Ақындар, суретшілер, жазушылар, әнші-күйшілер шығармашылығын жиып қойып, «қара қазан, сары баланың» қамын ғана күйттеп кетті. Сондай қиын кездің өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылды Мәдениет жылы деп жариялады. Осыған орай облыстың сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев қостанайлықтардың есінде көпке дейін қалатын екі игі іс жасап еді. Алдымен Қостанай өңірінде жұтап тұрған ұлттық өнердің бойына қан жүгіртіп, қазақ драма театрын ашты. Екіншіден, өнер мен мәдениет саласы қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «Облыс әкімінің сыйлығын» тағайындады. Артынша оны өзі «Меценаттар сыйлығы» деп өзгертті. Содан бері әлеуметтік саланы қолдаудың әдемі көрінісі мен үлгісіне айналған осы сыйлық үзілген емес, қайта жанданып, түрленіп, қанатын кеңге жайды. Кейінірек ол «Меценаттар клубы» деген атпен ұйым болып құрылып, оны белгілі бизнесмен Василий Розинов үзіліссіз басқарып келеді.
Қостанайда жылдағы дәстүрмен «Меценаттар клубының» 19-шы рет сыйлық тапсыру салтанаты биыл облыс орталығын көріктендіріп тұратын әсем ғимараттар қатарына қосылған Жастар сарайының атшаптырым концерт залында өтті. 19 жылдан бері 248 миллион теңгені құраған 477 сыйлық белгіленіп, оны облыс өңіріндегі өнер, мәдениет, ғылым, журналистика, тағы басқа әлеуметтік салалардағы 498 талант пен үздік 41 ұжым алыпты. Сыйлық алғандардың арасында көзінің тірісінде белгілі сатирик жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов бар еді. Сонымен қатар айтыскер ақын Әсия Беркенова, тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлы, ақын Ақылбек Шаяхмет, өлкетанушы Шөптібай Байділдин, композиторлар Қалибек Дербсалдин, Бақытжан Сәуекенов, суретшілер Георгий Соков, Николай Торшин, тағы басқалар болып жалғаса береді.
– «Меценаттар клубының» қызметі бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы «Туған жер» жобасының аясында терең мазмұнмен байи түсті. Осы беделді салтанатты шара өткізіліп отырған Жастар сарайы да демеушілердің көмегімен салынған болатын. Меценаттар әлеуметтік жағынан әлжуаз көптеген отбасыларға, жетім балаларға көмектесті. Биылдың өзінде бірнеше көп балалы отбасына баспана алып берді. Қысқасы, «Меценаттар клубы» қазір Қостанай облысының атын асқақтататын айдарлы істерінің біріне айналды, – деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.
Биыл «Меценаттар клубының» «Қазына» және жастарға арналған «Шабыт» сыйлығы 13 аталым бойынша иелерін тапты. Оның ішінде «Театр», «Әдебиет», «Ғылым», «Вокал», «Музыка», «Хореография», «Живопись», «Ауыл жанашыры», «Мәдени мұра», «Білім», «Журналистика» сияқты аталымдар бар. Мысалы, «Меценаттар клубының» арнайы сыйлығын еліміздегі саусақпен санарлықтай сатирик әйелдердің бірі Күләш Байдалы да алды. Ол бұл сыйлыққа әдебиет пен журналистикада еткен көп жылғы еңбегінің сыртында, жақында ғана жарық көрген «Ұры ой» атты кітабы үшін ие болды.
– Меценаттарға рахмет! Шығармашылықпен айналысқан адамдардың қалтасы ешқашан қалың болған емес. Әлеуметтік жағынан қолдауды керек ететініміз рас. Менің қолыма тиетін қаржыға болашақ кітабымды шағарамын, денсаулығымды түзеймін. Жақсы емес пе? – дейді К. Байдалы қуанышын жасыра алмай. Сонымен қатар қуаныш иелерінің қатарында жас ғалым Индира Бейішева, театр режиссері Әлия Садықова, қобызшы Назгүл Молдахметова, педагог-хореограф Юлия Пинженина, естелік кітабы үшін Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Даценко, алдынан талай музыкант түлеп ұшқан қарт педагог Еркін Қожахметов, жас журналис-қаламгерлер Қуаныш Есқабылов, Асылан Қанғожин, тағы басқалар бар.
Белгілі жазушы Ғұмар Ахметчин «Меценаттар клубы» қазылар алқасының 2000-жылдардан бері тұрақты мүшесінің бірі.
– Меценаттық – тарихта бар дәстүр. Біздің халқымыз тарихында да оның тамаша мысалдары болған. Мұны бір жағынан рухани саладағы таза еңбектің таразысы да дер едім. Мысалы, биыл «Қазына» сыйлығын алған аудармашы Абдірахман Досты мен талантты қаламгерлер қатарына қосамын, республикадағы қарымды аудармашылардың бірі. Ол жақында өзінің екі томдық аудармаларын жарыққа шығарды. А.Дос көптеген қазақ ақыны мен жазушысын орыс оқырмандарына таныстырды. Қазылар алқасы оның «Қазына» сыйлығын алуын бірауыздан қолдады. «Қазына» сыйлығы 1 миллион 600 мың теңге болды, – дейді Ғұмар Ғарифұлы.
«Меценаттар клубы» мүшелерінің қатары жылдан-жылға толығып келеді. Биылдың өзінде оған он кәсіпкер мүшелікке өтті. «Меценаттар клубының» сыйлығын тапсыру салтанатына Атымтай-жомарттардың өздері де қатысады, қуанышты бірге тамашалайды. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген ғой, Архимед Бегежанұлы осы салтанатта жыл басынан бері 22 отбасын баспаналы еткен «Бақытты отбасы» жобасына белсене қатысқан бизнес өкілдерінің жеке-жеке атын атап, түсін түстеп айтты.
– Игі іске кеткен ақша – шығын емес. Біз қайырымдылық шараларына үзіліссіз қатысып келеміз. Қостанай қаласындағы 8 баланы жалғыз асырап отырған Жанат Шәкіроваға жақында ғана 3 бөлмелі жаңа пәтер сыйладық. Наурыз айында Таран ауданындағы 5 баласы бар Смирновтардың баспанасын жаңалап бердік, енді Қостанай ауданындағы 5 бала тәрбиелеп отырған Кимдер отбасына да үй салып береміз деген жоспарымыз бар, – дейді «БК-Строй» құрылыс компаниясының президенті Игорь Ким.
– Халқымызда «жақсылық еккен алғыс орады» деген даналық бар. Біздің кәсіпкерлеріміз бен бизнес-әріптестеріміз халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдауға және туған жердің түлеуі үшін қолға алынатын басқа да игі істерге белсене қатыса береді деп сенемін, – деді Архимед Бегежанұлы салтанатта.
Жомарттық та ең жақсы қасиеттердің бірі. «Меценаттар клубы» бұл жолы 40-қа жуық сыйлық тапсырып, ақжарма қуаныштарға куә болды. Салтанатты шараның соңы үлкен концертке ұласты.
ҚОСТАНАЙ