Руханият • 17 Сәуір, 2019

Мен «Егеменге» қалай келдім?

1336 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1990 жылы бүкіл Маңғыстау елін сүй­сінтіп тастаған үлкен оқиға Маңғыс­тау облысының қайта ашылуы болды. Облысты бұдан екі жыл бұрын тарат­­қандары қате болғанын жоғары жақта­­ғылардың өздері де сезінсе керек. Оның үстіне өткен жылғы, 1989 жылғы, Жаңа­өзен­дегі оқиға да облыстың қайта ашы­л­уы­­на үлкен ықпал еткен шығар. Мен енді Алматымен хабарласып, облыс қайта құрылды, енді маған өзімнің бұрын істе­ген әдеби кеңесшілігімді қайтара қойың­дар дегем жоқ.

Мен «Егеменге» қалай келдім?

Үй үйімен, күй күйімен, бірақ мен енді жұмыс істеуім керек қой. Ойым­да біртіндеп пісіп-жетіліп келе жатқан ішкі жоспар бар. Ол жоспар «Социалис­тік Қазақстан» газетіне Маңғыстау облы­сын­дағы меншікті тілшісі болу. Шерхан ағам мені бұрын редактор болып тұрған кезінде «Қазақ әдебиетіне» де, сонан кейін «Социалистік Қазақстанға»да бөлім мең­герушілігіне шақыр­ғаны есімде. Бірақ Ше­рағаңа мені жұмысқа алыңыз деп, өзім­ді өзім ұсынғаным қалай болар екен деп те қоям. Бірақ мені кім ұсына қояды деп те ойлаймын. Іштей арпалысып жүрдім де, қой болмас, өстіп жүргенде басқа біреу өтіп кетер, не болғанда да тәуе­кел етейін, бұл қылығыма Шерағаң рен­жіп жатса, ерсі қылығым үшін кешірім сұрармын, деп түйдім де Шерағаңа телефон соқтым. Хатшы қыз бірден қосты. Амандық-саулықтан кейін, «Шер-аға, сіз мені «Қазақ әдебиетіне» де, «Социалистік Қазақстанға» да шақырып едіңіз, бірақ үй жағдайын алға тартып бара алмап едім. Енд­і қате болса айып етпеңіз, өзім­ді өз­ім «Социалистік Қазақстанның» Маң­­ғыстау облысындағы мен­шікті тілші­­лігіне ұсынып отырмын» дедім. Тігі­сін жатқызып, өте биязы, сыпайы-ақ сөй­леймін деп отыр ем, сөзім осындай доғал­дау шықты. Шерағаң, бірақ «өзіңді өзің ұсын­ғаныңның ешқандай оқасы жоқ. Араға адам салғаннан гөрі осы дұрыс. Бірақ өзің білесің, бұл газет пар­тиялық газет. Қатардағы күн­делікті мақалаларды жазар­сың, бірақ пленум, сессия дегендер болады. Оларды жазудың әбден қалыптасқан стилі болады. Сол қиын ғой» деді. «Шер-аға, мен облыстық газет­те бөлім меңгерушісі болып жүргенде бас мақалалар жаз­ғам» дедім. «Ә-ә, онда сен келіп, бұйры­ғыңды алып кет» деді. Таңғалып, отыр­дым да қалдым. Сенер-сенбесімді білмей­мін. Өйткені бәрі дәл осылай қас пен көздің арасында шеші­ле қалады деп ойла­ғам жоқ. Ең болмаса, көрерміз, ақыл­дасармыз деген де, облыс­тық партия коми­тетінің пікірін білейік те деген жоқ. Келіп бұйрығыңды алып кет деді-ау. Қайтадан сұрауға ыңғайсыз. «Ой­пырмай, ең болмаса арызыңды жаз, өмір­бая­ныңды толтыр де­ген де жоқ» деп таң­ғалам. Сонымен ертеңіне шұғыл түрде ұшақ­қа билет алып, Алматыға ұшып кеттім. Бар­сам, Шерағаң іссапармен кетіп қа­лып­ты. Енді не істеймін деп аңтарылып тұр ем, қабылдау бөлмесіне Ержұман Смайыл кіріп келсін. Мені көріп, «Оу, Темір­­хан келдің бе, Шерағаң айтып кеткен, өткен бір күнді қойып өтінішіңді жаз да, мына қағазға өмірбаяныңды толтыр. Бұйрығың міне, мұны облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі мен хатшысына көрсетерсің. Олар әлдене деп жатса бізге хабарлас, облыс басшылары­мен Шерағаңның өзі сөйлеседі» деді. Ержұманда да көп сөз жоқ. Сонымен мен жарты сағаттың ішінде «Социалистік Қазақ­станның» Маңғыстаудағы меншікті тілшісі болып шыға келдім.

Біреу­лер қартайғанда журналист бо­л­ып жатырсың ба деп күлгендей де болды. Қайтейін, жұмыссыз қашанғы жүрем. Шы­ғып жатқан кітап та, шыға қалса оған тө­­лей­тін қаламақы да шамалы. Ал мен ақша­­ға, қашанғыдай сұмдық зәрумін. Жа­қында тағы қарызданып қалдым. Ауыл­­­ға барғанда! Оның үстіне мынадай дүр­лігіп, не болары белгісіз астаң-кестең боп жатқан заманда, үйде бұғып оты­ра беру де ұят қой. Менің сол астаң-кес­теңі шы­ғып жатқан дүниенің ішінде жү­руім керек.Тілшілікке барған тағы бір себебім, көкі­регімде тірлік хақында, өмір жайын­да, уақыт туралы айтатын көп нәрсе бар сияқты. Олардың кейбіреулері жай­шылықта айтылмай қала беретіндей. Ал тілшілік қызмет соларды айт деп мін­дет­тей­тіндей.

Сонымен менің өмірбаяным­ның тағы бір жаңа беті ашылды. Алдымен облыс басшылары­на бардым. Төменірек қыз­мет­­те отырғандары мені құп көр­­гендей болды да, бөлім мең­герушісінен бас­тап ірірек лауа­зым­дылары маған бұл қай­дан шыға келді дегендей состия-сос­­тия қарады. Әрине өзімді олар жақсы біле­ді. Білгенде де бұрын облыстық газеттің қатар­дағы қызмет деңгейінде немесе билік­тегілермен ешқандай қатысы жоқ, өз беті­мен жүрген Жазушылар одағының облыс­тағы өкілі, кеңесшісі деп қана біледі. Ал енді сондай адамның аяқ асты­нан республикадағы ең беделді газет – атынан ат ү­ркетін «Социалистік Қазақ­стан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі бола қалғанын қалай түсінуге болады?!. Ойбай-ау, ол газет басқасын былай қойғанда Қазақстан Коммунистік пар­тиясы Орталық комитетінің орга­ны ғой. Сонда қадірлі де жауапты орган­ға қатардағы біреуді алып келіп, қонжита салға­ны қалай? Мені олар дәл осылай қабыл­дады. Бірақ мен олардың қабағы­ның астымен қарағандарына ыға қойма­дым. Өйткені өзіме әбден сенімді едім.

Көп ұзамай «Социалистік Қазақстан» га­зе­­ті­нің ішкі бетіне мені өздерінің Маң­­­ғыс­тау облы­сындағы меншікті тіл­ші болып тағайындалғанымды айтып, «Об­ал мен сауап» деген кө­лемді ма­қа­лам­ды жария­лады. Ол мақаланың мән-мағынасын Маңғыстау байлығын өрес­кел, өк­тем күшпен игерілгенінің зардабы туралы дәлел-дәйектерімді келтіріп жазған­мын.

Естіп жаттым, ондағы ойларым баз ­бі­реу­лердің қиты­ғы­на тисе де, елге ұнаған сияқты. Тіпті ту-у Алматыдан атағы тау­­дай академик Зейнолла Қаб­долов телефон соғып, «Ал Темір­хан, айналайын «Социа­лис­тік Қазақстанға» меншікті тіл­ші бол­ғаның құтты болсын. Алғаш­қы мақалаңды демалыс үйінде жатқан біраз ағаларың, ішінде Әбіш те бар, оқып қатты қуанып қалдық. Нағыз бүгінгі заманның тілшісі болайын деп тұр екенсің. Бірақ ақындықты да ұмытып кетпе» деп алып, тағы да менің кө­ңілімді көтеретін қолпаш сөздер (оны басқа-басқа Зекең қатырады ғой) төпелеп, төгіп-төгіп жіберді. Мен кәдімгідей желпініп қалдым.

Тілші деген тек көлемді, іргелі мақа­­ла­­лар­ды ғана емес, күн­делікті өмір­де не болып жатқан үлкенді-кішілі оқиға­лар­­ды да, бүгін бар да ертең жоқ шағын хабар­­ларды да толас­сыз жіберіп отыру керек. Айналаңдағы тір­шілікпен біте қайна­сып кетпесең, жұмысың әп-сәтте көмес­кі­ле­ніп қалады. Өйткені «Социалистік Қазақ­станды» ел де, билік орындары да, ре­дакция боса болмасын қадағалап отыр. Солай бола тұра, ең алдымен елдің көкейінде жүрген мәселені көтерген жөн. Жұрт­тың тілегі мен өтінішін қалт жібер­мей құлақ түріп отырған да артық­тық етпейді. Бір күні Алматыдан Маң­ғыстаудан сай­лан­ған Парламент де­путаты Қай­ролла Ережепов телефон соқ­ты. «Темірхан, дінсіз қоғам кезін­дегі басшы­лардың Бекет атаға жасаған қысас­ты­ғын білесің ғой. Қазір заман өзгеріп келеді. Сол кісі туралы бір мақала жазсаң қай­те­ді. Мүмкін жарияланып қа­лар», деді. Мен бірден құп көрдім.

Қайролланың Бекет атаға жасаған қысас­тығын білесің ғой дегені тап рас. Біл­генде қа­лай? Ол кезде Бекет ата маза­ры тұрған тұтас Оғланды жері Ералиев ауданының аумағына кіретін. Бұдан біраз жыл бұрын сол аудан­ды Каза­ченко деген басқа­рып отырды да, Бекет атаның басына түнейтіндер, оған мінәжат ететіндер тіп­ті көбейіп бара жатыр деп, оның бас­ын­дағы жұрт­шы­лық түнейтін үйді бульдо­зермен сырып тастамақ болған ғой. Бірақ буль­дозер қайта-қайта бұзылып, ақы­рын­да жүргізуші әлденеден секем ап, қашып кетеді. Жартылай қираған үй қала­ды. Мұны естіген бүкіл Маңғыстау жұрт­шы­лығы қатты қапаланады. Менің ол кезде облыстық газетте істейтін кезім. Жұрт­­тың бәрі наразы болды. Бірақ қол­дан келер шара жоқ. Сондай бір кезде Алматыдан бір топ жазушылар келе қалды. Ішінде Фариза Оңғарсынова бар. Солардың келу құрметіне облыстық пар­тия комитетінің залында кездесу болды. Үлкендер, лауазымдылар сөйлеп болған­нан кейін сөз Фаризаға берілді. Ол шақ­тап қана сөйледі де, сөзін, «ал енді сіз­дер­ді Алла тағала, сонан кейін Бекет ата­ның аруағы қолдасын, әумин» деп сөзін аяқтады. Отырғандар шетінен қып-қызыл коммунистер. Залда бір сәтке өлі тыныш­тық орнады да, кенеттен бәрі бір мезетте дуыл­датып шапалақ соқты...

Ол оқиғаны, әрине, Қайролла да, мен де білем. Бекет ата туралы аңыздарды бір кісідей естігем.

Сонан кейін отыра қап «Жар бола гөр, Бекет ата» деген­ ма­қа­ла­ны шұғыл жаздым, ре­дак­цияға са­лып жібердім. Шап-шағын ма­қала. Лезде жарияланды. Ол ма­қа­ла, басқа жерді қайдам, Маң­ғыс­тауда үлкен резонанс тудырды.

«Жар бола гөр, Бекет ата» деп аталатын ол мақала «Маңғыстау жұртшылығы көңі­ліне медеу, жанына қайрат күткен тұс­тарда Алладан кейін алдымен осы сөз­дерді айтады. Алланы ауызға алып, ата-баба аруағына сыйыну үшін діндар болу тіпті де міндетті емес. Ол, біле білсек, бесіктен беліміз шықпастан-ақ қаны­мызға қасиетті бір ұғым боп дарып, сүйе­гі­мізге сіңіп кеткен көңілге медет, рухқа тірек берер сөздік ғұрып», деп басталып, әулиенің қасиетін көрсететін аңызбен жалғасады.

Маңғыстау жұртшылығына бұл мақа­ла­ның әсері едәуір болды. Кездескен жұрт алғысын үйіп-төгіп жатты. Телефон қоңы­рауы тіпті көп болды. Әрине жұрт­тың ағыл-тегіл алғысына мен өзім де марқайып өсіп қал­дым. Жұрттың көңі­лі­н­ен шыққанға не жетсін?!

Сол кезде газет бетіне шыққан «Радиа­ция» деген мақалам үкімет дең­гей­і­не дейін әңгіме болды. Маңғыстау жері де радиация зардабын тартып отырған жер ғой. Соған байланысты болса керек, осы тақырыпты қаузайтын Ақтауда шектеулі адамдар ғана қатысқан ғылыми конференция өтті. Мен республикалық газеттің тілші­сі болған соң ба, әйтеуір ішке кір­гіз­ді. Үш-төрт адам ғана баяндама жасады. Бір баяндама маған қатты әсер етті. Фактілері нақты. Дәлел-дәйектері де шымыр, бірден ондыққа тиеді. Конференция аяқталған бойда әлгі азаматқа барып, өзімді таныстырып, куәлігімді көрсетіп баяндамасының көшірмесін сұрадым. «Өзі­ңіз байқап отырған шығарсыз, бұл конференция жартылай құпия конференция. Жалпы сіз бұл жерге қалай кі­ріп жүрсіз. Тілшілер кірмеу керек еді ғой. Бізге үкіметтен баяндамаларыңды жа­­­рия етуге болмайды деп нұсқау бе­ріл­­ген. Мен сізге қалай берем» деді. «Сіз­дің сөзіңіз маған қатты ұнады. Өзіңіз біле­сіз, қазір заман өзгеріп жатыр, бірақ үкі­мет­тің өзгеруі қиын. Өйткені онда өткен заманның адамдары отыр. Ал сіздің айт­қан пікірлер мен фактілерді жұрт білуі керек қой. Бұл заман – жариялылық зама­ны емес пе?» деп жатырмын. Ол жігіт шама­лы ойланып тұрды да, «мә, алыңыз. Бірақ жұртқа менің қолымнан алдым деп айт­па­ң­ыз» деп баян­да­масын қолыма ұстатты. Оның тез көне қойғанына не итермеледі, білмедім. Әрине ол менің сөзіме илана қойды деп ойламаймын. Бәлкім, бұл әре­кет «ел алдындағы борышым» деген өзінің іш­кі иланымы болса керек.

Ол мақаламда Семей полигонынан басқа Қазақстан аумағында 20 жарылыс болыпты. Ол жарылыстардың бәрін өз­де­рінің кодтық атауларымен тізіп тұрып көрсеткем. Бұл мақаламды жазып бол­ған бойда, тіке Шерағаңның өзімен хабар­ласып, әлгі жігіттің аты-жөнін айту­ға болмайтынын айттым. Шерағаң мақа­лаң­ды жібер, алдымен көрейік деді. Мақа­ла қолдарына тиген бойда жарқ етіп шыға келді. Үкімет тарапынан құпия мәлі­мет­тер­ді неге жариялайсыңдар, оны қайдан алдыңдар деп редакцияны біраз қыспаққа алған көрінеді. Бірақ он­дай дөңайбатты көп көрген Шерағаң қың­бап­ты.

Ол жарылыстардың елге, жерге кел­тір­­ген зардаптары да нақты айтылған бола­тын. Шерағамның өзі қалқан боп тұрған­нан кейін маған ешкім ештеңе деген жоқ.

Сондай-ақ мен «Үш жүз ал­­­пыс екі әулие­лі Маңғыс­тау»,­ «Санадағы ұлттық рух», «Үс­тірт­тегі үрей», «Шыңырау­лар», «Ат қай­ғысын кім ашар»,­ тағы­ басқа да мақа­лаларыммен жұрт­шылыққа кеңінен таны­мал болдым.

Мен ылғи айтып жүрем, мені асы­ра­­ған өлең емес, мені асыра­ған журналистика деп. Журна­­листік жұмыс мені тек ма­те­ри­ал­дық жағынан ғана асырап қой­­ған жоқ, рухани да байыт­ты. Одан менің алғаным көп.

Бір сөзбен айтқанда «Егемен Қазақ­ст­ан» мен үшін үлкен мектеп болды. Бүгінгі таңда мерейтойын атап өтіп жатқан «Егемен Қазақстанға» айтар алғысым шек­сіз. Жасай бер, «Егемен!».

 

Темірхан МЕДЕТБЕК,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты