Қазақстан • 17 Сәуір, 2019

Дер кезінде қабылданған шешім

1120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Мұны өте дұрыс шешім деп ойлаймын.

Дер кезінде қабылданған шешім

Түп-тамыры тарихтың алтын қойнауынан бастау алған Қазақстанды алда одан да үлкен істер күтіп тұр. Әлемнің дамыған озық отыз елінің қатарына кіру үшін бар күш-жігерімізді салып еңбек етудеміз. Бұл үшін ғасыр шежіресін жалғап, алдағы бес жылда еліміздің саяси-эко­номикалық бағытын жүр­гізетін көшбасшымызды айқын­дап алуымыз қажет. Өйткені Қазақстанға бүгінгі таңда ең бастысы саяси-эконо­микалық тұрақтылық пен қоғамдық бейбітшілік керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған Қазақ­станның ұзақ мерзімді даму стратегиясы табысты жүзеге асары анық. Келешекте де Тұңғыш Пре­зи­­дентіміздің салған сара жолы мен сарабдал саясаты жалға­сын табады деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда қоғамды алаң­да­тып отырған мәселелер өте көп. Әрине жақын болашақ­та олар өз шешімін таппақ. Қазақ­стан егемен ел атанған күннен-ақ тізгіні дана саясат­шының қолында болып, бүгінде қуатты елдің көрінісіне айналды. Азат­тық­тың алғашқы күнінен есеп­теген­де бүгінге дейін еліміз­де тың өзгерістер орын алды. Дағдарыстың тар қыс­пағын­да талай елдің сағы сын­ған кезеңдерде де бай, қуат­ты мемлекетімізде жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қам­­тыл­ған адамдарға көр­сеті­летін жәрдем, зейнетақы мен шәкірт­ақыны ұдайы өсі­ріп отырды.

Бүгінде еліміз аса маңыз­­ды тарихи кезеңді бастан өт­керу­де. Алты құрлық таныған Қазақ­станның болашақ тағды­ры әлем елдерінің де назарынан тыс қалмаған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде «Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы президенттік сайлау осыған дәлел болуы керек. Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеумет­тік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақ­тас­тық пен тұрақтылықты сақ­тап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Мұндай шешім тек халық­тың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет», деген болатын. Сондықтан да бәріміз аталған сайлауға бір кісідей атсалысуымыз, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Мемелекет басшысын таңдауымыз қажет.

 

Фахриддин ҚАРАТАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты