеміз. Сирияның көне мұралар және музейлер депар­та­ментінің директоры Маамун Абдулкарим сол кезде Сирия­дағы 10 мыңнан астам археоло­гиялық ескерткіштердің 300-ге жуығы бұзылғанын мәлім­деген болатын. Тарихи маңызы мың­жыл­дықтармен өлшенетін Алеппо мен Ракка қалаларын­дағы ескерткіштерге және Палми­ра­дағы қирандыларға қарап әлемдік мәні зор ескерткіш­терді өз қолымызбен құртып жатқанымызды іштей өкінішпен мойындаймыз. БҰҰ-ның мәліметі бойынша Сириядағы 24 тарихи нысан түгелімен қирап қалған, тағы 104-і айтарлықтай зақымданған. Бүлінген танымал нысандардың ішінде Алепподағы цитадель, Дамаскідегі Омеяд әулетінің мешіті, Крест жорықшыларының Крак де Шевалье қамалы болды.

Тіпті одан әріде Ауғанстанның Бамиан аймағындағы тауға ойып салынған биіктігі 55 және 37 метр болатын екі бірдей Буд­да ес­керт­кіші талибтердің талқан­дау­ы­на ұшырап, біржола қиратылған еді.

Ал Ирактағы 2003-2011 жылдар аралығындағы қақтығыста Бағ­дад қаласындағы көне Вави­лон мұражайы зардап шекті. Жал­пы, АҚШ пен Ирак арасындағы ки­кіл­жің кесірінен Ирак музей­лерінен 170 мың өнер туындысы жойылған деген дерек бар.

Біздің де әлемдік тарихи ма­ңызға ие нысандарымыз аз емес. Бұл оқиғадан кейін сол құнды жәдігеріміз ашық аспан астындағы мәдени мұражайларымызды кө­зі­міздің ағы мен қарасындай сақ­тауды бүгіннен бастап қолға ал­мақ керек. Өйткені, азуын айға бі­леп, бүкіл адамзат өркениетінің өзе­гіне айналған әйгілі Париж шаһа­ры­ның өзі қызыл жалынға руха­ни қазынасын қорғап қарсы тұра алмады...

Ең қиыны, Париждегі тосын жағ­дайға әртүрлі пікір айтып жат­қандар аз емес. Кейбірі өз елі­міздегі құндылықтарды құтқарсақ болды, қалғаны күл болмаса бұл болсын деген не­м­құрайлылыққа салынса, екінші топ діни көзқарас тұрғы­сынан шіркеудегі өртке шеке солқылдатудың қажеті шамалы дегенді айтады. Бұл сонда рухани эстетикаға деген ессіз құштарлықтың құрдымға кеткені ме, жоқ соқыр сенім мен «қортық синдромының» қоғам дертіне айналғаны ма? Қауіпті.

 

* * *

Әлем таңдай қаққан әйгілі құндылық осылай құрдымға кете жаздады. Қаңқасы ғана қалды демесең, көк тіреген көне сәулет опырылып ортасына түсті. Ең өкініштісі, осындай құбылыс құрылыстар, жоғарыда атап өткен небір тарихи нысандар  адамның қолымен дүниеге келіп, сол адамдардың қолымен қайта қиратылады. Нотр-Дамның да өртке орануында белгілі бір дәрежеде адам факторы орын ал­ғаны анық. Осыған қарап Құдай­­дың ең сүйікті жаратылысы – адам өз ішінде классик Вик­тор Гюгоның кейіпкерлері Эс­меральдадай сұлу һәм Квази­мо­додай ұсқынсыз жаратылыс екенін есіңе аласың!..

 

* * *

Бұл нысан бізге әдеби-мәдени тұрғыдан барынша жақын. Былтыр ғана франциялық «Notre Dame de Paris» қойылымының қазақша нұсқасы елордамыздың жиырма жылдығына арналып қойылған болатын. Айта кетуі­міз керек, әйгілі мюзиклге ита­лиялық-франциялық композитор Риккардо Коччанте, қоюшы режиссер Роберт Мариен, мюзикл продюсері Николай Талар, хорео­графтар Мартино Мюллер мен Надя Буттигноль, сондай-ақ шы­ғарманы қазақшаға ақын Серікзат Дүйсенғазин тәржімалаған болатын.

Бәріміз білетіндей, «Notre Dame de Paris» – Гиннестің рекордтар кітабына енген ең танымал қойылым. Еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстанда қойылған спектакль осымен оныншы тілге аударылған еді.