Қазақстан • 17 Сәуір, 2019

Транскаспий бағытында фидерлік жүйе іске қосылды

1107 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтау халықаралық порты еліміздің теңіз қақпасы ретінде нығайып, жаңа жетістіктермен толығып келеді. Порт арқылы жүк тасымалдау көлемінің артуымен бірге, көрсетілетін қызметтің заманауи жан-жақтылығы, ұтымдылығы мен ұтқырлығы басты назарда. Өйткені, Қазақстан үшін жалғыз теңіз қақпасы саналатын аталған порттың қуаты – елдің экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі.

Транскаспий бағытында фидерлік жүйе іске қосылды

Кеше ғана портта тағы бір жаңалық­тың тұсауы кесілді. Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту үшін тиімді инфрақұрылым салуды және экономикалық нығаюын қамтамасыз етуді басты мақсат еткен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК және «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның бірлесуімен Транскаспий бағытындағы тұрақты фидерлік жүйе іске қосылды. Теңіз операторы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚ компаниясы болып табылады.

Фидерлік тасымал арқылы Қытай­дан Еуропаға контейнерлермен та­сы­мал­данатын транзиттік тауар­лар қазақ­стандық экспорттық жүкпен қатар жедел­детілген режімде жөнелті­летін болады. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия теміржолшылары Ляньюньганнан Ыстамбулға баратын контейнерлік пойыздар құрамының транзиттік тасымалын жеделдетуге қол жеткізбек. Яғни Ақтау теңіз порты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құр­ғақ порты, Алтынкөл шекара­лық стансасы логистикалық инфра­құрылымын  белсенді пайдалану Қазақ­стан аумағы арқылы транзиттік тасымал тиімділігін қамтамасыз етеді.

Апта сайын тұрақты қаты­нап тұ­ра­тын фидерлік кемелер Кас­пий ай­мағында жүктерді контейнерлендіруді одан әрі дамыту және Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағынының артуына ықпал етеді. Фи­дерлік тасымал кезінде екі толық құ­­рам­ды контейнерлік пойыздың жү­гін бір кемеге тиеуді қамтамасыз ете­ді. Яғни, жиырма футтық  225  контейнер сыятын кемелер пайдаланылады.

Шара аясында Ақтаудан Баку портына алғашқы  «Түркістан» фидерлік кемесі жөнелтілді. «Қазақстан темір жолы» ҰК қызметкерлерінің айтуын­ша, алдағы уақытта фидерлік жүйе арқы­­лы көрсетілетін қызметтің ауқы­мын кеңейтіп, кемелер  санын арттыру және аптасына бірнеше рет қатынауды қалып­тастыру қолға алынбақ.

Салтанатты шараға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы С.Мың­баев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, көліктік-логистикалық компания басшылары мен жүк жөнелтушілер, сондай-ақ транс­каспийлік бағыттағы сервисті пайдаланушылар қатысты.

– Бүгін еліміз үшін тарихи оқиға – Қазақстанда тұңғыш рет Ақтау мен Баку арасындағы фидерлік желі іске қосылды.  «Самұрық-Қазына» қорының активтерін синергиялау және Каспий теңізіндегі фидерлік контейнерлік қызметті іске қосу осы бағытты және жалпы аймақты  дамыту үшін барынша мультипликативті әсер алуға мүмкіндік береді, – деді салтанатты шарада А.Есімов.

Қазіргі таңда Ақтау портын жаң­ғырту жемісті жүзеге асырылуда. Фидерлік қатынастың жолға қойылуы Қазақстанның тасымалдау әлеуетін арттырумен қатар, Маңғыстау өңірінің әлеу­меттік-экономикалық дамуына өз үле­сін қосатын  болады. Фидерлік кеме қатынасы жүйесімен Ақтау порты ар­қылы тасымалданатын жүк көлемі 2019 жылы өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға, 2020 жылы 22 %-ға өспек.  Ал жал­п­ы кіріс көлемі 2019 жылы 13%-ға, 2020 жылы 40 %-ға дейін жетеді деп шамаланады. Сондай-ақ фидерлік кеме қатынасының ашылуы Ақтау порты арқылы жүктелетін жүк көлемін 50%-ға

дейін көбейтуге және «Ақтау теңіз-сауда порты» АЭА-да контейнерлер жөндеумен айналысатын логистикалық хаб құру үшін шетелдік инвесторларды қызықтыруға, жаңа сервистік қызмет көрсету орындарын құруға жол ашады.

– Каспий еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруда стратегиялық рөл атқарады. Теңіздегі портты тиімді пайдалану, су жолы арқылы тасымалдауды тиімді жоспарлау – фидерлік кеме қатынасы арқылы контейнерлік пойыздардың жылдамдығын қадаға­лауды қамтамасыз етуге, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдарының артуына және Каспий аймағында жүк контейнерлерін одан әрі дамытуға қол жеткізуге мүм­кіндік береді. Өйткені транс­каспий­лік бағыт аймақтағы еуразиялық көлік­тік артерияның маңызды тізбегі саналады. Түркиядан, Грузиядан,  Әзер­бай­жаннан және керісінше Қытай бағы­тына жүк ағынын тарту үшін біз бұл бағытты бәсекеге қабілетті ететін коэфициентті төмендетіп белгіледік, – деген «Қазақ­стан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы С.Мыңбаев, Ақтау теңіз порты­ның әлеуеті мен фидерлік жүйе­нің тиімділігіне тоқталды. С.Мың­баевтың айтуынша, паромдық жүйе де өз маңызын жоймайды, бірақ уақыттан ұтылмай, жоғары қарқынға қол жеткізу – басты мақсат. 

Шара соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы С.Мың­баев пен  «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасы А.Айдарбаев қос ком­пания арасында құрғақ жүктерді тасы­малдаудың бас келісіміне қол қойды.

 

Маңғыстау облысы