Қазақстан • 17 Сәуір, 2019

Арманы асыл азамат аневризманың алдын алмақ

1591 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әкеге қарап өспейтін ұл, шешеге қарап бой түземейтін қыз болмас, сірә. Қазақ ұясында көргені барды «көргенді» деп сүйсінеді. Бұл тұрғыдан біздің әңгімеге арқау болған жас дәрігер үлгі-өнегеден кенде емес.

Арманы  асыл азамат  аневризманың алдын алмақ

Еркін Медетовтің дәрі­гер­лік еңбек жолы 10 жылдан астам уақытты құрайды. Соған қара­мастан Ұлттық нейрохирургия орта­лығында 2018 жылдың қоры­тын­дысы бойынша «Жыл дәрі­­гері» атанды. Жапония, Ита­лия, Франция, Германия сын­­ды елдерде тәжіри­бе алмасып, өзі еңбек ететін орта­лықта алғашында 4 жыл рези­ден­тура­да оқыса, енді докторанту­ра­ны тәмамдағалы отыр. Орта­лықтың тамырлы және функ­ционалды нейрохирургия бөлім­шесінің маңдайал­ды білікті маманы. – Әкем эпидемио­лог дәрігер болғандықтан, сол жолмен мамандығымды таңда­дым. Бірақ бағытым, көріп отыр­ға­­ныңыздай нейрохирургия мұ­хи­ты­ның тереңіне бойлап, осы ар­қылы пациенттеріме көмек­тессем дедім, – деген жас дәрі­гер мамандығын терең игеруде жол көрсеткен ұстаздары Серік Ақшолақов пен Талғат Пазыл­бе­ковке деген ілтипатын да жет­кізді.

Әдетте дәрігерлер қауы­мы ана тілі­мізге келгенде тапы­рақ­тап, саржелісінен жаңы­лып қала береді. Мұны қажетті әдебиет­тердің орыс тілінде болған­ды­ғы­мен түсіндіреді. Ал Еркін Жұмағұлұлының қа­зақшасы кәсіби медицина тақырыбында да су төгілмес жорғадай қамшы салдырмайды екен.

– Біздің қазіргі жұмысымыз әлемде санаулы мемлекеттерде Жапония, Финляндия, Гол­ландияда ғана басталған зерт­теу­дің жаңа түріне бағытталып отыр. Бұл аневризмаларға гене­ти­калық тұрғыдан бейімділікті анық­тау. Жалпы аневризма деге­німіз – тамыр қабырғасында қап­шық тәрізді кеңіген жердің пайда болуы. Дүниежүзілік статистика деректеріне қарағанда, бұл барлық адамға тән емес, тек 2-3 пайызында кездеседі. Осылайша есептегенде елімізде 500 мыңға жуық адамда аневризма бар, бірақ оны адамдар білмейді. Біздің мақсатымыз – осы аневризмадан отандастарымызды құтқарып, инсультке жеткізбеу. Шын мәнінде, бұл өте маңызды мақсат. Көздеген нәтижемізге жетсек деген арманымыз бар. Егер аневризманы анықтап, кеңіген жерлерді кіші инвазивті тәсілмен немесе кәдімгі операция жасау арқы­лы инсультке жеткізбей отап отыр­сақ, пациенттерге пайда­мыз тиіп, мемлекетіміздің өркен­деуіне үлес қосамыз. Бұл – қосымша қаражат үнем­деу, адамдардың еңбекке қабілет­­тілі­гін жоғалтпауына үлес қо­су, өмірлерінің ұзаруы деген сөз. Қазір инсультке на­ғыз еңбек етер жастағы тепсе темір үзетін адамдар шалдығып жатыр. Кеше ғана ойнақтап жүрген жан, бір сәтте орнынан қозға­ла алмай, кіріптарлыққа ұшырайды, одан құлантаза жазы­лып, сыр­қа­­ты ізсіз кете­тін жайт аздау. Зерттеулер арқы­лы қазақ популя­циясында қанша­лық­ты ми-қан айналымы аневриз­мала­рының генетикалық тұрғы­дан тұқым қуалаушылығы бар­лы­­ғын анықтауды мақсат ет­тік. Біраз нәтижелерге қол жеткі­­зіп отырмыз. Мәселен, кәсі­­би тілде бір нуклеотидті поли­­мор­физмдер деген бар. Біз оның бейімдеушілігін анықтап, қан қысымы, аневризмалардың орна­­ласқан жері, көлемі, па­ци­ент­­тің жас мөлшері сынды маңызды өлшемдерді саралау, зерттеу арқылы науқас­тар­дан қазақтарға тән 13 поли­мор­­физмді жіктеп алдық, – дейді ол. Бұл инсульттің алдын алудың бірден-бір жолы. Дәрігердің айтуынша, қазір бұл зерттеуді жаппай қолдану мүмкін емес. Өйткені генетикалық анализ жасаудың құны жоғары. Бірақ ғылым даму үстінде. Келешекте анализдерді тапсырып, зерттеуден өту тіпті де қымбатқа түс­­­пеуі мүмкін. Скрининг ар­қы­­лы аневризмаға ұшырауы ықтимал пациентті анықтауға қол жететініне сенімді Еркін Жұмағұлұлы келешекте бұл зерт­теулердің инсульттің алдын алуға жол ашатынын айтады.

Е.Медетов осындай іргелі із­де­­ністермен бірге былтыр 130-дан астам операция жасап, ара­­сында аймақтардан келген мамандарға дәріс беруге де уа­қыт табатын, тәуліктің әр сәтін пай­далы өткізгісі келетін жан. «Бірде облыста аяғы ауыр келін­шектің инсульт алғаны тура­лы хабар жетті. Ал бір жа­рыл­­ған аневризма сонымен тоқ­­­тап қалмай қайта жарыл­уы да мүм­кін. Мұндай кезде комаға түсіп кететіндіктен адам­ның тірі қалуы екіталай. Сон­­дық­тан әйелге операция жа­­садық. Ана мен бала орта­лы­ғынан гине­колог­тарды ша­қыр­­­дық. Өйт­кені ота барысын­да түрлі жағ­дай болуы мүмкін. Олар опе­­ра­ция кезінде келіншектің құр­­са­ғындағы баласына және жүк­ті­лі­гіне кері әсер болма­уын қада­ға­лап тұрды. Осындай кешен­ді шараның нәтижесінде анасы да, баласы да дін аман қалды. Отбасы да, дәрігерлер де қуа­ныш­қа бөленді. Біздің орта­лық­та жағдайы дұрысталып, үйіне орал­ған келіншек толғағы жеткен­де табиғи жолмен босанды»,  деді Еркін Жұмағұлұлы.

– Дәрігер үшін әрбір паци­ент­­­­­тің «Рахмет сізге, дәрі­­гер!» деген сөзін естуден ар­тық қуаныш жоқ. Сондай сәт­те кө­ңіл күйім ерек­ше тол­қи­ды, тіпті пациенттен де, оның жа­қын­­­дарынан да артық қуа­на­мын. Олар да шексіз алғы­сын білдіріп, құшақтап, сүйіп, бата­сын береді», – дейді ол.